Артық салмағынан арылғысы келген бір бойжеткен жарнамасы қаланың барлық жеріне ілінген «Семіздікпен үш күнде қош айтысасың» деген орталыққа келеді. Есіктен кірісімен-ақ семіздіктен арылу орталығы қызметкерлері оған қызмет түрлерінің бәрін түсіндіріп, асты-үстіне түсіп бәйек болады. Олардың айтуынша қызмет өтеудің үш түрі бар екен. Біріншісінің бағасы 5000 теңге, екіншісінің бағасы 10 000 теңге, үшіншісінің бағасы 20 000 теңге тұрады екен. Бірінші қызмет түрін таңдағанда күніне екі келі арықтауға болады, екіншісін таңдағанда 5 келі, үшіншісін таңдағанда 10 келі арықтауға болады екен.
Тал-бойындағы артық салмақ басының қайғысына айналған қыз ойланып жатпай-ақ, сынап көруге қызмет көрсетудің ең арзан түрін таңдады. Қызметкер оны ертіп әкеліп бір бөлменің ішіне кіргізіп жібереді. Бөлменің қабырғаларынан бастап, едені мен төбесі де әппақ екен. Ішінде азаматың қайсы десе мынау дерлік келбеті бар, сұңғақ бойлы бір жігіт отыр екен. Кеудесінде: «Мені ұстап алсаң, саған тәуелдімін!» деген жазу бар екен. Бойжеткен ұялыңқырап сәл үнсіз отырды, бірақ, жігіттің келісті келбеті мен өзінің бұл жерге не үшін келгені есіне түсіп, белді бекем буды да, әлгі жігітті ұстауға қарманды. Нәтижесінде, бір күн арпалысса да, әлгі жігітті ұстай алмады. Есіктен шыға бере салмақ тартып жіберіп еді, шынымен де екі келі салмақ тастаған екен. Сол күні түнде әлгі жігіттің түр-сипаты оның есінен шықпай қойды. Екінші күні тағы келді. Бұл күні ол он мың теңгелік қызмет өтеу түрін таңдады. Қызметкерлері оны кешегіден сәл кеңдеу тағы бір бөлмеге ертіп кіргізді. Оның ішінде дәл кешегі жігітпен қоса, сайдың тасындай болып тағы бір жігіт отыр екен. Әр екеуінің кеудесінде: «Ұстап алсаң, мен сендікпін!» деген жазу бар. Ол ойланып тұрмастан жұмысына кірісіп кетті. Бір күндік уақыты да бітті. Әбден діңкелеген бойжеткен қара сүмек тер болды. Жігіттер ұстатқан жоқ. Есіктен шыға бере өзінің бес келі салмағын жоғалтқанын білді.
Үшінші күні қыз іштей: «Бес мыңға бір келісті жігіт, он мыңға екі сері кездесті, енді жиырма мыңға бұдан да керемет тосын дүние жолығар» деп ойлады да, әлгі орталыққа тағы ат басын тіреді.
Қалай болған күнде де бір оқпен екі қоян ату жоспары да жоқ емес еді. Ақысы төленді. Қызметкерлер оның киімін шешіп тастауын сұрады. Сосын үлкен бір бөлменің есігін ашып, оны итеріп кіргізіп жіберді. Оның көзі шарасынан шыға жаздады. Қанша айғайлап, жан ұшыра есік қақса да, оны елеген адам болған жоқ. Бөлмеде үлкен еркек горилла отыр еді. Оның кеудесіне: «Ұстап алсам, сен менікі боласың!» деген парақша бар еді. Ол қорыққанынан құйын-перен қаша берді. Қашып жүріп бір күн уақыттың қалай өткенін де білмей қалды. Горилла оны ұстай алмады. Ол бірден он екі келі салмақ тастаған еді.
P.S
Адам өміріндегі қиындықтардан қашу жолындағы қозғалтқыш күш бақыт іздеп, тамаша өмір сүруге талпынған қозғалту күшінен үлкен болады екен. Өміріңізге серпін берер қозғалту күші жетпесе, онда сізде жеткілікті қиыншылықтың болмағаны деп есептеуге болады.
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: fitness.pclady.com.cn