- Негізгі бет
- Психология
- Баланы бағып-қағудың тиімді...
Баланы бағып-қағудың тиімді әдістері қандай?
Халқымыз бала тәрбиесіне көп көңіл бөлген. Жастайынан еңбекқорлыққа үйретіп, аң-құс аулауға бірге алып жүрген. Балаларыңыздың бабаларымыздай ержүрек, адал, ақылды болып өсуін қаласаңыз, кеңестерімізге назар аударыңыз:
5 жасқа дейінгі уақыт - алғашқы кезең. Бұл жаста оларды құдайдай сыйлауымыз қажет. Ешнәрсеге тыйым салуға болмайды. Тек орнына басқа нәрсе беруімізге болады. Бала өміріне қауіп төнетіндей бір нәрсе жасаса, көздеріңізді үлкейтіп, қорыққан дауыс шығарыңыз. Бұл тілді балалар жақсы түсінеді. Бұл уақытта белсенділігі артып, өмірге деген құлшынысы көбейеді. Әрине, бірден ұзақ айтылатын дүниелерді қабылдауы қиын. Мысалы, вазаны сындырып қойған бала оның қымбат екендігін, сатып алу үшін біраз тер төгіп жұмыс жасау керектігін түсіне бермейді. Оны бұл әрекеті үшін жазалау арқылы заттарды сындырмауға емес, керісінше мықтыға бағынуға үйретесіз. Мұның сізге қажеттілігі бар ма?
Оларға жәбір көрсетіп, ұрып-соғудың қажеті жоқ. Оларды ұрмайтындығымыздың жалғыз әрі басты себебі олардың бұл әрекетімізге жауап қайтара алмауында.
Екінші кезең - 5-10 жас аралығы. Бұл уақыт аралығында балаңызды құлыңыздай жұмсағаныңыз абзал. Алдына мақсат қойып, оның орындалуын қатаң түрде талап етіңіз. Орындамағаны үшін жазалауыңызға болады. Тек ұрмаңыз. Ненің дұрыс, бұрыс екендігін сіздің жүзіңізге қарап білуі тиіс. Сол себепті оның іс-әрекеттеріне эмоцияның көмегімен жауап беруді ұмытпаңыз. Осы жас аралығында білім алуына барынша көмектесуіңіз керек.
Үшінші кезең 10-15 аралығы. Бұл кезеңде балаңызды қалай тәрбиелеген дұрыс? Онымен тең дәрежеде сөйлесіңіз. Одан кеңес сұрап, қажет болғанда ақылыңызбен бөлісіп отырыңыз. Ақылыңыз кеңеске ұқсап айтылсын. Тапсырманы өз бетімен орындағаны дұрыс. Жасаған қылықтары ұнамаса, бас салып ұрыспай, нәтижесінің қате болатындығын түсіндіріңіз.
15 жастан кейінгі кезең. Оны барынша сыйлаңыз. Бұл жаста баланы тәрбиелеу кеш болады. Бар болғаны еңбегіңіздің жемісін жейсіз.
Бұл ережелерді орындамасаңыз, нәтижесі қандай болатынын білесіз бе?
5 жасқа дейін оған ұрысып, ұрып-соғумен болсаңыз оның өмірге деген белсенділігін жойып, ары қарай дамуына кедергі жасайсыз. Қу адамдардың жетегінде кететін адамды тәрбиелеп шығасыз. Бұл әрекеттерді қолданбастан, дұрыс жолды таңдай білетіндей дәрежеге жеткізіңіз.
- Балаңызды 5 жастан кейін де еркелете беретін болсаңыз, балаңыздан еңбекқорлық пен батылдылықты күтпеңіз.
- 10 жастан кейін балаңызға артық мейірімділік танытатын болсаңыз, балаңыздың ешнәрсеге икемі болмай өседі. Өзіне деген сенімділігі төмендеп, сөзі өтетін достарының айтқанымен жүретін болады.
- 15 жастан асқан балаңызды құрметтемесеңіз, сізді өмір бойы кешірмейді. Бірінші мүмкіндік туа салысымен үйден кетіп қалады.
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: freepik.ru
Қ. Бүйенбай