Бақыттың формуласы

Бақыттың формуласы

Алдияр оқырман, айтыңызшы ғылым деген не нәрсе? Қолмен ұстап, көзбен көріп зерттеліп, асты-үстін аударып тексеріп көз жеткізілетін, тек физикалық приборлармен өлшеніп дәлелденетін нәрсе ме? Егер бұлай ойласаңыз, сіз қателестіңіз. Себебін білгіңіз келсе, әрі қарай оқыңыз.

Қызығы мынау. Жер бетіндегі ғылым әлдеқашан айды да, күнді де түбегейлі зерттеуге көшіп, күнді қойыңызшы, мына біз өмір сүріп жатқан кеңістік туралы қалыптасқан стереотиптердің күл-талқанын шығарып бұзып, қайта бас көтермейтіндей етсе де, біз баяғы Нютондық-Декарттық парагдигмамен (дүниетаныммен) өмір сүріп келе жатырмыз, келе жатырмыз. Яғни көзімізге көрінетін нәрсеге ғана сеніп, көзден таса дүниелерді білгіміз келіп қызықпаймыз.

Былайша айтқанда, ғылымның дамуының жылдамдығы соншалық, қарапайым халық оларды түсініп үлгеріп жатқан жоқ.

“Бұл нендей дүниетаным, сонда?” деп, қызығып, білгіңіз келіп отырса, мына нәрсеге назар аударыңыз.

Кванттық физиканың ашқан бұл жаңалықтарына 60 жылдай өтсе де, аталарымыз бұны әлдеқашан түсінбек түгілі өз тәжірибесінде қолданған. Және пайдасына жаратқан. Сол көп жаңалықтардың бірі мынау:

Сана мен болмыс бір-бірінен бөлінбейтін тұтас нәрсе. Яғни екеуін екі бөлек қарастыруға, зерттеуге болмайды. Сіздің басыңызды теоремалар мен адам түсінбейтін формулаларды айтып қатырмай, қарапайым тұрмыстық деңгейде түсіндіріп беруге тырысайын.

Сіз, әлбетте, адамдардың қатерлі ісіктен емделіп кеткендігі туралы түрлі оқиғаларды естіген шығарсыз. Олардың барлығының емі бір нәрсеге келіп саяды. Жақсы ойға. Өмірімнің соңғы күндерін жақсылап өткізейін деген ниетпен күні-түні санама “мен ауруымнан айықтым, менің денім сау” деген секілді ойларды сіңіре бердім, сіңіре бердім. Сөйтіп, күндердің күнінде дәрігер менің сау екенімді айтты” деген секілді болып келеді олардың берген сұхбаттары.

Бұл ғажайып құбылыстың себебін жапондық Имото Масару атты ғалым зерттеп тауыпты. Қысқасы, суға қарап жақсы-жаман, дөрекі-сыпайы сөздер айтылып, соның әсерімен судың құрылымы сәйкесінше пайдалы-зиян болып өзгеріп отырған.

Ойымыз судың өзін осылайша өзгертетін болса, әрине тәнімізге дәл солай әсер етеді. Тек ой емес әрбір айтылған сөз, тасталған реплика бәрі-бәрі із-түссіз кетіп жатқан жоқ. Энергияның сақталу заңы бойынша, түптің түбінде бұның бәрі өзімізге қынадай жабысып, басымызға бәле болатыны айдан анық нәрсе.

Байқасаңыз, үнемі бір нәрсеге көңілі толмай, кіжіңдеп жүретіндердің жолы ауыр болады. Сонымен қатар денсаулықтары да ерте сыр беріп, жастары жетпей жүрек, буын, өкпе ауруларына шалдығып төсек құшақтап қалып жатады. Ол аз болса, жасы жетпей алжып, жұртқа күлкі, дұшпанға таба болып, бақытсыз ғұмыр кешеді.

Ал жүрегінде ешкімге кек сақтамайтын, ақ көңіл, ақ пейіл, жомарт, үнемі “көңілімде кек, ыза қалып қоймасын” деп, көңіл кірін тазартып жүруге тырысатын адамдардың жөні тіптен бөлек. Олардың өмірі де мәнді, жолдары да болғыш, денсаулықтары да мықты. Шал болып қартайған шағында да жастарға салиқалы әңгімесін айтып, үлгі болып отырады. Тұтас бір руды билеп, ағайын туыстың арасындағы дауды шешіп, аузы дуалы ақсақал болады.

Бұрыннан белгілі нәрсе боп көрінсе де, аса байыбына бара бермейтін 20-ғасырдың көп жаңалықтарының бірі осы. Олай болса, аса құрметті оқырман, бүгіннен бастап өз ойымызды, өз пиғылдарымызды түзеуге тырысайық. Аталарымыз айтпай ма: Амалыңды түзетсең әдетіңе айналады, Әдетіңді түзетсең мінезіңе айналады, Мінезіңді түзетсең тағдырыңа айналады – деп. Олай болса, іске сәт! Тағдырымызды өзіміз өзгертейік!

Осыған қатысты халқымыздың даналары да айтып кеткен:

Абай:

Қуаты күшті нұрлы сөз,

Қуатын білген абайлар.

Жалын мен оттан жаралған,

Сөзді ұғатын қайсың бар.

Халық мақалы:

Таяқ еттен өтер

Сөз сүйектен өтер

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: liveinternet.ru