- Негізгі бет
- Психология
- Болашақ анаға жауап...
Болашақ анаға жауап
"Адамның бір қызығы бала деген"... Оны өмірге әкеліп, адам қатарлы ету үшін ана мен әке бірдей жауапты. Адамнан адам шығуы әсте оңай емес. Осындай салмақты істің иелері – аналар. Болашақ сәбиді тәрбиелеуді іште жатқаннан-ақ бастаған ана озады. Бала бойға біткен күннен бастап оны өмірге баули білуі керек. Біз осыған дейін де сіздермен осы тектес тақырыпты көтерген болатынбыз. Ал бүгін біз болашақ аналарға пайдасы мол жан-жақты кеңестер ұсынбақпыз. Жүкті әйелде көбіне туындайтын сұрақтардың біразына жауап беруге тырысамыз.
Не жеймін?
Жүкті әйелдердің өзінің аяғы ауырлығын сезген күннен бастап тағамға деген талғамы өзгереді. Жүктіліктің алғашқы үш айында ол бұрын жегісі келмегенді қалап, бұрын құмар болған асынан жиреніп кетуі заңды құбылыс. Аяқ ауырлады дегеннен бастап жүкті әйелде тамақтануға байланысты өте күрделі мәселелер туындайды. Олар енді баяғы күніндегідей еркін тамақтана алмайды. Ағзадағы сөлдің көп бөлінуінен жүкті кезде әйел көп иістен және дәмнен жүрегі көтеріліп құсуға дейін барады. Бұл таксикоз кезеңі. Таксикоз кейбір әйелдерде мүлде болмаса, кейбірінде босанғанша созылады. Ал біразы бойдағы бала қимылдап қозғала бастағанда таксикозбен қоштасады. Таксикоз кезде жүкті әйелдің тәбеті көп нәрсеге соқпауы мүмкін. Немесе жеріктік пайда болып тек бір нәрсені ғана аңсап тұрады. Жерік әйелдің көңілі қалаған тамақтың тез арада асқазанға жеткені абзал. Жегісі келген асы уақытылы балаға жетіп отырса оның пайдасы жоқ емес. Сонымен қатар, қазақта жүкті әйелі бар үйге жиындардан тамақ салып жіберу салты сақталған. Мұны «үйдегі жүкті әйел дәметіп қалады» деп түсіндіреді үлкендер. Көптен бері сақталған бұл салт жүкті әйелдің тамақтануына бұрынғылардың да бейжай қарамағандығын айғақтайды. Жүкті әйелдің айы артқан сайын қарны да жиі ашады. Ендігі жерде ол екі адам үшін тамақтанады. Әр екі не бір жарым сағат сайын қарны қайта аша береді. Бір отырғанда тойғанын білмей көп жеуі де мүмкін. Бұдан қорқудың қажеті жоқ. Тамағы дұрыс болған әйелдің іштегі баласы қуатты болмақ. Тек тоғыз айда жинау керек салмақтан артық салмақ жинамауға тырысу керек. Жегісі келген астың бәрімен асқазанды қанағаттандырғаннан артық нәрсе жоқ. Көкөністер мен табиғи жемістерден бас тартпау керек. Күн сайын ас мәзірінен жемістерді қалдырмаған абзал. Тамақтанудан тыс қолыңыз қалт еткен кезде алма жеңіз, анар жеңіз. Егер асқазаныңыз жақтырса, жемістерден сізге еш зиын келмейді. Сүт өнімдерімен дос болыңыз. Қашан да тойып жүріңіз.
Не киемін?
Әйел адам аяғы ауырлағаннан бастап оның киім гардеробы сәл өзгеруге тура келеді. Бала көтермеген кездегі киімдердің біразын енді сіздің ішіңіз де ондағы болашақ сәбиіңіз де жақтырмайды. Мейлінше ішіңізді қыспайтын бос киімдерді киюге тырысыңыз. Арнайы екіқабат әйелдерге арналған шалбарлар мен белдемшелер және көйлектер барын құлаққағыс етіп өтейік. Джинсыды қимасаңыз оның да ішті қыспайтын түрлері бар. Балаңыздың еркін жетіліп, еркін қозғалуына жағдай жасағыңыз келсе киімдердің жайын ойлап алыңыз. Сіздің не кигеніңіз болашақ балаңыздың денсаулығынан тікелей байланысты екендігін ұмытпаңыз. Айтпақшы, жүкті әйелдерге жайлы киіммен қатар жылы киімдер де қатаң түрде ұсынылады. Алғашқы үш-төрт айда сәбиіңіз жетілгенше сізге жылы жүру әбден керек. Аяқты жылы ұстаңыз. Аяқ ауыр кезде суықтап тұмаумен ауырудың өзі де қауіпті. Сондықтан өзіңізге және балаңызға суық тимегенін қаласаңыз жылы киініп жүріңіз.
Не оқимын?
Сіздің осыған дейін қандай да бір кітапты ашып оқуға құлқыңыз болмаса, енді ол әдеттен арылатын кез келді. Егер балаңыздың зерек те, ақылды әрі сауатты болғанын шын қаласаңыз қолыңызға кітап алыңыз. Бала сізді үш айдан бастап тыңдайды. Оның сырттағы бос сөздермен және сасық әңгімелермен сусындағанын қаламасаңыз оның құлағына қазірден бастап-ақ өнегелі сөздерді құя беріңіз. Бүгінгі ғылым баланың сыртты іште жатып-ақ еститінін дәлелдеп отыр. Ендеше бала тәрбиелеуді жүкті кезден-ақ бастау керек. Ол сізді естиді, ол сізді түсінеді. Сөзім зая кетеді деп ойламаңыз. Пайдалы кітаптар мен көркем шығармаларды оқу анаға да балаға да пайдалы. Газет-журналдар мен кітаптардың арасында уақытты көп өткізіңіз. Бөлмеңізден кішігірім кітапхана ашып алыңыз. Білім мен өнегелі сөзге толы орта балаға әсер етпей қоймайды. Бала туылған кездің өзінде кітапты оқымақ түгілі көріп өссе де жаман болмайды. Сондықтан да кез келген жас отбасының үйінде кішігірім кітап сөресі болғаны дұрыс. Кітап – өмір шырағы. Қарасы мен ағы араласқан мына өмірде кітапты шырақ еткен адам адаспайды. Қандай кітап оқимын деген сұраққа да жауапсыз отырмаймыз. Өзіңізге ұнағанын парақтаңыз. Сонымен қатар өзіңізге ұнағаннан бөлек балаға маңызды деп ойлаған дүниеге мойын бұрыңыз. Пайдалы кеңестері бар кітаптар мен журналдардан бас тартпаңыз. Абайдың «Қара сөзі» - тәрбиесі мол даналықтың кені. Сондықтан әсіресе осы және осы тектес кітаптарды жаныңызға серік етіңіз.
Не көремін?
Теледидардан үрейге толы қорқынышты кинофильмдер мен көңілді босататын кинофильмдерді көрмеңіз. Жүкті кезде әйелдің көңілі онсыз да бос болады. Оған артық жылауға, артық қорқуға болмайды. Өйткені оның бәрі де балаға әсер етеді. Тосыннан шап беріп жанды алатын фильмдер ананың түсік тастауына дейін алып барады. Сонымен қатар жағымсыз әрі нашар жаңалықтарды да естіп көруге болмайды. Теледидардан көрсетілетін қайғылы әрі жан ашитын жаңалықтарға қарамай-ақ қойыңыз. Бекерге көңіліңізді босатпауға тырысыңыз. Одан да салмақты бағдарламалар мен пікірсайыстарды қараңыз. Бірқалыпты лирикалық кинофильмдерді көруге болады. Тек бәрін жаныңызға жақын ала бермеңіз.
Не тыңдаймын?
Сіздің тыңдағаныңызды балаңыз да тыңдайды. Соны біліңіз. Сондықтан мейлінше салмақты музыкалар мен жаңалықтар тыңдаңыз. Радиодан лирикалық сағаттар пен классикалық әуендерді тыңдаңыз. Ұлы адамдармен өткен сұхбаттарды да тыңдауға болады. Дыңғыры көп айқайға толы музыкаларға әуес болмаңыз. Жаныңызды жайландырып сәбиіңіздің құлағына жағар жайлы әуендерге әуестеніңіз. Классикалық музыкалардың берері көп. Сонымен қатар арнайы театрларға барып опера тыңдаңыз. Классикадан алыстамасаңыз балаңыз да өзгеден ерекше дарынды болмақ. Оны осы кезден бастап сауаттылық пен зеректілікке үйрете беріңіз.
Қалай демаламын?
Демалыстың сізге берері көп. Жүктіліктің алғашқы айларында бала іште мықтап орналасып біткенше көп қимылдамауға тырысыңыз. Ал босануға жақындағанда көп жатпауға тырысыңыз. Әр күн демалысқа толы болғаны жөн. Табиғат аясында, шусыз жерлерде демалып тынығыңыз. Мұндайда сырылдап аққан бұлақтың жағасы мен таудың аясының пайда көп. Табиғаттан алыстамаңыз. Жүкті әйелдер көп жағдайда үй толы адамдарды шулы ортаны жақтырмайды. Бұл түсінікті жәйт. Сондықтан өзіңізді тыныш ортада ұстағаныңыз жөн. Театрға барыңыз. Театр – нағыз демалыстың ордасы.
Неге «жоқ» деймін?
Ішімдікке, шылымға және тағы да сол секілді зиянды заттарға «жоқ» деңіз. Атракциондар мен әткеншектерге «жоқ» деңіз. Дәрігерлердің нұсқаулығы жоқ дәрі-дәрмектерге «жоқ» деңіз. Ұрыс-керіске, жылап-сықтауға, алысып-жұлысуға «жоқ» деңіз. Ауыр жұмыстар мен бір келіден асатын жүктерге «жоқ» деңіз. Ашу мен ызаға, уайым мен қайғыға және бос ой мен өсек-аяңға «жоқ» деңіз.
Немен дос боламын?
Жүкті кезде сабырмен дос болыңыз. Сабыр сізді салмақты өмірге жетелейді. Балаңыздың туылғанда мазасыз болмағанын қаласаңыз жүкті кезде кез келген жағдайға сабырлықпен төзе біліңіз.
Автор: Ақерке Әбілхан
Сурет: bonduellerussia.ru, lad-y.ru
А. Әбілхан