Қазақстан Республикасы Президентінің Халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша стипендия иегері, Психологтардың Қазақ Ассоциация мүшесі, «Жан шуағы» психологиялық орталығының директоры, психолог-практик Елшібаева Күлмаш Ғалымжанқызы:
Біріншіден, оның өзін және туыстарын зерттеңіз. Олай болмағанда сіздің балаңыз тұқым қуалау арқылы берілетін туабітті тән кемшіліктерімен туылуы мүмкін.
Екіншіден, оның өзінің және туған-туыстарының денсаулығына назар аударыңыз. Бұл сіздің ұрпағыңызды тұқым арқылы берілетін( қояншық сияқты) әртүрлі дерттің болуынан сақтайды.
Үшіншіден, оның айналасындағы достарына зер салыңыз. Өйткені, ертең үйленгеннен кейін езуінен шылымы түспейтін немесе көк мылжыңмен миыңды ашытатын достары сіздің де достарыңызға айналып, үйіңізден шықпайтын болады. Сондықтан, егер сүйіктіңізді тастауға қимасаңыз, әлгіндей достармен қарым-қатынасын үзуін өтініңіз. Болмаса, жора-жолдастары дұрыс, тәрбиелі ортадан өзіңізге лайықты жар іздеңіз.
Төртіншіден, және ең бастысы, мінез-құлқынан басқа да жақсы қасиеттеріне жақсылап көңіл аударыңыз. Өмірге деген құлшынысы жоғары, мейірімді, еңбекқор, арқа сүйер азамат болсын.
Бесіншіден, өзіңіз үйленгіңіз келетін адамды жиырма төрт сағат бойы қасыңыздан көруге сенімді екендігіңізге әбден көзіңіз жетсін.
Әдетте, жігіттер назар аударып, қасында болса өзінің тағдырын соның қолына ұстата қояды. Оның айналасындағы достарының, туыстарының болашақ жары туралы айтқан ескертулерін құлағына да ілмейді. Өйткені, ғашықтық сезімі оны соқыр әрі керең етеді. Әрине, бір көргеннен ғашық болуды да жоққа шығаруға болмайды. Бірақ, олардың мыңнан біреуі ғана шын мәнінде бақытты болуы мүмкін.
Қарақат Әбілдина, әнші:
«Үйлену оңай, үй болу қиын». Сондықтан мұндай қадамға бармас бұрын саналы шешім екеніне көз жеткізіп алу керек. Кез-келген қыз баласы жар таңдағанда әкесіне ұқсағанын қалап тұрады. Ол жақсы. Ал екеуі де бір мамандық иесі болса тіптен керемет. Мүмкін болса өзіңмен бір саладағы жар таңдағанның жақсы тұстары көп. Өйткені, олар бір-біріне жанашыр, тілекші бола алады. Сондай-ақ, жігіттің шыққан тегі, денсаулығы да өте маңызды. Себебі, болашақ ұрпағыңның ақылды, дені сау болғаны абзал.
Бота Бейсенова, әнші, композитор:
Ең алдымен, сезім мен сенім болса отбасы құралып, болашақ ғұмырыңыз баянды болмақ. Идеал адам жоқ, десе де болашақ жар таңдаудағы басты қағидалар деп біліетінім: адамгершілігі жоғары, отбасы тірегі бола алатындай қамқор, бала-шағаны асырау тұрғысында жоғары білімді болғаны дұрыс.
Бір қарағанда көзге көркем көрінгенмен, оның жан дүниесінің сұлу екенін қалай танырсың? Ал жан сұлулығы жоқ жерде отбасының болашағы бұлыңғыр. Сондықтан болар, біздің қазақ әуелі тегіне қараған. Тектілік дегеннің өзі қанмен біткен кішіпейілділік, ибалық, имандылықтан бөлек атадан балаға, анадан қызға отбасы арқылы тәрбие деп те ұғыну қажет шығар. Сондықтан да, әр қадамыңды аңдап басып, әр ісіңді жан-жақты ойланып барып жасасаң сен ешуақытта қателікке ұрынбайсың. Ол үшін жоғарыда айтылғандарды таразылап барып, шешім қабылдағаның дұрыс.
Дереккөзі: anabol.kz