Баланы неше жастан бастап үйде жалғыз қалдыруға болады? Психолог жауап берді
Түрлі себептерге байланысты кей ата-аналар баласын үйге жалғыз өзін қалдырып кетуге мәжбүр болады. Бала қай жаста үйде жалғыз қалуға дайын болады? "Ініңді немесе сіңліңді қарап қой" деп, үлкен балаға кішкентай баланы қалдырып кету оған қалай әсер етеді? Бұл сұрақтарға Massaget.kz тілшісіне балалар психологы Амантайқызы Ақгүл жауап берді.
Психологтың айтуынша, бала үйде жалғыз қала алуы үшін онда мына қабілеттер болуы керек:
- бала ұзақ уақыт бойы ешкімнің көмегінсіз жалғыз өзі ойнай алады;
- бір сағат бойы бала өздігімен тыныш отырып, сурет сала алады немесе кітап оқып отыра алады;
- бала телефонды қолдана алады, сізге қоңырау шала алады және хабарлама жібере алады;
- 103, 102 сияқты жедел жәрдем, полиция қызметкерлерін теріп хабарласа алады;
- баланың үйде жалғыз қалуға деген қалауы, ниеті болуы керек.
Маман әр баланың үйде жалғыз қалуға дайын болатын кезі әртүрлі болатынын айтты.
"Жоғарыда айтқан қабілеттер балада шамамен 6-7 жастан асқаннан кейін қалыптаса бастайды. Бірақ әр балада әртүрлі екенін ескеру керек. Егер баланы жалғыз қалдыратын болсаңыз, міндетті түрде қауіпсіздік ережелерін үйрету керек. "Газды қосуға болмайды, есікті бөтен адамға ашуға болмайды, терезеге жақындап қарауға болмайды" деген сияқты қарапайым ережелерді балаға үйреткен дұрыс. Балаға бұл нәрселерді үйретпей оны үйге жалғыз қалдырып, бір нәрсе болып қалатын болса, бұл баланың кінәсі емес, ата-аның жауапкершілігі екенін ұмытпаған жөн. Баланы шамамен 7-8 жастан асқаннан кейін қалдыруға болады: бала бұл кезде оқи алады, көп нәрсені түсінеді, жақсы мен жаманды айыра алады", - деді Ақгүл Амантайқызы.
ru.freepik.com
Балалар психологы баланы үйде жалғыз қалдыру үшін оның қорқыныштары болмауы керегін ескертті.
"Тағы бір мәселе - балада қорқыныштар болмауы керек. Қатты дыбыстан, жалғыз қалудан қорқатын балалар бар. Тіпті, басқа бөлмеге жалғыз бармайтын балалар бар. Егер баладан осындай айқын көріністегі қорқынышын байқасаңыз, ол 9-10 жаста болса да, оны жалғыз қалдырмаған дұрыс. Себебі бұл қорқынышы асқынып, невротикалық қорқынышқа айналып, балаға қиын болуы мүмкін", - деді маман.
Сондай-ақ психолог үйдің үлкеніне бауырларын қарауды тапсырып, оларды өздерін үйде қалдырып кету үлкен балаға кері әсерін беру мүмкін екенін айтып өтті.
А. Жапатова"Бала қанша үлкен болса да, балаға жауапкершілікті алатын тек ата-ана. Ол өзінен кейінгі балаға жауапкершілік ала алмайды. Бізде "үлкен бала бәріне қарау керек, ол басқаларына бас-көз болу керек" деген менталитет бар. Осылайша, үйдің үлкеніне қатты жауапкершілік артып тастайды. Бұл баланың ерте есеюіне, балалық шағының аз болуына әсер етеді. Ересектерде мынадай проблема бар: кішкентай бала құлап қалса, ұрынып қалса, бірден үлкен баланы кінәлайды, "сен неге қарап отырмайсың" деп үлкеніне ұрса кетеді. Бірақ біз осылай айтып, өзіміздің жауапкершілігімізден қашып тұрмыз, қателігімізді мойындағымыз келмейді. Басқа адамды кінәлай салу оңай. Бала сіздікі, баланы дүниеге әкелген, оның дүниеге келуін қалаған - сіз. Үлкен бала - бөлек тұлға, кіші бала - бөлек тұлға, бірақ бәріне жауап беретін - сіз. Ата-аналар осы нәрсеге саналы түрде қараса екен деймін.
Сондай-ақ баланың миы әлі толық жетілмеген. Бала қазір айтылған нәрсені қазір ұмытып кетуі мүмкін. Бала әлі үлкен жауапкершілікті алатын жағдайда емес. Оның миы кей ақпараттарды қорытуға дайын болмауы мүмкін. Кішкентай нәрсені ұмытып кететін балаға басқаларды қарау секілді үлкен жауапкершілік артып қою дұрыс емес. Бұл болашақта үлкен баланың өміріне кәдімгідей әсер етеді. Мысалы, ол отбасы құрғысы келмеуі мүмкін, үйден тездетіп кетіп қалғысы келуі мүмкін және т.б", - деп қорытындылады Амантайқызы Ақгүл.