Жер бетінде жүрегіміздің жартысы секілді біз үшін арнайы жаралған жан бар дегенге көбіміз сенетін шығармыз. Ал сол адаммен қалай жолығамыз? Өзіміз іздегеніміз жөн бе, әлде бізді тағдыр жолықтыра ма? Ал жолығып тұрып, танымай қалсақ, не болады? «Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді» деген ұлы сөзге сенім артып қол қусырып отыра бергеніміз дұрыс па? Осы сұрақтарға жауапты бірге іздейік.
Кездесу
1. Интернет кездесулерді байқап көріңіз. ХХІ ғасырдың адамдары тұрса да, ұйықтаса да интернетпен бірге жүреді. Әсіресе, жастар. Ең бастысы танысып отырған адамыңыз туралы мәліметтің дұрыс болуына назар аударыңыз. Алаяқтар да жоқ емес.
2. Оның қай саладан болғанын қаласаңыз, сол жерден іздеңіз. Қандай жағдай болмасын, өзіңіздің сүйіктіңізді табатыныңызға сеніңіз.
- Достарыңыздан сұрастырып көріңіз. Мүмкін сізге лайық адамды олар танитын шығар. Қыз баласы болсаңыз, ұстамдылық танытыңыз. Достарыңызға сенім артыңыз. Олар біздің мінезімізді өзімізге қарағанда жақсы біледі. Және қандай жанның лайық екенін дәл тауып бере алады.
- Тіпті танысқан адамыңыз ұнамай қалса да, онымен дос болып қалуға тырысыңыз;
- Бастаңғылар мен мерекелік кештерден қалмаңыз. Жұмыс бабымен болатын іс сапарлардан да бас тартпаңыз. Көпшіліктің ортасында жүрген сайын болашақ жарыңызды кездестіруге деген мүмкіндігіңіз де арта түседі;
- Әлеуметтік желіде өзіңізді жақсылап жарнамалаңыз. Мәліметтер қызықты, әрі құпияға толы болсын. Өзіңіз туралы тек шынайы мәліметтер беруге тырысыңыз. Себебі, шындықтың барлығы көп кешікпей сыртқа шығады;
- Адамдармен достасыңыз. Қызықты хаттар жазып жіберіңіз. Мысалы: "Мен интернет желісінен сіздің мақалаңызды оқыдым. Әдебиетке деген ерекше қызығушылығыңызды байқадым. Өзіңіз өлең жазасыз ба?" Бұл «Сәлем, қалайсың?» деген жаттанды сөздерге қарағанда әлдеқайда жақсы;
- Танымайтын адаммен көпшіліктің ортасында кездескен дұрыс. Бұл қауіпсіздігіңізді де қамтамасыз етеді.
Және алғашқы кездесу қысқа болуы тиіс. Бір сағаттан соң келесі кездесудің уақытын анықтап, қызып келе жатқан әңгіменің жалғасын сол кезге қалдырыңыздар.
3. Қателіктерді қайталамаңыз. Кездесу – оңай шаруа емес. Болашақ жарыңызды бір емес, бірнеше жыл бойы іздеуіңіз мүмкін. Сол себепті, әр қателіктен сабақ алып үйренген жөн.
- Қажетсіз сезімдердің шырмауына түспеңіз. Болашағы жоқ сезімдер қажытып, сүйіктіңізді табамын деген сеніміңізді сөндіріп жіберуі мүмкін. Жігітіңіздің немесе қызыңыздың өзіңізге лайық еместігін білген кезде ара қатынастарыңызды бірден үзуге тырысыңыз. Сезіміңізді қадірлей біліңіз. Адамды өзгертемін деп бос әуреленбеңіз.
- Бірнеше рет ажырасқан адамыңызға қайта бармаңыз. Психолог мамандар бұрын-соңды білетін адамдарымызға қайтып оралуымызды: «Біз ол адамдарды 5 саусағымыздай жақсы білеміз. Барлығын қайтадан бастаудың қажеттілігі тумайды. Бір қызығы, жаңа бейтаныс адамға қарағанда, бұрын бізді ренжіткен адамның жанында өзімізді жайлы сезінеміз», - деп түсіндіреді. Ол адамдармен ажырасуымыздың бір себебі бар ғой? Шегі жоқ шеңберден шығып, жаңа адамдарды жолықтырайық.
- Адамдарды сол қалпында қабылдайық. Оларды қиялымызда жасап алған ханзада немесе ханшайымдармен теңестірудің қажеті жоқ. Ханзада мен ханшайым тек ертегінің кейіпкерлері ғана. Сүйіктімізден шамадан тыс жетістіктер күтеміз деп, ара-қатынасымызды бүлдіріп алуымыз мүмкін. Сүйгендеріміздің кім екеніне қарамастан, ең бірінші жеке тұлға екенін ескеруіміз қажет.
4. Дағдыланыңыз. Біздің шаттық сыйлайтын адамдардың жанында жүргіміз келетіні айдан анық. Әдетте мұндай жандар қызықты, ақылды, сезімге берік келеді. Оған ұнау үшін интеллектуалдық деңгейімізді жоғарылатуымыз керек.
- Өзіңіз қызығатын саланы меңгеріңіз. Мүмкін психологияны ұнататын шығарсыз? Мүмкін сәнге немесе көліктерге қызығатын шығарсыз? Сыншы немесе маман болудың қажеті жоқ. Бастысы әңгімені қызықты етіп өткізе білсеңіз болғаны;
- Саяхаттаңыз. Бірден Америкаға сапар шегіп кетпеңіз. Ең алдымен Қазақстанның ішіндегі әсем қалаларды аралап көріңіз. Қала тұрғындарының өмірімен танысыңыз. Ол жерден болашақ жарыңызды жолықтырып қалуыңыз әбден мүмкін. Әсіресе, Астана қаласы – жастар мен ғашықтардың мекені;
- Мәселелерді талқылауға араласыңыз. Қай жерде болмасын көпшіліктің алдында сөйлеп, жылдам шешім қабылдай біліңіз. Кез келген адамның көзқарасын сыйлаңыз. Сіздің мақсатыңыз сөз таластыру емес, өзіңізде бар ақпаратпен бөлісу.
5. Сымбатыңызға мән беріңіз. Әрине, сән мен сымбатты ақыл, интеллектілік қабілетпен қатар қоя алмаймыз. Алайда сымбат өзгенің сізге ғашық болуына жағдай жасайды.
- Арнайы фитнес-клубқа жазылыңыз. Күніне жоқ дегенде 20 минут жаттығыңыз;
- Қандай тамақ жейтініңізге де мән беріңіз. Ішкен тамағымыздың сыртқы келбетімізге әсері бар. Сондықтан да көкіністер мен жеміс-жидектердің санын көбейткеніміз абзал. Ал артық салмақтан арылу үшін диетолог мамандарға жолығуға болады;
- Киім кию мәнеріңізді де қадағалаңыз. Кейбір адам сыртқы келбетті ретке келтіру адамның уақытын босқа кетіреді деп ойлайды. Сіз үшін маңызды болмаса да, сүйіктіңіз үшін қажет. Сол себепті үнемі жуынып, таза әрі жарасымды киімдер киіңіз.
6. Өзіңіздің тұлға екеніңізді білдіріңіз. Өмірде жасаған таңдау үшін ешкімнен кешірім сұрамаңыз.
- Сіз кімсіз? Осы сұраққа жауап іздеңіз. Кейбіреуі бұл сұраққа өмір бойы жауап іздеп өтеді. Өмір атты теңізде қайығыңызды қай бағытқа бұратыныңызды анықтаңыз.
- Өзіңіз шын мәнінде қалаған іспен ғана айналысыңыз. Велосипед айдауды ұнатсаңыз, уақытыңызды аямаңыз. Мүмкін болашақ жарыңызды жолда кездестіріп қалатын шығарсыз;
- Жасаңыз. Бір нәрсені жасау үшін міндетті түрде сиқыршы болудың қажеті жоқ. Өнердің қай саласымен айналыссаңыз да, оған жан-тәніңізбен беріліп, өзге біреуге көрсетуден ұялмаңыз;
- Күтпегенді күтіңіз. Болашақ жарыңызды ойша іздеудің қажеті жоқ. Барлығы кездейсоқ болады;
- Ашық-жарқын болыңыз. Уақыт берсеңіз, адамдар сізді таңқалдыра алады. Әрдайым «барлығы сіз ойлағандай емес» деген сөздерді еске алыңыз.
- Өзінің сүйіктісі бар адамға көз салудың қажеті жоқ;
- Жер бетінде мінсіз адам болмайды. Ол да қателіктер жіберуі мүмкін. Сондықтан кешіруге дайын болыңыз;
- БАҚ құралдарына абай болыңыз. Олар бізді болашақ жарымыздың жанында ұзақ әрі тәтті ғұмыр кешетінімізге сендіреді. Шындығында, мұндай кепілдікті ешкім де бере алмайды. Дұрысы өмірдің ащысы мен тәттісін сүйіктімізбен бірге көру.
7. Шыдамды болыңыз. Тағдырдың жұмыс кестесі жоқ. Өмірдің ащы шындығы көзіміз жетпейінше, не күтіп тұрғандығын білмейтіндігімізде.
- Болашақ жарымыздың кім екенін білмейтіндіктен, оны емес, ол жүруі мүмкін орталарды іздеуіміз керек.
Қосымша кеңестер:
- Сіз болашақ жарыңызды іздеп жүрген кезде, қасыңыздағы адамдар сізді неге жалғыз жүр екен деп ойлауы мүмкін. Бұған мән бермеңіз. Жалғыздығыңыз үшін еш ақталудың қажеті жоқ екенін түсініңіз;
- Бір нәрсені ұзақ іздеп, артынша қажет болмаған кезде тауып алған сәтіңіз болды ма? Бар болғаны оны іздеп жүрмін деген ойдан бас тартып, қалыпты өміріңізді сүре беріңіз;
- Талғампаздықтың қажеті жоқ. Бұдан былай өзіңізге бастаңғыларға, құрбы-құрастарыңыздың туған күн кешіне барған кезде міндетті түрде бір жақсы адаммен танысып, жақсы араласамын деп талап қойыңыз.
Ал сіз болашақ жарыңызды жолықтырдыңыз ба?
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: вк желісінен