Қазір көпішілік отбасыдағы проблеманың бірі – баласының гаджеттерге тәуелді болуы. Егер баладан ұялы телефонды тартып алып, оны жазаласаңыз, бұл тәуелділікпен күресуге көмектеспейді. Керісінше, ол тұйықталып, тыйым салған нәрсені жасау үшін әртүрлі әрекеттерге баруы мүмкін. Сондықтан өзгерісті біртіндеп жасап, жайлап дұрыс әдеттерге баулу керек.
Үлгі болу
Гаджеттерге қатысты нақты ережелер орнатыңыз. Алайда бұл ережелерді тек бала емес, барлық отбасы мүшелері сақтауы тиіс. Өзіңіз гаджетте көп уақыт өткізіп, балаға тыйым салсаңыз, ол сіздің талабыңызды түсінбеуі мүмкін. Сондықтан бүкіл отбасы болып, пайдалы әдеттер қалыптастыруға тырысыңыз. Мысалы, дастархан басында гаджетті ешкім ұстамауы керек. Сол секілді ұйықтарға бір-екі сағат қалғанда ешкім ұялы телефон қарамауы тиіс.
Балама іс ойлап табу
Баладан ұялы телефонды алып алған кезде міндетті түрде ол жалығып кетпейтін балама іс ұсынуға тырысыңыз. Мысалы, үйірмелер мен белсенді ойындар.
Сөйлесу
Баламен әңгімелесуді, жоспарларды талқылауды және отбасылық ортақ шаруаларда кеңес сұрауды әдетке айналдырыңыз. Осылайша, ол өзінің маңыздылығын түсінеді. Сенімді әрі ашық әңгімелесу арқылы баланың мектептегі жағдайын немесе құрдастарымен қарым-қатынасын біле аласыз. Себебі баланың гаджетке тәуелді болуына оның құрдастарымен келіспеушіліктері себеп болуы мүмкін.
Бала проблемасын түсіну
Баланы тыңдап үйреніңіз. Күнделікті қарбаласта балаңызды тыңдамауыңыз немесе оны не мазалайтынын естімеуіңіз мүмкін. Бала ішіндегісін айта алмаса және ол жинала берсе, бала сандық әлемге еніп кетеді. Ол түсіністікті сол жақтан іздеуі мүмкін. Бала проблемаларын құнсыздандырмаңыз. Сізге ұсақ-түйек нәрсе болып көрінген нәрсе ол үшін маңызды болуы мүмкін. Оны түсінетініңізді айтып, кеңесіңізді аямаңыз.