Түнде баланы қазір ұйықтамасаң жалғыз көзді дию келеді не мыстан кемпір алып кетеді немесе жезтырнаққа беріп жіберем деп ұйықтату кез келген ата-анаға таңсық емес тәсіл. Бәріміз де балаларымызға қолданып жүрген күнделікті әдіс. Бірақ мамандардың айтуына қарағанда, баланы бұлай ұйықтату оның психологиясына кері әсерін тигізеді. Болашақта никтофобияға шалдығуына әкеліп соғады екен. Никтофобия гректің nyktos түн, phobos қорқыныш сөздерінен пайда болған, қараңғылықтан қорқу сезімі. Балаңыздың қараңғылықтан қорқуы 3-5 жасында басталады. Бұл қалыпты жағдай. Себебі, сол жастан бастап олар кино, мултфильм көріп, ертегі естіп, естіген, көрген нәрселерін қорытып, өз беттерінше ойлана бастайды. Балаңыз қараңғылықтан қорықса, оған жауапсыздықпен қарамаңыз, керісінше, қорқынышын жеңуге көмектесіңіз. Негізінде, балалар қараңғылықтан қорықпайды, тек, қараңғы жерлерде әр түрлі заттардың көзіне қорқынышты болып елестеуінен, қиялында жасап алған кейіпкерлерлерінен қорқады. Оның теледидар алдында көп отыруын шектеңіз. Қорқынышты бағдарламалар көрмеуін қадағалаңыз. Егер, балаңыз ұйықтар алдында қорықса әлсіз жарығы бар шам жағып қойыңыз. Баланы қараңғы жерлерге ертіп апарып, мысалы, үйдегі қараңғы бұрышқа, кереуеттің астына, біршама бірге отырыңыз, әңгімелесіңіз. Батырыңыз ол жерлерде ештеңе жоғына көз жеткізсін. Түрлі сазбалшықтардан қиялындағы қорқынышты жануарларды бірге отырып жасаңыз. Кейін оларды әдепкі үй жануарларына айналдырып, мысалы сүйкімді күшікке, кішкентай мысыққа, сол ойыншықтармен бірге отырып біршама ойнаңыз. Тіптен болмаса, қорқынышты мақұлықтың суретін қағазға салып, оны балаңыздың көз алдында жыртып тастаңыз. Сосын, түнде жатар алдына сол мақұлықтың қалай сазайын бергені жайлы есіне салып қойыңыз. Сонда ғана бала қиялында қорқынышты емес, ізгі ойлар бүршік ата бастайды. Сізді қамқоршы әке (ана) ретінде көріп өздерін қауіпсіз сезінеді. Мамандар баланы тәртіпке үйреткен жөн деп санайды. Ерте жатқызып, ерте тұруына әдеттендіріңіз. Ұйықтар алдында батырлар жайлы ертек айтып беріңіз, батырлар жырын оқып беріңіз. Өзін де сол батырлардай, ойыншықтарының қорғаушы екендігін сезіндіруге тырысыңыз. Отбасылық проблемаларыңызды бала алдында екінші орынға қойыңыз. Онымен қашанда көңілді қарым-қатынас жасаңыз. Себебі, отбасылық кикілжіңдер бала жүрегін тез жаралайды, өскенде пессимизмге ұрындырады. Болашақта маңызды қадамдар жасар алдында әлсіздік танытады. Көңіл түкпірінде қалып қойған бала қорқынышы қайта-қайта мазалайды. Түптеп келгенде мұның бәрі оның ішкі рухына әсер етіп, тез сынғыш болуына әкеліп соғады. Сәби жас өскін. Қалай баптап өсірсең болашақта солай жемісін береді. Қисық ағашты бағбан кесіп қана түзете алады. Ал, баланы өскесін түзету екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс екенін естен шығармағанымыз абзал. Қорқу қалыпты жағдай, себебі бәріміз де қорқамыз ғой. Тек, бүлдіршіндерге қарағанда үлкендер қорқынышын жасыра алады. Сондықтан, қорқыныштың иллюзия екенін, бірақ қашан да қауіптің бар екенін балаңызға түсіндіре жүріңіз. Батыр бабалардың ұрпағы балаңыз да батыр болып өссін. Қазақ тәуекел ердің өмірі деп бекер айтпаған.