- Негізгі бет
- Психология
- Балықшының тәжірибесі...
Балықшының тәжірибесі
Бір топ жас жігіт үнемі өзен маңындағы терең көлден балық аулайтын. Алайда, көлдің бас жағындағы өзеннен балық аулап жүретін балықшыны олар үнемі көретін еді. Өзен ағысы қатты, толқындары жағаға шапшып, буырқана ағып жатқан өзен суынан балықшының балықты қалай аулайтынына жас жігіттер таң қалатын.
Сосын олар балықшыны мазақ ете бастады. Екпіні қатты өзен суынан қалай ғана балық аулаға болсын?! Бір күні шыдамсыз біреуі қармағын тастай салып, балықшының жанына келеді. Ал балықшы қолындағы шарбақ шелегін төңкеріп қалған сәтте бауыры күмістей жарқыраған сазандар төгіліп жатты. Үлкен сазандар жерге түссе де тыпыршып, ойнақ салады. Мұны көрген жас жігіттің таң қалған көз жанары шарасынан шыға жаздайды. Олар мұндай үлкен балықтарды терең көлден ешқашан аулап көрмеген еді. Олардың қармағына ылғи да майда шабақтар ілінетін. Ал ағыны қатты өзен суының өзінен мұндай балықтарды қалай ғана аулап жүр?! Ағыны жым-жылас, үлкен көлден неге мұндай үлкен балықтар аулай алмайды?
Балықшы таң қалып тұрған жігітке жай ғана жымиып қойып:
- Көл суында ағыс қатты болмайды. Сондықтан да дауылды толқындарға төзе алмайтын шабақтар тыныш көл суында ғана емін-еркін тіршілік етеді. Көлдегі мардымсыз оттегі шабақтардың тыныстауына жетіп жатыр. Ал үлкен сазандар оларға ұқсамайды. Үлкен балыққа тіпті де көп мөлшердегі оттегі қажет. Сондықтан олар толқыны қатты, ағысы тентек өзендерге жүзіп барады. Толқын қатайған сайын судағы оттегі де көп болады. Ондай орындарда сазандар да мол болады.
Балықшы масаттана тағы да былай дейді:
- Көп санды адамдар асау толқынды буырқанған өзен суы балықтың тіршілік етуіне үйлеспейді деп ойлайды. Сол үшін де жым-жырт көл суынан балық аулайды. Бірақ, олар қателесіп отыр. Жылып аққан өзен суында үлкен балықтар ешқашан болмайды. Балықтың үлкейуіне қажетті шарт-жағдайды дүлей дауылдар мен асау толқындар әзірлейді. Аласұрған толқын сырт көзге балықтар үшін қиындық турдырардай болып көрінгенімен, ірі балықтар үшін бұл өте қажетті жағдай.
Дауылды толқын балықты қажетті оттегімен қамдай алады екен, ал тіршіліктегі бұралаң жолдар мен жапа-машақаттар біздің өмірімізді «қажетті оттегімен қамдамай ма?!». Біз үнемі тірлігімізге тыныш та, жайлы орта іздейміз. Аласапыран дауылдың болмауын тілейміз. Сонда біздің тыныш көл суындағы майда шабақтардан айырмамыз қайсы?
Буырқанған асау өзендерден ірі сазан балықтар шығады екен. Олай болса, тағдырдың тарғалаң талқысына түсіп, шыңдалған жандардан да ұлы адамдар шықпай ма?!
Біз әдетте қоғамдағы аласапыран жағдайдан, өмірімізге түскен қиындықтардан қорқамыз. Нағыз мықтылар сондай қиян-кескі өмірдің асау толқындардынан өткен жандар.
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: baidu.com
Қ. Қауымбек