Зейнеп Ахметова апамыз айтатын қазақы үй дәстүрін қолдаймын. Баланың дамуына ата-әже әсері өте зор. Принстон университетінің BabyLab деген зерттеу орталығы мынадай нәтижені бөліскен: баланың зияткерлік қабілетіне не әсер етеді, яғни баланың болашақтағы үлгеріміне не әсер етеді деген мәселені зерттейді. Сөйтіп мынадай заңдылық анықтайды: ауқатты, дәулетті, орта таптан жоғары, жағдайы жақсы отбасының балаларының сабақ үлгерімі жақсы болады. Кедей, қаржылық мәселесі бар отбасыларда балаларының сабақ үлгерімі нашар болады. Не әсер етті? Ақша ма десе, мәселе мүлдем ақшада емес немесе ойыншық бағасы не сапасында емес, мәселе баланың 0-ден 3 жасқа дейінгі білетін сөз санында екен. Ауқатты отбасыда таңғы аста газет оқылады, айтылатын әңгіме басқа, сөз басқа, сөз сапасы басқа, сәйкесінше бала көп сөз естиді. Ол үйге келетін қонақ та көп. Қаржылық мәселесі бар отбасыларда әңгіме айтылмайды, сөз естілмейді, 0-ден 3-ке дейін қалайсың, іштің, жаттың, тойдың қарапайым тұрмыстық деңгейден аспайды. Балаға қалтамыздың қалыңдығы әсер етіп тұрған жоқ, сөздік қорымыз әсер етіп тұр. Ал енді сөз қорына ата-әжеден артық әсер ететін нәрсе жоқ. Қартайған кездегі табиғи мылжыңдығы ма, әйтеуір баланы ашады. Оның Ай неге құламайды?, қасық неге мынадай?, мынаның аты неге мынадай? деген неше түрлі сұрақтарына жалықпай жауап береді. Көп тәжірибеде көріп жүргенім: ата-аналар шыдамымыз біткен кезде құрышы деп қуып жіберуіміз мүмкін. Бұл бір ғана үлкен артықшылығы. Бұдан да басқа жақсы тұстары бар: ескірмейтін құндылықтарды сіңіру. Бірақ біз бір нәрсені ескеруміз керек: өзінің ретімен, әдебімен жүруі керек. Ананы алмастырып не баланы түгел сол жаққа тапсырып жіберу емес. Иә, бала ата-әжесінің жанында көбірек шартсыз қабылданады, немере болғаннан кейін автоматты түрде шартсыз қабылдайды, өйткені олар өздерін шартсыз қабылдап қойған кезеңге жеткен. Баланы шексіз жақсы көреді. Оның еркелігінде дау болмайды. Бірақ ол бала мен ананың арасындағы қатынаста бір кірбің болады, әйтеуір бір мәселе болып тұрады. Бір кісілер болатын ата-әженің тәрбиесін көріп өстім, ешкімнен кем болмадым дейді. Сонда мен Әке-шешеңізбен қарым-қатынасыңызды 1-10-ға дейін бағалай аласыз ба?, Соңғы рет қашан жақсы көрем дедіңіз, қашан құшақтадыңыз? деген сұрақ қоямын. Бұл сұраққа берілген жауаптың соңы жылаумен, жаспен аяқталады. Ал ол ненің көрінісі? Ол кезіндегі орны толмай қалған нәрсенің көрінісі ғой. Ата-әже болу керек, бірақ ата-әже, ата-ана деген форматта ғана. Осы бір сатыда, осы бір реттілікте. 0-3-ке дейін ата-әжесі бәрі бір үйде тұрған болса, тамаша. Осы жерде тағы бір зерттеу айта кетейін: АҚШ-та бала үшін қолайлы психологиялық орта қандай деген сұрақ туады зерттеушілерде. Негізі зерттеудің мақсаты басқа еді. Бірақ түбінде өздері күтпеген нәтижеге қол жеткізеді. Бала үшін ең қолайлы орта: үш ұрпақты отбасы екен: бала, ата-анасы, ата-әжесі. Үш ұрпақты сатылы дәстүрді сақтаған отбасы балаға ең қатты әсер етеді. Оның танымдық, психологиялық, эмоциялық қалыптасуына оң әсерін береді. Иә, осындай форматта болса, керемет. Баланы түбегейлі алып, ажыратып ата-әжесіне беріп қою, қатты айтқан кезде қартайған кезінде қуыршақ секілді ермегі етіп беру мен оған қарсымын. Бізде көбіне осы форматта болып жатады.Жақында бір жігіт хабарласты: өздері Алматыда тұрады, әке-шешесі 200-300 шақырым жерде тұрады. Бала сол жақта. Баланың ата-әжесі ата-анасына еркелетуге тыйым салады, көруге де тыйым салады. Бізге бауыр басып, үйренсін, келмеңдер депті. Кейін анау сенің ағаң деп үйретіпті. Ол үлкен кісілердің де күні санаулы ғой, сол кезде бұл кішкентай бала үшін үлкен трагедия. Өз ата-анасына сіңісуі қиын, себебі Маугли бала секілді сензитивті кезең өтіп кеткен. Баланың тағдырын құрту дұрыс емес сияқты. Мен не дедім? Алып кет өзіңмен бірге деп тікелей айтпаймын. Кейін не болатынын, сізді не күтіп тұрғанын айтамын. Шешімді өзіңіз шығарасыз. Шешімнің көп түрі бар. Бастысы баланы 3 жасқа дейін анасынан ажыратпау. Ал 3-тен кейін, керісінше, анасынан ажырату керек болады. Ол енді бөлек әңгіме. Бірде телеэфирге шақырды. Шақырылған қонақтар арасында ата-әжесімен тұратын отбасы бар, бөлек тұратын жанұя бар, баласын ата-әжесіне беріп қойған отбасы бар. Мен де қонақ боп бардым. Бір ана баласын ауылдағы ата-әжесіне берген екен, атын атамайды баланың, еркелетпейді. Қайын інісін атағандай ат қойып алған. Енесі баланың анасынан біздің көзімізше де, тығылып та иіскеуші болма деген талап қойыпты. Бір күні анасы үйге келгенде, алдынан баласы жүгіріп шығыпты. Ерке бала, қалайсың? деп басынан сипап өтіп кетіпті. Түпкі тамда атам жатқан. Сол ситуацияны көрген. Бота енесінен жерініп кетеді, мына түрімен деген бір нақыл сөз айтты атам дейді келіншек. Қалаға кететін кезде атам баланың киімін, бәрін жинаңдар, мынау былай кете берсе, мынау анасын, анасы баласын мойындамайтын болады, баланы қайтарыңдар, біз қателік істеген екенбіз. Өз баласы анасымен бөтен адаммен амандасқандай жанынан өтіп кеткен ғой. Үлкен кісінің соны байқап, шешім шығарғаны сергек ой (здравый мысль) деп ойлаймын. Бұл бала жолы болса, психологқа барады, жолы болмаса іште авария болады. Осындай білместен, сауатсыздықтан қаншама баланың бақыты баянсыз болып жатыр, жетістікке жетсе де, ішіндегі жетіспеушілігімен күресіп жүреді. Тақырыпты ашу үшін мына мысалды келтірейін: Маргарет Тэтчер. Жетістікке жеткен леди деп танимыз. Бір сұқбатында жетістікке жеткен ледисіз деп басталған сұраққа ханым Стоп! депті. Қалайша? Неге? десе, Иә, мен саясатта мақсатыма, жетістікке жеткен саясаткермін, бірақ мен бақытты ана бола алмадым дейді. Әдетте, қоғам алдында жарқырап жүрген тұлғалардың 15 секундтық сторизін көріп, түгел баға беріп кетеміз ғой, ал оның өмірде қандай әке екенін жақындары, қызметкерлері ғана біледі. Бақытқа құрбан етпей жету керек деп ойлаймын.