- Негізгі бет
- Психология
- Балаға жағымсыз жаңалықты...
Балаға жағымсыз жаңалықты қалай айту керек?
Ересек адамға қарағанда, балаға нашар жаңалықты жеткізу әлдеқайда қиын. Әсіресе, жақын жандардың өлімі немесе сүйікті итінің жоғалып кеткенін бала оңайлықпен мойындай қоймайды.
• Алдымен, жағымсыз жағдай болғанын айтып, балаңызбен бұл туралы сөйлескіңіз келетінін ескертіңіз. Бала өзін ыңғайлы әрі қауіпсіз сезінетін ортаға апарыңыз: не қонақ бөлмесі, не саябақ. Балалар бөлмесінде айтудың қажеті жоқ. Өйткені, бала санасында жағымсыз жайт оның бөлмесімен астасып қалып қояды.
• Сіз өзіңіздің мәселені талқылауға және қолдауға дайын екеніңізді көрсетіңіз. Сондықтан қарама-қарсы отырып, қолынан ұстағаныңыз дұрыс.
• Жағымсыз жаңалықты бірден маңызды бөлімінен бастаңыз. Яғни, нақты нәрсені айтып барып қана, оқиғаның қалай болғанына көшуге болады.
• Оның қандай сезімде екенін абайлап сұраңыз. Оның кез келген сезімі маңызды екенін және оны қолдау үшін жанында екеніңізді көрсетіңіз.
• Балаға сұрақ қоюға мүмкіндік беріңіз. Барлық нәрсені айтпасаңыз да, шынайы жауап беріңіз.
• Ол сұрап болғаннан кейін ғана дәл қазір не істегісі келетінін сұраңыз. Барлық адамда күйзеліспен күрес механизмі қалыптасқан. Мүмкін, балаңыз бөлмеде жалғыз қалғысы келетін шығар. Керісінше, отбасымен бірге отырып балмұздақ жесе жақсы болатын шығар. Оған қалай жақсы болатынын өз бетіңізбен шешуге тырыспаңыз.
Т. Есқали