Өзін-өзі бағалауы төмен адамның басты белгілерінің бірі — оның өзін-өзі қабылдай алмауы. Баланың, әсіресе, жасөспірім баланың өзін-өзі бағалауы төмен екенін қалай білуге болады? Ол оның қандай екенін, оған не ұнайтынын, өзінің әлсіз және мықты тұстарын айтуға қиналады. Соның себебінен ол көптеген жағдайларда өзін сенімсіз ұстайды.
Өзін-өзі бағалауымен проблемасы бар жасөспірімдерге мына сөздер тән:
- Егер оның жетістігін айтса: «Менің жай жолым болды. Бұл сондай ерекше дүние емес»
- Оған алғыс білдірсе: «Мен ештеңе жасаған жоқпын. Қоя салыңыз»
- Егер қошемет сөз айтса: «Қой, менің бетімде безеу бар, ішім шығып кеткен»
- Егер қиынырақ бірдеңе ұсынса: «Мен бәрібір істей алмаймын. Қолымнан келмейді»
- Жиі қолданылатын сөзі — «білмеймін».
Кейде бала одан әрі мақтағанын қалап тұрғандай көрінуі мүмкін, бірақ негізінде ол өзін мойындауға тұрарлықтай адам ретінде сезінбейді. Ол ішінен барлығы менің соншалықты жақсы емес екенімді қашан түсінеді деп ойлауы да мүмкін.
Өзін-өзі бағалауы төмен балаға көмектесуге болады. Бұл жерде ата-ана маңызды рөл атқарады, себебі бала кез келген жаста олардың ойына және әрекетіне сүйенеді.
1-кеңес: Балаға жоғары талап қоймаңыз
Біз жиі бала өз қалауларымызды орындағанын қалаймыз, тіпті, кейде талап етеміз. Біз оның «дұрыс» әрекет еткенін және «дұрыс» өмір сүргенін қалаймыз. Алайда бұл жиі баланың мүмкіндігіне және шын қалауларына қарсы шығады. Егер оған қоса, оны сынасаңыз немесе басқалармен салыстырсаңыз, оның өзін-өзі бағалауы түсіп кетеді. Баланы сынамай, оны тыңдауға тырысыңыз. Онымен сөйлесу кезінде қызбалық көрсетпеңіз.
2-кеңес: Баланы басқалармен салыстырмаңыз
Көпшілік ата-ана баланы басқа біреумен (сыныптасымен немесе құрдасымен) салыстыру арқылы оған мотивация беремін деп ойлайды. Олар бала сол кезде күштірек тырысады деп санайды. Иә, бәсекелескенді жақсы көретін кей балаларға бұл әдіс көмектеседі. Бірақ мұндай кезде көпшілік баланың, керісінше, еңсесі түседі. Сондықтан балаңызды ешқашан басқалармен салыстырмаңыз.
3-кеңес: Баланы мақтаңыз
«Жарайсың» деген бір сөзбен шектеліп қана қоймай, жетістігін айтып, өз эмоцияңызды көрсеткен дұрыс. Жасөспірім үшін маңызды нәрсені айқындап айтыңыз. Бұл жаста оларды сабақтан қандай баға алғаны аса қызықтырмайды. Оларға, әдетте, қоғамдағы орны, құрдастарының ойы, болашаққа деген үміті маңызды. Оған сенетініңізді көрсетіңіз, қазіргі жетістіктерін көріп тұрғаныңызды және оның өсіп келе жатқанын байқап жүргеніңізді айтыңыз.
4-кеңес: Басқалардың көзінше балаға ескерту жасамаңыз
Жасөспірімдер үшін олардың басқалардың көзінше қалай көрінетіні маңызды, сондықтан кез келген ескертуді олар ауыр қабылдап, бұл өзін-өзі бағалауының төмендеуіне әкеледі. Баланың көзқарасы бойынша, кез келген сын және «кішкентай балаға секілді» қатынас оның мәртебесін түсіреді, мазаққа немесе ұятқа қалуына әкеледі. Бұл ауыр кезеңде баланың беделін сақтаңыз.
Ата-анаға жасөспірім баласы оның ескертулерін елемейтіндей көрінуі мүмкін. Бірақ негізінде жасөспірімдердің мұндай әрекеті ішкі күрделі процестердің басталуына байланысты. Бала бұл кезеңде өзінің кім екенін, өз шекарасы мен сүйенішін түсінуге тырысып жүреді. Сондықтан қандай да бір жағдайда оған басқалардың көзінше ұрыспай, сабырлылық сақтап, үйге келген соң оңашада сөйлесуге тырысыңыз.
5-кеңес: Балаға сезімдеріңізді ашық білдіріңіз
Балаңызға оны жақсы көретініңізді жиі айтыңыз. Сізге көмектессе, алғыс білдіруді ұмытпаңыз. Оған өзіңізге ұнайтын тұстарын айтып тұрыңыз: «Сенің осындай қамқор (мейірімді, адал, батыл және т.б) болғанын ұнайды».
6-кеңес: Оның пікірімен санасыңыз
Бала сіздің пікіріңізге құлақ салғанын қалайсыз ба? Онда бірінші қадам жасаңыз — оның қалауы мен көөқарастарын құрметтеңіз. Киімді өзіңіз сатып әкеліп бермей, онымен бірге таңдауға тырысыңыз, демалыс күнді жоспарлағанда баланың да ойы мен уақытын ескеріңіз. Өміріңізде болып жатқан кейбір жағдайларға оның көзқарасын сұраңыз. Бала отбасы мүшесі ретінде өзінің маңыздылығын сезінуі керек.
Баланың өзін-өзі бағалауы жақсы болса, оның қолынан мына нәрселер келетін болады:
- Жаңа нәрселерді меңгереді;
- Құрдастарымен еркін сөйлеседі;
- Табысты болады;
- Өзін қорғай алады;
- Қажет жерде өз қызығушылықтары мен құқықтарын қорғайды;
- Дұрыс қарым-қатынас құра алады;
- Жақсы көретін ісімен айналысады.