Балалардан үйренейік...

Балалардан үйренейік...

Бала кезімізде тезірек өсіп, ересек болуға асыққан едік. Ал өскен сайын балалық шаққа қайту арман. Әрине, өткен шаққа оралу мүмкін емес, бірақ балаларға қарап, керек қасиеттерін өзімізге алуға болады.

Ішіңізде балалықтың бір бөлігін қалдырып, сақтап, болмаса тәрбиелеп алу үшін біздің кеңестерімізді қолданыңыз.

Логика

Бүлдіршіндерде логика жоқ деп ойлайсыз ба? Қателеспеңіз, балаларда логика өте жақсы дамыған. Балалар көзінің алдына түскен әр затқа үлкен көңіл бөліп қарайды. Күнделікті, қарапайым нәрселер мен оқиғаларды өмірлерінде бірінші рет көргендей қызығып, ұсақ-түйектеріне дейін байқап, зерттегілері келеді. Егер сіз де кішкентай бала сияқты заттарға таза оймен, басқа қырдан қарауды үйренсеңіз, көптеген мәселелердің шешімін іздеуге көп уақыт құртпайтын едіңіз.

Әуесқойлық

Балалар қоршаған орта, заттар, адамдар мен өмірлік жағдайлар жайлы көбірек білгісі келеді. Олар көп сұрақ қойып, оларға түсінікті жауаптар алғылары келеді. Балалар жаңа ақпаратты өзіне бір сәтте сіңіріп алады. Ересектерге осылайша жаңа ақпарат тауып, қабылдап, дамып, өсуге әуесқойлық жетіспей тұрады. Өз әуесқойлығыңызды тәрбиелеп алсаңыз, әр уақыт жаңа шешімдер, пайдалы жолдар, тиянақты жауаптар іздейтін боласыз.

Тілтапқыштық

Кішкентай бүлдіршіндер барған жерінде жаңа достар табуға тырысады. Балалар бақшасы, мектеп, жазғы лагерь, үйдің ауласы... Кішкентайлардың қай жерде болмасын, жаңа таныстары мен достары табылып жатады. Өсе келе біз осы керемет қасиеттен айрылып, "нағыз достар тек балалық шақта болған" деп айналдырған бір-екі досымыздың барына разы боламыз. Ал шын мәнінде адамға рухани жағынан даму үшін жаңа таныстар, достар, әңгімесін тыңдап, баға бере алатын, қызығушылықтарымен бөлісетін жандар өте қажет. Сондай-ақ жұмыс, мансап жолында да адамға "жақсы таныстар" артық болмайды. Жаңа жерде танысудан, басқалармен тілдесуден ұялмаңыз, ал егер қысылып бара жатсаңыз, өзіңізді бала сезініп, рухтанып алыңыз.

Креативтілік

Балалар – креативті ойлардың қайнар көзі. Кез-келген баланың қолына көрінген ойыншық берсеңіз, ол сол сәтте оған дәстүрлі емес, ерекше қолданыс жолын табады. Шанышқымен шашын тараса, тарақпен "атыса" бастайды. Ал ересектер әр заттың белгіленген қолданысын білгендіктен, оны басқалай қолдану жайлы тіпті ойланбайды. Осы "дұрыс" жолдарды білу біздің миымызды жаңа, ерекше шешімдерден алыстатады. Жұмыстағы шешіле қоймаған мәселелерге "балаша" қарап көріңіз.

Демалыс

Кішкентайлар демалысқа арналған уақытын босқа өткізбейді. Олар тұрған жерінде мың ойын ойнап тауып, басқаларды да ойынына кірістіріп алады. Қол астындағы заттардан ойынға қажетті заттарды оңайлықпен жасап алады. Ал ересектер дайын тұрған демалыс орындары, мейрамхана, барларды аралап, дайын демалысты күтеді.

Тәуекелге бару

Балалар тәуекелге барудан қорықпайды. Олар жаңа істерге қызығып кіріседі, үлкен төбешіктерден сырғанап түседі. Қолдарынан келмесе де сурет салып, музыкалық аспаптарда ойнайды. Жарыстарға қатысуға батылдары жетеді. Біз де осылай қысылмай, ұялмай, қорықпай өмір сүрсек қалай болар еді? Бұрын-соңды болған барлық армандарыңыз орындалып, сіз қызығушылықтары мол, батыл адам болар едіңіз. Бұрыннан гитарада ойнап үйренгіңіз келіп пе еді? Сатып алып, сабаққа барыңыз. Сізді ешкім дарынсыз деп айыптай алмайды. Керісінше өз қызығушылықтарыңызға уақыт тапқаныңызға қызығып қарайды. Жұмыста да дәл солай. Тек тәуекелге барып қана сіз дегеніңізге қол жеткізе аласыз.

Ақша

Балаларға ақша керек пе еді? Не үшін? Тәттілер болса болды! Балалар құндылық деп ақшаны емес, соған алынатын заттарды санайды. Сіз де ақшаға солай қарап, оның маңыздылығын аспанға дейін көтермесеңіз, ақша жайлы уайымдарыңыз басылады. Өзіңізді кішкентай нәрселермен қуантып үйреніңіз.

Өзіңіздің үлкен, жұмсақ, мейірімді балалық жүрегіңізді сақтап қалыңыз!

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: mail.ru

С. А