- Негізгі бет
- Психология
- Бастаған істі тез...
Бастаған істі тез аяқтаудың 7 тәсілі
Жұмысбасты және өз ісінің жетекші маманы болғысы келетін жандарға бастаған ісін уақытылы әрі нәтижелі аяқтау үшін таптырмас 7 түрлі тәсілді ұсынамыз.
1. Орындалуы тиіс жұмыстарыңыздың тізімін жасаңыз. Қалам мен қағаз алыңыз, болмаса арнайы бір бағдарлама немесе парақша ашыңыз да дәл қазір отырып, аяқтау керек деген жұмыстарыңыздың барлығын жазыңыз. Кейін 10 минутқа бәрін ұмытып, сергіп алыңыз, себебі сізді алаңдататын жұмыстарыңызды қағазға не белгілі бір бағдарламаға жазып қойдыңыз. 10 минут өткен соң қайтадан жаңа ғана жазған тізіміңізге сын көзбен қараңыз да, соңына дейін аяқталмай, сізге кедергі келтіріп тұрған жұмыстың әрқайсысына шолу жасаңыз.
2. Дәл қазір сізге керек емес жұмыстарды сызып тастаңыз. Кейін тізімге қайта үңіліңіз. Ойланыңыз, тізім ішінде тұрған «оқу керек» деген кітабыңыз сізге көмегін тигізе ме?! Ойыңызды жинақтауға көмектеспейтін болса сызып тастаңыз. Уақтыңызды ең керекті нәрселерге жұмсаңыз.
3. «2 минуттық» заңдылығын есте сақтаңыз. Уақыт басқару негізінде «2 минуттық» заңдылық бар: 2-5 минут арасындағы жұмысты тез арада бітіріп, оларды тізімнен өшіріп тастау керек. Отырған орныңызды жинақтап, кір мәшинесіне көйлектеріңізді салып айналдырып қойыңыз. Олар бар жоғы 10 минут уақытыңызды алады. Ең көп дегенде жарты сағат уақыт өтті, ал сіз ұсақ-түйек болса да оншақты жұмысты атқарып тастадыңыз.
4. Бастауы бар, бірақ соңы бітпей мазаңызды алған жұмысыңыздың үстін жасыл түспен бояп қойыңыз. Жасыл түс сізге ұнамсыз деген нәрсенің кері жағын көрсетуі мүмкін. Бұл аяқсыз қалған жұмыстарды таңда тұрып ерте бітіріп тастаған жөн. Ал қалған уақытыңызды тағы да сізге пайда әкелер істерге жұмсаңыз. Мәселен сізге біреу бір нәрсе жазуды тапсырды. Сіз ол жазудың қандай еңбекпен келетінін күні бойы ойланып жүргенше ертемен бітіріп тастағаныңыз жақсы.
5. «Ауырлық» кезеңіне мән беріңіз. Ең ауыр әрі қиын деген жұмысты «ауырлық» деп атаңыз. Егер «ауырлық» кезеңіндегі жұмыстар тым көп әрі шашыраңқы болса онда ол жұмысты екі немесе үшке бөліп қарастырыңыз. Жұмыстың тез біткенінен гөрі жеңіл әрі нәтижелі болуын қадағалаңыз. Сіздің қабілетіңіз үшін бес жұмыстың ұзақ уақыт алып біткені ыңғайлы ма әлде жиырма шақты жұмыстың бес минут сайын тез әрі жеңіл біткені ыңғайлы ма?! Ең бастысы оларға тек бос уақытта оралып отырыңыз. Мысалы сізге француз тілін үйрену керек. Таңертең ертемен кітапты алыңыз да бір грамматикалық ережені жаттап алыңыз, күндіз он сөйлем жаттаңыз да кешкісін жаттаған сөйлемдеріңізді сол жаттаған грамматикалық негізде бағынып отырып сөйлем құраңыз. Бір ай ішінде сіз көп нәтижеге қол жеткізесіз.
6. Өзіңізге әрдайым қолдау көрсетіңіз. Тізімдегі жұмыстардың біткені үшін қуаныңыз, күліңіз әрі шапалақтаңыз. Бұл әрекеттер сізге «жұмыс» сөзінің ауыртпалығын ұмытуға әсер етеді. Бәрі біткен соң қалауыңызша демалыңыз: қыдырыңыз, дүкен аралаңыз.
7. Әр апта немесе әр ай сайын қорытынды есеп жасап отырыңыз. Сіз осы уақыт ішінде қанша ұсақ-түйек шаруаны бітіріп, қанша ма «ауырлық» кезеңдерін атқарып тастағаныңызды сезінуіңіз керек. Олардың жеңіл әрі тез біткені үшін өзіңізге мақтаныңыз. Өзіңіздің сеніміңізге еркіндік беріңіз де, тағы да тізімін жасаңыз, бұрынғыдай емес тізімінің көлемін де ұлғайтыңыз.
Аталған 7 тәсіл сіздің кез келген жеңіл не ауыр жұмысыңыздың тиянақты және тез бітуіне ықпал ете алады.
Тізім жазуды бастап кеттіңіз бе?!
М. Ақан