Әлемге аты жайылған бірнеше компанияның бір істен бастап, кейін ол ісі нәтижесіз екенін білген соң өзге арнаға ауысып кеткені туралы біршама деректер ұсынайық.
1. YouTube
Бұл жоба 2005 жылы видео-таныстықты қалыптастыру мақсатында ашылған еді. "Tune In Hook Up" деген атпен шыққан олардың жобасы HotOrNot секілді еді. Жоба ұйымдастырушылары идеяның сәтсіз екенін ұққан соң бірден жолынан тайып, бұл порталды тек видео жүктеп-көретін сервис етіп өзгертті. Қазіргі кезде бұл сервиске 1 минуттың өзіне 35 сағат видео жүктеледі.
2. PayPal
Жоба ақша аудару қызметі ретінде ашылған болатын. Танымал кәсіпкер Питер Тиль бұл сервистің одан да артық қызметтерді ұсына алатындығын байқайды. Ол ақшаны интернет бетінде де аударуға болатынын ойлап тапты. Бұдан кейін ол eBay қызметімен оның 40 пайыздық транзакциясын орындау туралы келісім-шартқа отырады. Ал қазір бұл қызметті пайдаланушылардың саны 100 миллионнан асып кетті.
3. Flickr
Жоба Ludicorp деген атпен онлайн ойын ретінде ашылған. Құрастырушылар кейіннен ойынды қойып, бұл жерге суреттер жүктеуге арналған қызмет ұсынады. Қазіргі таңда бұл жоба әлемдегі ең үлкен фотохостингке айналған.
4. Groupon
2006 жылы The Point атты жоба жұмысын бастап кеткен еді. Мұнда көптеген елдерден жиналған адамдар саяси әрі әлеуметтік мәселелерді біріге отырып шешетін болған. Groupon ол кезде бұл жобаның тек бір ғана бөлігі еді, тіпті groupon.thepoint деген атпен жеке болған еді. Ал уақыт өткен сайын құрастырушылар тұтынушылардың тауарды жеңілдікпен (шегерім) сатып алуға деген қызығушылығының зор екенін байқайды. 2012 жылы Groupon Google-дан кейінгі екінші ірі IPO болып саналды.
5. Yelp
Жоба 2004 жылы пошта арқылы сұраныс жіберудің автоматтанған түрін ұсынушы болып құралған. Бұл жоба 1 миллион доллар инвестиция тапса да, жеңіске жете алмайды. Ал содан кейін ғана қолданушылар сервисті тіпті де басқа қызметі үшін пайдалана бастайды. Қазіргі кезде бұл қызметтің көмегіне 17 миллион адам жүгінеді.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: vk.com