Бикештер қандай болады? #2

Бикештер – 24 тамыз бен 23 қыркүйек арасында дүниеге келген адамдар.

Басы

Махаббат

Ер-бикеш басқа жігіттерге ұқсамайды. Ол романтиканы ұнатпайды. Әрі жұмыс ол үшін бірінші орында. Өзінің сүйіктісін қызғанып, жанжалдаспайды. Егіздер сияқты кенеттен суып кетіп, құбылатын қасиеті жоқ. Қарым-қатынастан көңілі қалса, ұзақ уақыт жалғыз болуды қалайды. Ешкімге сенгісі келмей, сақтанып жүреді.

Әйел-бикеш жігіттің қалтасына емес, ішкі жан-дүниесіне қарайды. Шынайы сезіммен үйлену керек деген ұстанымға берік. Тағдырдың кез келген қиындығын үнсіз көтеруді дұрыс көреді. Ол ақылды, сезімтал, қайсар. Сүйіктісі көңілін қалдырмаса, оған бүкіл өмірін арнауға даяр. Онымен бақытты өмір сүргіңіз келсе, сезімін, пікірі мен шешімін сыйлаңыз.

Достық

Бикештерге достар кеңесші ретінде емес, бірге уақыт өткізу үшін қажет. Арасында ақылды екенін танытып, достарына кеңес бергенді жақсы көреді. Бикештер айналасында шынайы, ниеті түзу, адал адамдардың болғанын қалайды.

Бикештер у-шуды жақсы көрмейтінін айтқан едік. Сол себепті олардың достары да көп емес. Ең жақын досы біреу болса, араласатын таныстары үш-төрт адамнан аспағанын қалайды.

Бикештер кешіккенді ұнатпайды. Олар – өз уақытын бағалай білетін жандар. Егер сіз жалқау, жауапкершілікке бей-жай қарайтын адам болсаңыз, бикеш сізге мүлде жақындамауы да мүмкін.

Жұлдыздарға тән қасиеттерді өзгерту әркімнің қолынан келеді. Сол себепті өмірде, жұмыста бөгет ететін әдеттерден арылып, жақсы қасиеттерді дамытуға тырысыңыз.