Бастығыңыз өзімшіл ме?

Бастығыңыз өзімшіл ме?

Бастығыңыздың қолы қаншалықты үлкен болған сайын, соншалықты өзімшіл адам болуы мүмкін. Солтүстік Каролина Университеті жанындағы Бизнес-мектептің зерттеушілері осындай тұжырым айтып отыр. Олар басқарушы қызметтегі 605 адамның қолтаңбасын салыстырған және үлкен қолтаңбаның нарциссизмге бейім адамдардың тарапынан қойылғандығы толықтай дәлелденген.

Қолтаңбалардың көпшілігі жылдық есептерден, құнды құжаттардан алынған, яғни, мұндай сараптама жүргізіліп жатқандығынан басшылар хабардар болмады. Әрбір қол компьютерде сарапталынған және қағазда қолтаңбаның қаншалықты көлем алып жатқандығы тиянақты түрде өлшенген.

Нарциссизм - адам баласының өзімшілдік қасиеті. Бұл қасиетті "жұқтырған" адамдардың әрқашан "мені" басым және айналасындағыларға пысқырып та қарамайды. Мұндай жандар өзін жақсы жағынан ғана көрсетіп, басқарушылық қызмет пен жоғары айлықты иемденіп алады да, өзіне керегіне жеткен соң бизнестің күл-паршасын шығарып жіберуі мүмкін. "Нарцисс" басшылар - өз фирмасындағы ең көп жалақыны алатындар екен.

Алайда, мұндай тұжырыммен барлық ғалымдар келіспейді. Мемлекеттік Аппалачи Университетінің бірнеше ғалымдары, керісінше, үлкен қолтаңба қалдыратын бастықтар - өздеріне сенімді, өз ісінің шеберлері, олар өз фирмасы үшін көп жұмыс істей алады дегенді айтып отыр.

Ал сіздің бастығыңыздың қолы қандай?

Суреттер:byaki.net

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева