Бақытыңызды арттыруға көмектесетін 6 қағида

Өмірде бәрі біз қалағандай оңай емес. Кейде өзіңізді бақытты сезіну үшін жайлы орныңыздан қозғалып, сізді қорқытатын және өзіңізді сенімсіз сездіретін нәрселерді жасау керек болады. Осы нәрселер сізді үйлесімділікке жеткізуі мүмкін.

Тәуекел ету

Сіздің алдыңызда таңдау тұр делік: өзіңізге үйреншікті жағдайда қалу (ол жерде сізге бәрі таныс және әрекетіңіз қандай нәтиже беретінін білесіз) немесе тәуекелге бару. Мұндай кезде әрқашан екінші нұсқаны таңдаған дұрыс. Әсіресе, өз өміріңіз сізді қанағаттандырмаса, ыңғайлы және тұрақты жағдайдан шығуға тырысу керек. Ал егер көңіліңіз толса, тұрақтылық, қауіпсіздік және жайлы аймақтың болуы — әрине, жақсы. Жалпы айналаңызда болып жатқан келеңсіздіктерге өтпелі нәрсе ретінде қарауға тырысыңыз. Бұл қазіргі барыңызмен шектелмеуге көмектеседі. Бірдеңе ұнамаса, өзгертіңіз. Ол үй, сізді қоршаған адамдар, жұмыс немесе өмірлік принциптеріңіз болуы мүмкін. Барынша тырысып істеген әрекетіңіз сәтті аяқтала ма, жоқ па алдын ала біле алмайсыз. Кез келген бастамаңыздан ең болмағанда тәжірибе аларыңыз анық. Келесіде оны тағы бір рет қолған алған кезде біліміңіз бен дағдыңыз болады.

Орындалуы қиын мақсат қою

Армандарыңыз нақты мақсаттарға айналуы керек. Қолыңыздан 99% келетін нәрсеге ұмтылудың еш мәні жоқ. Сәтсіздіктен және басқалардың пікірінен қорықпаңыз. Мақсатыңыз тым жеңіл әрі үйреншікті болмауы керек. «Сыйлықақы алу» немесе «спортзалға жазылу» деген секілді мақсаттардан бас тартыңыз. Оларға үлкен күш салмай-ақ жететіңізді өзіңіз де білесіз.

Айналадағының бәрін бақылаудан бас тарту

Өміріңізде болып жатқанның бәрін бақылай алмайсыз. Ешбір жағдай 100% сізге байланысты емес. Бақытты әрі толыққанды өмір сүру үшін күнделікті тірлікті шамадан тыс бақылауда ұстау синдромынан арылу керек. Қандай да бір жағдайларды немесе басқа адамдарды басқарудан бас тартуды үйреніңіз. Сіз тек өзіңіз, өз әрекеттеріңіз және сыртқы құбылыстардан алар әсеріңіз үшін жауап бере аласыз.

Идеяны жүзеге асыруға аз уақыт бөлу

Бірдеңеге жетуді жоспарлаған кезде адамдар өздерін аяп, оны жүзеге асыруға арналған мерзімді созып жүреді. Нақты уақыт аралығына үлгермей қалудан қорқуды тоқтатыңыз. Сіз қойылған мақсатқа бір күнде немесе бір айда жете аласыз. Қалаған нәрсеге жетуге аз-аздан жиі уақыт бөліңіз. Сәтсіз аяқталады деп қорқуыңыз мүмкін, есесіне, идеяларыңызды жүзеге асыруды және проблеманы шешуді кейінге қалдырмайсыз.

Барлығы үшін жақсы бола алмайтыныңызды түсіну

Өзіңнің жақсы екеніңді дәлелдегіңіз келетін адамдар көп. Сол үшін бар күшіңізді саласыз. Ең өкініштісі, бұлай тырысқаныңыз ақтала бермейді. Басқа біреу сізді жаман адам деп ойлап қалды, сөзіңіз бен әрекетіңізді түсінбеді, сіз туралы шындыққа жанаспайтын басқаша пікірде қалатын болды деп уайымдауыңыз да мүмкін. Ендеше, өміріңізді жеңілдететін бір кеңес: өзіңізге жұрттың алдында жаман болуға мүмкіндік беріңіз. Сізді өзімшіл, жағымсыз және т.б деп санаса, санай берсін. Егер үнемі адамдарға әрекетіңіздің себебін түсіндіруге және сіз жайлы, сезіміңізге немесе мінезіңізге қатысты ақталып отыруға мәжбүр болсаңыз, онда олар сіздің жақын адамдарыңыз емес. Оларға өзіңіз жайлы пікір қалыптастыруға тырыспаңыз.

Қателесу

Басқалардың қателігінен бірдеңе үйрену мүмкін емес. Өз қателіктеріңізден ғана сабақ аласыз. Бағалы тәжірибе алу үшін, біліміңіз бен дағдыңызды арттыру үшін жаңа нәрсе істеп көруіңіз керек. Бір көргеннен ойлағаныңызға жетпеуде тұрған ештеңе жоқ. Қателік жіберіңіз — өзіңізден көңіліңіз қалудан және басқалардың пікірінен қорықпаңыз. Сәтсіздіктен қорқуды қойсаңыз, өзіңізге қателік жіберуге мүмкіндік берсеңіз, сол үшін өз өзіңізді кешіре алсаңыз, еркін бола түсесіз.