Бауыр ет балаңыз сіз жайлы не ойлайды?

Ата-ана болу зор бақыт. Ал «іштен шыққан шұбар жыланыңды» түсіне білу одан да зор бақыт. Кейде орынсыз ұрысып жатамыз, кейіп жатамыз. Олардың көңіл-күйімен санаспастан ренжіп жатамыз. Осының бәрі де бала жүрегіне бірте-бірте беріш боп байлана берер түйіршіктер. Ұл-қызың есейе келе олардың сені ренжітуі, көңіліңді қалдыруы секілді келіспеушіліктерді ол бала күнінде жүрегіне өзің еккенсің.

Оларды түсіну қиынның қиыны. Олардың жүрегі жібектей жұмсақ, көңіл жібі қылдан нәзік. Әлемде ұл-қызын шынайы түсінетін, олармен досындай сырласа алатын ата-ана кемде-кем. Біздің қазақ ұлтында тіптен солай. Алматыда жүріп, мынаған әбден көзім жетті. Қаншама жастардың үлкендерден именбестен әдепсіздікке барғанын, аузына келгенді айтып боқтап тұрғанын, бір-бірін ит терісін басына қаптап күліп қана тілдеп тұратынын күнде көріп жүрген боларсыз. Оларды көріп сан мәрте жағаңызды ұстаған боларсыз. Жоқ, отағасы, бұл қоғамға сіздің де үлесіңіз бар. Демек... Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны алады.

Жер бетіндегі адам баласының есею психологиясын бала көзқарасымен айтқанда мынадай ережеге бағындыруға болады. Бала әкесі жөнінде не ойлайды:

6 жаста: Әкем бәрін де біледі.

10 жаста: Әкемнің білері көп.

15 жаста: Мен де әкем секілді көп нәрсені білемін.

20 жаста: Әкем ештеңе де білмейді.

30 жаста: Бір рет болса да әкемнің тілін алып көрейін.

40 жаста: Қалай да әкемнің айтқаны абзал екен.

50 жаста: Әкем бәрін де біледі екен.

60 жаста: Әкем тірі болса ғой. Біраз нәрсені кеңесіп алар ем.

 

Балалы болдыңыз ба? Өмірге тағы бір адам баласын әкелдіңіз. Ендеше ол ізетті, құрметті адамгершілікпен өмір сүруі керек. Оған себепкер болар бірден-бір жан – тек сіз ғана!

Дайындаған: Алшын Матай

Сурет: baidu.com