- Негізгі бет
- Психология
- Баланың тілі неге...
Баланың тілі неге кеш шығады? Логопед көпті толғандырған сұраққа жауап берді
Қазір бала тілінің кеш шығуы жиі кездеседі. Бұл көпшілік ата-ананы мазалайтын және уайымдататын сұрақ. Бірі оны балалардың гаджеттерде көп отыруынан десе, басқалары экологияны кінәлап жатады. Біз бұл сұрақ бойынша логопед маманының пікірін білуді ұйғардық.
"Марқабат" қоғамдық қорының директоры және логопед Алмат Тасыбеков бала тілінің кеш шығуының бірнеше негізгі себебін атап өтті:
- Жүктілік кезінде ана көңіл күйінің дұрыс болмауы, күйзелісте болуы;
- Тұқымқуалаушылық фактор;
- Таңдайда не ерінде жырықтардың болуы;
- Дыбыс шығару жүйесінің жұмыс істемеуі;
- Ауыз қуысы бұлшық еттерінің дұрыс жұмыс істемеуі;
- Баламен сөйлеспеу (ата-ананың баламен әңгімелеспеуінен, қарым-қатынастан оқшаулануынан баланың тұйықталуы);
- Қатты қорқып қалудан болған тұтығу;
- Өзге аурулардың, қолданған дәрі-дәрмектердің әсері;
Логопед бала тілінің кеш шығуына мультфильмдерді көп көру де әсер беретінін ескертті.
"Мультфильм көп қараудың тілдің кеш шығуына әсері бар, өйткені көру, тыңдалым бар да жауап беру, сөйлеу тілі жоқ. Яғни, диалог жоқ", - дейді Алмат Тасыбеков.
Егер бала тілінің кеш шығуының себебі анықталмаса, ол ем курсын қиындатады. Сондықтан мұндай кезде кешенді тексеріс керек. Ол үшін невропатолог, логопед, психиатр, балалар психологы секілді мамандарға қаралу керек. Көп жағдайда бас ми жұмысына анализ қажет болады: ЭКГ, МРТ, ЭХО-ЭГ және т.б.
Маман ата-аналарды баламен барынша көп әңгімелесуге шақырды.
А. Жапатова"Бала өмірге бірнеше апта бұрын келсе де және сізді мүлдем түсінбесе де, онымен барынша көп сөйлесуге тырысыңыз. Оған өлең айтып беріңіз. Балаға 6 айдан бастап кітап оқыңыз. Балаға сөзді анық айтып, суреттер көрсетіңіз. Егер ол қандай да бір дыбыспен сізді бөлсе, үзіліс жасап, оны тыңдаңыз. Баланың жетістіктерін мақтаңыз. Бала кішкентай кезінен бастап, ата-анасының дауыс ырғағынан оны мақтағанын айыра алады және түсінеді", - деді Алмат Тасыбеков.