Балаңыз сізді жек көріп кетеді: Маман ешқашан айтуға болмайтын 7 сөзді атады
Балаңыздың есейіп, балалық шақтағы жарақаттарын реттеу үшін психотерапевтке барғанын қаламасаңыз, оған ешқашан жаман сөз айтпаңыз.
Жастайынан өзін-өзі бағалау қасиетін өлтіретін сөздерді ұмытатын уақыт келді. Оларды біздің үлкен әжелеріміз баласына айтқан, олар біздің ата-аналарымызыға айтқан, ал олар бізге айтты... Бірақ біз қазіргі психологтардың көмегімен өз балаларымызды тәрбиелеуде мұндай сөздерден аулақ бола аламыз. Ал, олар есейгенде ерте ме, кеш пе, бұл үшін бізге «рахмет» айтады.
1-фраза: «Мұнда сенің ештеңең жоқ»
«Өзің ақша тапқанда аласың» деген мәндегі сөздер балаға ауыр тиеді. Мұндай қорлық сөзін көп естіген бала «еркіндікке» қол жеткізу үшін ақша табуға бар күшін сала бастайды және көбінесе байлыққа жетудің арам жолдарын таңдайды. Ал қыздардың қатарында оның жағдайын жасайтын «демеуші» іздеушілер көп кездеседі. Өйткені, бала кезінен ақша мықтыларға ғана тән, мен ондай емеспін, тек біреудің қарамағында ғана бола аламын деген сияқты ойда өседі.
2-фраза: «Сенің орныңа ұл/қыз дүниеге келсе жақсы болар еді»
Балаға бұлай айту оған: «Тумағаның жақсы болар еді» дегенмен бірдей. Кішкентай адам ата-анасының оның дүниеге келуін қаламағанын білгенде, не боларын ойлап көріңіз. Ол енді бейсаналық түрде өзін-өзі құртуға ұмтылады. Және бұл тыйым салынған заттарға әуестікті арттырады.
3-фраза: «Кедергіден басқа келтірер пайдаң жоқ»
Егер сіз күнделікті өмірге бейімделмеген адамды жолықтырсаңыз, демек бала кезінде оған ата-анасы сеніп жұмыс тапсырмаған. Үй шаруасына араласпаған. Осындай сөз тіркестерінің кесірінен бала өзін түкке тұрғысыз және қажетсіз сезініп қана қоймайды, сонымен қатар өз бетінше әрекет етуге ынтасын толығымен жоғалтады.
4-фраза: «Ауырып қаласың/ құлап қаласың/ өзіңе зиян келтіресің»
«Оған қол тигізбе, әйтпесе жаман болады» Мұндай сөзді бәріміз естіп өстік. Баласын қорғауға ұмтылған ата-анада кінә жоқ. Бірақ осындай қара аспанды төндіретін сөз ести беру балаға жыл өткен сайын барлық нәрсенің тек жаман нәтижесі ғана болады деген ой қалыптастырады. Жаңа нәрсе бастаудан да қорқады.
Манап Алмагүл, психолог-консультант: "Біздің өмір сүру дағдымыз бала кезден қалыптасады. Біз бала кезде көп нәрсені бейсаналы түрде қабылдаймыз. Жаман сөздер айтуды қарастырмағанның өзінде ата-ананың, тіпті ата-әже, бөтен адамның көзқарасы да әсер етеді. Баланың көзінше оның өзін де, әке-шешесін де жамандаса, ол оны саралай алмайды, тек жаман екенмін деп өз-өзін нашар адам көреді. Сондықтан баланы шартсыз сүйіп, бар болмысымен қабылдау керек. Қазақта «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген сөз бар. Оған тек жақсы сөз айту керек. Баламыздың көзінше сөз саптауымызды қадағалап отыруымыз маңызды".
5-фраза: «Неге езіліп отырсың?», «Еркектер жыламайды»
Бұл сөз тіркесі арқылы ата-ана тек гендерлік стереотипті таңып қана қоймайды - оның астында баланың эмоцияларына толық мән бермеу жатыр. Жылдар өткеннен кейін ол өте суық адамға айналады, оның жүрегін тіпті ең адал жанашырының ерітуі де қиын. Бұл сөздерді бала кезінен естігендер өз сезімдерін іштеріне бүгіп ұстауға дағдыланған. Алайда, ерте ме, кеш пе, кез келген эмоциялардан шығу жолы қажет болады - содан кейін жүйке ауруы пайда болады.
6-фраза: «Сенің пікіріңді ешкім сұраған жоқ»
Әрине, ата-аналар өмірлік маңызды шешімдер қабылдағанда, олар кішкентай балалармен кеңеспейді. Алайда бала өз пікірі бар азамат болып қалыптасуы үшін оған да назар салып, ойын сұрап, талқылаған жиындардан қалдырмаған абзал.
7-сөз тіркесі: «Айгүл тәтеңнің қызы ақылды, ал сен...»
Соңғы уақытта мұндай тіркестер тіпті мемдерге айнала бастады. «Анамның досының ұлы не қызы» деген тіркестер желіде таралып кетті. Шындығында, бұлай айту арқылы ата-аналардың өздері баланың қаншалықты күйзеліс екенін түсінбеуі мүмкін: оларға мұндай сөз баласын ынталандыратындай болып көрінеді, бірақ шын мәнінде мұндай ата-аналар баласының басқалардан нашар екенін баса айтады. Бұл адам бір нәрсені істеуге тырысудан әдейі бас тартатын механизмге айналады (өйткені басқалар бәрібір жақсырақ жасайды). Бұл болашақта оны «ыңғайлы» адамға айналдырады, көбінесе өз мүдделерін құрбан етеді.
А. Оралқызы