- Негізгі бет
- Психология
- Балаға айтуға болмайтын...
Балаға айтуға болмайтын 10 сөз
Ұл-қызын патшадайын сыйлаған халқымыз тәрбиені жас қайыңды игендей етіп берген. Қызын қонақ деп төрге шығарса, ұлы бес жасында ат жалын ұстап мінген. Бөрік киген бойжеткені инабатты болып өсіп, бозбаласы ары мен намысын қызғыштай қорғаған. Ал бүгінгі тәрбиеміз қандай? Өз баламызды еркелетіп, әлпештей алудамыз ба? Нарық заманында барлығымыз да жұмыс істеп, үйге шаршап келеміз. Әрине, барлығы да бала-шағаның қамы үшін екендігі түсінікті. Алайда бала мұны түсіне ме? Арамызда алдынан тәй-тәй басып жүгіріп шыққан баласының маңдайынан сүюге ерінетін де жандар бар. Мұнымен қатар, оларға бағыттап, ойланбастан дөрекі сөздер айтып қаламыз. Ол сөздердің болашақта қандай жағдайға әкеліп соғатындығын білмейміз. Егер балаңыздың толыққанды азамат болып өскенін қаласаңыз, төмендегі 10 сөзді айтпауға тырысыңыз.
1. Сенің қолыңнан еш нәрсе келмейді, әкелші өзім жасаймын!
Психолог мамандардың айтуынша, бұл фразаның баланың санасына әсер етіп, болашақта көп сәтсіздікке тап болуына жол ашады. Өзін ақымақ адамдай сезініп, болашақта анам тағы да ұрсады деген оймен жауапкершілікті мойнына алмайтын болады.
2. Ал да, тыныштал!
Көп ата-ана баланың «өтінемін, берші» сынды еркелігіне төтеп бере алмайды. Бұл әрекет жалғаса берсе, болашақта барлығына жылап, еркелеп қол жеткізуге болады деп ойлайды. Ата-анасының «жоқ» деген сөзін қаперіне алмайды.
3. Осылай жасағаныңды тағы да бір рет көрсем, таяқ жейсің!
Тәжірибеміз көрсеткендей, бұл ойымыз қорқытумен ғана шектеледі. Ата-анасы ұрып соқпаса да, бала өмір бойы қорқып өтеді. Оларды бар ықыласымен жек көреді. «Ботақаныңызды» қорқытпаңыз. Бала әр істің артында не болатындығын нақты біліп отыруы тиіс. Ал ата-анасының дәл мұндай ұрысы жақсылықпен аяқталмайды.
4. Жылдам қой деймін!
Баламен бұлай қатты сөйлесудің қажеті жоқ. Бұл сіздің балаңыз емес пе?! Себеп жүйкеңіздің жұқарғандығында болса, одан кешірім сұраңыз. Мұндай жағдайда бүлдіршіндер қыңырлығын көрсетсе, жасөспірімдер үндемей кетіп қалады. Тұйық болып өседі. Қысқасы қалай десек те, бұл сөзді айтуға болмайды.
5. Сен түсінуің керек ...
Көп бала бұл сөз айтылған кезде қорқа бастайды. Сізді тыңдап тұрғандай кейіп танытса да, назарын басқа арнаға бұрады. Ол үлкендердің тілін жетік түсіне бермейтіндігін ескеріңіз!
6. Ұлдар мен қыздар бұлай жасамайды!
Осы сөзді айтқан сайын баланың санасында стереотиптер қалыптасып қалады. Ұл бала өскен соң өзінің сезімін көрсете алмайды, ал қыз бала үй шаруасынан шыға алмай жүреді.
7. Бос нәрсеге бола мұңайма!
Сіз үшін болмаса да, балаңыз үшін бұл нәрсе нағыз өмірінің мәніне айналуы мүмкін. Өзіңіздің балалық шағыңызды еске алыңызшы! Ия, расымен де, бала машина бермедің немесе құмнан жасаған үйім бұзылып қалды деп ренжіп, бұртия түседі. Оның кішкентай қиындықтарына бей-жай қарай беретін болсаңыз, болашақта сізге сырын еш уақытта айтпайтын болады.
8. Менің денсаулығыма қарайлас!
Мұны кей ана жиі айтады. Арада біраз уақыт өткен соң бұл сөз ертегіге айналады. Анасы тек тынышталдыру үшін айтып жатыр екен деп ойлайды.
9. Жоқ, біз сатып алмаймыз. Бұл – қымбат!
Балаға барлығын бірден сатып алуға болмайтынын түсіндіру өте қиын жұмыс. Олар ата-анамда ақша болса, барлығын да сатып алуыма болады деп ойлайды. Оның орнына «Бұл ойыншық сенде бар», немесе «Шоколад денсаулыққа зиян» деп айтқан дұрыс болар. Ия, барлығын түсіндіру қиын. Бірақ бала сіздің не үшін сатып әпермейтініңізді түсінуі тиіс.
10. Басқаның баласы бала, ал сен болсаң ...
Қолыңнан түк келмейді, кір-кір болып жүре бересің және т.б. Мұндай мәдениетсіз сөздерді баланың құлағына құюдың қажеті жоқ. Бұл баланың өзін бағалауын төмендетіп, бала, расымен де, өзін өзгелерден төмен сезінетін болады.
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: Ерлан Омаров
Қ. Бүйенбай