Болашақ жарыңызды қайдан іздейсіз?

Бүгін біз сіздермен еркін түрде болашақ жарды қай ортадан іздеуге болатындығы жөнінде әңгіме-дүкен құрмақпыз. Ойыңызды ортаға сала отырыңыз!

Түнгі клубтан ба?


Махаббат құру - 12%

Отбасын құру - 2%

Биік көшелі туфли, қысқа белдемше, жалаңаш бел, көз қыздыратын кеудеше... Бұл қысы-жазы өзгермейтін түнгі клубтағы нәзік жандылардың «қатаң» формасы. Түнгі клубқа жігіттер, әдетте, жар іздеп бармайды. Әрине, қыздар да. Түнгі клубқа қым-қуыт тіршіліктен баз кешіп жүрген адамдар өзінше тыныштық іздеп барады. Тыныштықты шудан іздеген шұбырған қазақ шұбарланған клубқа тектен-текке құмар емес. Онда танысу да, жабысу да оңай. Бәрі жеңіл... Бір уақыт қана көңіл көтеріп, ертесіне бір-біріне телефон соғып, таныстықты ары қарай жалғастырмайды. Өйткені көбінің түнгі клубтан іздегені махаббат емес. Ондағы оқиғалар бірден басталып кетеді де, бірден аяқтала қалады. Сондықтан түнгі клубта танысқан жұптардан сәтті неке шықпайды.

Өзгенің үйлену тойынан ба?


Махаббат құру - 30%

Отбасын құру - 40%

Үйлену тойдағы таныстықтың түнгі клубтағы таныстықпен салыстырғанда салмағы ауырлау келеді. Ары қарай классикалық қағидамен жылжи бермек: жігіт алдымен өзі телефон соғуы керек, сезімін бірінші өзі білдіру керек, болашақ өмір мен бала-шаға туралы армандарын айтып, үйленуге ұсыныс жасауы керек...

Негізі, той болашақ жарды табуға ыңғайлы орындардың бірі саналады. Тіпті үйленуге сәті түспей жүрген сүр бойдақтар мен қыз таңдап жүрген кербез бойдақтар да досының үйлену тойындағы бақытты сәтін көріп, неге маған да үйленбеске деп ойлап қалады. Жар таңдап, жалғызсырап жүрген қыздар да қалыңдықтың аппақ көйлек киіп бақыт құшағында тұрған көрінісіне іштей сүйсінеді. Мұндай арман өзінің некелесуіне де алып келуі ғажап емес.  

Пойыздан ба, ұшақтан ба?


Махаббат құру - 50%

Отбасын құру - 15%

Алыс жолға пойызбен, автобуспен не ұшақпен шыққандағы танысудан басталған махаббат оқиғасы кезінде түрлі-түрлі ешкімге беті ашылмаған сырлар мен ашық әңгімелер кетеді. Сіздің жұртқа айтып қажытқан әңгімеңізді жаңадан естіп отырған адам ұйып тыңдауы мүмкін. Бірақ сіздер ертең не екі күннен соң қоштасу керектігін білесіздер. Жолдағы таныстық адамдардың ішкі сырын айтып жеңілдеуі үшін таптырмайтын әдіс. Бірақ басқа кезге қарағанда, жолда туындайтын махаббат тез өршіп кетеді. Бірақ жалғасы қалай болмақ? Бәрінің бас ауыртатын мәселесі - осы! Иә, бәлкім, тағы кездесеміз деп қоштасуларыңыз мүмкін. Бірақ қарбалас тіршілік екі бөлінген жұптарды қайта жолықтырмауы да бек мүмкін. Кім біледі? Мүмкін сіздер жолда тұтанған махаббатпен өмір жолында да ғұмыр бойы қол ұстасып өтерсіздер!..

Достардың бас қосу кешінен бе?


Махаббат құру - 60%

Отбасын құру - 50%

 - Перизат, Айдар! – осымен таныстыру шегіне жетеді. Сосын сізді туған күнді не отырысты ұйымдастырушылар «қыз-жігіт болып отыру керек» деген «қатаң қағиданы» бұзғысы келмей, әлдебіреудің жанына отырғызып қояды. Бәрі қалжыңмен басталады. Содан кейін қыз-жігіттер жанындағысымен таныса бастайды. Одан кейін жігіттер бір-бір қызды белінен қысып алып, биге шығады. Егер бір жігіт қыздың жанынан шыр айналып кете алмай қалса, бірден ғашық екен деп ойлай салуға болмайды. Егер салмақты отырыста болсаңыз, ол да мүмкін. Айтпақшы, осындайда біздің қамқор достарымыз көмекке келмей ме?.. «Жақсы қыз ғой, ұстап ал!» деп жолдасын бір шымшып алып, қызға айдап салады. Бірақ достарының туған күндерінде танысып махаббат құрып, бүгіндері отбасы болып ұйып отырған жұптар жоқ емес.

Көшеден бе?


Махаббат құру - 45%

Отбасын құру - 25%

Мен көшеде таныспаймын! – деген жауап көшедегі таныстықтың «алғы сөзі». Қыз өзін әдепті етіп ұстағысы келіп осылай дейді. Шынында көшедегі кез келген көлденең көздімен сұхбат құра бермейтін арулар жоқ емес. Ары қарайғы жағдай тек батыл, әрі епті жігіттің өзіне байланысты. Көшедегі таныстықтың отбасын құруға тұрмақ, махаббат құруға да ұласуы тым қиынға соғады. Біріншіден, сіздер бір-біріңізді мүлде танмымайтын жан-жақтың адамдарысыздар. Екіншіден, бір-біріңізге тек сыртқы қылықтарыңызға қарай ғана баға бересіздер. Оның үстіне көшедегі серіміз бірден қыздың дене бітімін көзбен тінтіп шығады емес пе? Мұндай таныстық кезінде әдемі әңгіменің ұшы да шықпауы да әбден мүмкін. Бірақ қаншама қиындыққа қарамай, төзе білген жандарды ниеті таза неке күтіп тұр.

Танысу бұрыштарынан ба?


Махаббат құру - 50%

Отбасын құру - 20%

- Мен танысу бұрышы арқылы махаббат жоқ деген өз көзқарасыма өзім қарсы шықтым, - деп жатады кейбіреу. Егер сіз танысу сайттары арқылы жұбыңызды табуға шын сенсеңіз, сіз оған жолығасыз. Бірақ мұндай таныстықтың бәрі де отбасын құруға дейін жете бермейді. Алғашында қызық болуы мүкін. Көптен бері көңілі құлазып, жалғызсырап жүрген жандар бір-біріне ыстық сөздер айтып бақыт құшағында жүреді. Әйткенмен олар бір-бірін жақын таныған сайын суына бастайды. Мұндай оқиғалар көбіне тек махаббат құрумен ғана аяқталмайды. Танысу сайттарында өздерінің құнының жоғары екендігін білдіріп анкетаның көп пайызын өтірікке толтырып қояды. Кейін уақыт өткенде сурет те, сөз де, мінез де бетпердесін шешеді. Бірақ мұндай таныстық арқылы отбасын құрып отырған жұптар да бар. Өйткені бес саусақ бірдей емес.

Жұмыстан ба?


Махаббат құру - 70%

Отбасын құру - 12%

Ол сенің бастығың не әріптесің делік. Оған көңілің ауып жүрсе де, бұл сезімнен лирикалық оқиға жасап шығу да оңайға түспесі анық. Бұл үшін кейбірі әріптестер ғана бас қосатын отырысты күтеді. Өйткені бейресми жиылыста оған сәл болса да жақындауға сәт түсуі мүмкін. Егер бәрі сәтті басталып жатса нұр үстіне нұр, әрине. Әйткенмен бір компанияда жұмыс атқаратын екі жұп отбасын құруға келгенде сәл ақсақтап қалады. Өйткені әйел адам оған тұрмысқа шықса, мәртебесі жоғарылап келе жатқан жұмысына айрылып қалуы әбден мүмкін. Жұмыстан кетпегеннің өзінде, тұрмыс құрған соң басқа да мәселелермен бас қатып карьеаралық сатысынан төмендеп кетемін деп қорқады. Жігіттер де өзімен бірге жұмыс жасайтын аруға үйленгенді аса қалай бермейді. Сондықтан көп жағдайда кеңседегі таныстық тек махаббатқа ғана ұласып, сонымен ғана оты сөнбек. Бірақ бірге жұмыс жасайтын ғашықтар бір жерде жүріп бір-бірін жақсы тани бастайды. Әйткенмен егер жұмыстан басталған махаббат отбасын құруға дейін жалғасып жатса, олардан өнегелі отбасы шығуы керек.

Мұражай мен театрдан ба?


Махаббат құру - 20%

Отбасын құру - 45%

Танымдық және зияткерлік орындардағы таныстық отбасын құруға жақын. Ғылыми конференция мен көрмеде, театрда жарасып қалған жұптарда қашан да ортақ тақырып табыла кетеді. Олар өздері көріп отырған спектакль жайлы пікірлерімен не көрмедегі туынды туралы көзқарастарын айтып-ақ танысып кетеді. Тіпті көбі өздерін қызықтыратын тақырыптарын талқылап, сөз таластырып болған соң да есімдерін сұрап танысып жатады. Мұндай орта көпке ұнай бермейді. Бірақ көрмені не театрды жақсы көретін жігіттер ұнататын ортасы бір қыздардың көңілінен тез шығады. Сондықтан көбіне мәдени ортада танысқан жұптар сәтті неке құруға дейінгі кезеңге жете алады.

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет: photo.99px.ru, soundpla.net, degunradzis.lv, mail.ru