Бала ата-анасына нені айта алмайды? Психотерапевт жауабы
Психотерапевт Назипа Жанәділқызы көпшілік бала өз ата-анасына нені айта алмайтынын өзінің инстаграм парақшасында жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Психотерапевт терапияға келген әр клиенттің өз ата-анасына бала кезінде айта алмағандарын жинақтап, қысқаша келтіріп кеткен:
"Менімен ойнашы. Ақыл айтпа, үйретпе жәй ғана ойнашы. Өмір бойы есте қалатын жағымды естелігім әке-шешеммен асыр сап ойнағаным, ойнағанда сезінген көңіл-күйім болмақ";
⠀
"Мені тек тәртіпті, ақылды болғанымда ғана айналып толғанбашы. Тентектік жасасам да, қырсығып еркелесем де айналып толғаншы. Сонда ғана мен әке-шешеме қандай болсам да керекпін, олар мені қалай бармын солай қабылдайды деп өсемін. Ересек өмірімде де өзгелермен қабылданамын";
⠀
"Құшағыңа қысып құшақташы. Шартсыз жақсы көретініңді сездірші. Қорғаныста екенімді, өз сезімімді ашық көрсетіп, қауіпсіз ортам бар екенін сезіп, біліп өсемін. Сенімді боламын";
⠀
"Мені әжеммен қалдырмашы. Әжем ұрсады, тілдейді, сендерді жамандайды. Әке-шешең жаман дегенді есту "сен де жамансың" дегенмен пара-пар. Жаман болғым келмейді";
⠀
"Мен қуанып өз әңгімемді айтып жатырсам тыңдаңыздаршы. Бөлмей, сынамай, мазақ етпей. Тыңдалмай қалу сондай қиын, кейін мен мүлдем ештеңемен бөліскім келмейді. Кейін ересек шағымда "неге үндемейсің, неге пысық болмайсың" дегенді естімеспін, бәлкім";
⠀
"Сен үшін әкеңе шыдадым. Сен үшін әкеңе төздім дегенді айта көрмеңізші. Әкеммен бақытсыз болғаныңыз үшін өмір бойы өзімді кінәлі санармын-ау";
⠀
"Нағашыларым "әкең жаман, әкең қу" деген сөздерді айтпаса екен. Әкем өзіме алтын болғандықтан, ол алтынды сырттай жамандағанын есту ауыр. Мен де қумын ба деген ой пайда болар";
⠀
"Неге екеуің бір отбасы боп, бірігіп бала сүйе тұра қырық пышақ боп бөлінесіңдер? Әрқайсың өз туысыңды мақтап, бір-біріңнің туысыңды даттап";
⠀
"Ұрысып, төбелесуді доғарыңдаршы, өтінемін, жалынамын".