- Негізгі бет
- Психология
- Байқаусыз салынған шимайлар...
Байқаусыз салынған шимайлар сіз туралы не дейді?
Адамның ішінде өзіне беймәлім невроздар болады. Кішкентай балалар да қолына қалам түссе, қағазды не қабырғаны шимайлап тастайтыны сондықтан. Шимайлау арқылы санасыз түрдегі невроздарды шығару пайдалы. Біреумен әңгімелесу не дәріс тыңдау барысында өзіңіз байқамай жазып тастаған жазулардан біраз нәрсе аңғаруға болады. Сіз бос кезіңізде қолыңызға қалам түссе, не саласыз?
Қол қою. Көп адам қолына қалам түсе қалса көрінген жерге қолтаңбасын қойып, аты-жөнін жаза береді. Бұл өзіне деген зор махаббатының белгісі. Өзін-өзі жақсы көріп қана қоймайды, лайықты бағасын да біледі. Жетіліп, даму жолында тоқтап қалмайды.
Күн, күн шуағы. Қағаздың шетіне күннің суретін салатын адамдар жан жылуына, мейірімділікке зәру.
Гүлдер. Көңілі даладай кең, жүзі күндей жайдары жандар қолына қалам түссе, гүлдің суретін сала береді. Бұл олардың жайлы мінезді, қайырымды екенінен хабар береді.
Смайл. Қағазға ғана емес, жаңбырлы күні автобустың терезелеріне де күліп тұрған бейне салу әдетінде бар адамдардың достары, таныстары көп, кез келген жанмен бірден тіл табысып кетуге дайын тұрады.
Өрнектер. Қайталанатын түрлі өрнек сіздің бір істен (жиналыстан, сабақтан) әбден қажығаныңызды, жалыққаныңызды білдіреді.
Шахмат тақтасы не тор. Мұндай шимайды көбінесе көңіл-күйі төмен адамдар салады. Өмірінде қиын жағдай болып жатқан немесе маңызды шешім қабылдауда ойы он бөлініп жүрген адамдар қағазды тормен толтырып тастайды. Сөйлеп отырған адамның пікіріне іштей келіспеушілігі болса да, бұл негативтен қағазға тор салу арқылы арылады.
Геометриялық пішіндер. Қағазға төртбұрыш, үшбұрыш, ромб, шаршы сияқты сурет салатын адамдар қандай ортада болсын өз ойын ашық айтады. Күнделікті жоспарлар құрып, мақсатына жеткенше тынбайды. Болып жатқан жағдайларға өзін кінәлі санап, мұны сыртқа шығара алмау – қағазға салынған «+» белгілерінен байқалады.
Ирек сызықтар. Басқа адамдардың мәселесіне алаңдамай, өзімен-өзі тұйықталып өмір сүретін жандар қағазға үнемі ирек-ирек сызықтар салумен болады.
Жұлдыз. Бұл салуға ең оңай белгі болғанымен, тек оптимист, өмір сүйгіш жандардың қағазынан ғана көрінеді.
Жүрек. Айтпаса да түсінікті, біреуге ғашық жандар қолына қалам түссе де, кез келген жазуға болатын нәрсемен де жүрген жерінде жүрек бейнесін сала береді.
Тыныс белгілері. Леп белгі, үтір, сұрақ белгісі – үнемі ой үстінде болатын адамдардың шимайы. Біреудің әңгімесін мұқият тыңдай отырып та ойлана алады. Өзіндік көзқарасы, қатып қалған қағидалары да бар.
Цифрлар. Дүниеге келген күнін, телефон нөмірін қағазға жаза беретіндер ақшамен жақсы жұмыс істейді. Материалдық байлыққа жаны жақын.
Ал сіз бос уақытыңызда шимайлаған қағаздарыңызға зер салып көрдіңіз бе? Онда не бейнеленген?
@. @assel_assanova