Бақытты отбасының құпиясы

Бақытты отбасының құпиясы

Бәріміздің іздегеніміз - бір бақыт. Берекелі отбасында бір-бірін еркелету, бір-біріне құрметпен елжірей қарау, бір-бірінің кемшілігін жауып жүру сияқты әрекеттер жүзеге асады. Ырысты жанұяда айғайласу тұрмақ, дауыс көтерудің ізі де білінбейді. Осындай отбасында тәрбиеленген ұл-қыздың болашағы жарқын болмақ. 

Ендеше бақытты отбасының құпиясы неде?

Бақытты отбасы бір-бірімен көп сөйлеседі. Ал бақытсыз отбасының үндемеумен өтетін күні көп.

Бақытты ерлі-зайыпты жоспарын, өзара қарым-қатынасын, ата-аналарымен қарым-қатынасын, ақша мәселесін, көңіл-күйінің не себепті жоқ екенін терең талқылайды. Ал бақытқа жете алмай жүрген ерлі-зайыпты ереже бойынша, түскі ас, үй тірліктері, өсек-аяң сияқты тұрмыстық мәселелерді жиі айтады. Ал арманы мен жоспары, қызығушылығы мен сүйікті ісі әрқайсысының өз ішінде, айтылмай қалады. 

Бақытты ерлі-зайыпты бір-біріне селкеусіз сенеді. Жүрекке ауыр тақырыптарды айтады. Ал бақытсыз ерлі-зайыпты ауыр тиетін тақырыптар жөнінде үнсіз қалуды жөн көреді. 

Бақытты ерлі-зайыпты қиындыққа тап болғанда, бір-бірінің ойына құлақ асып, қиындықты бірге шешу жолдарын қарастырады. Ал бақытсыз ерлі-зайыпты бір-бірінің пікірінің астынан мін іздеп, салғыласумен уақыт өткізеді. 

Бақытты жанұяның ерлі-зайыптысы бір-бірінің үлкен, сорақы қателіктерін кешіре біледі. Сенім мен түсіністік жоқ отбасы бір-бірін кешіре алмайды. 

Бәріміз бақытты болғымыз келеді. Бақытты отбасының құпиясы неде? Психолог Рашид Кирранов оның құпиясы - сөйлесуде дейді. Күніне 20 минут, тіпті 5-10 минут болса да, бір-біріңізбен сөйлесіңіз. 

Сөйлесу деген - көрші-көлем, туған-туыс, таныстар жайлы айту емес. Жұмыстағы мәселелер де екінші орынға ысырылып қалуы керек. 

Сүйіктіңізге өзіңізге не ұнап, не ұнамайтынын, арманыңызды, жоспарыңызды айтыңыз. Оның жоспарын, ойында жүрген арманын сұраңыз. Оны не үшін құрметтеп, сыйлайтыныңызды, қай жері ұнайтынын, бірге өткізген қызықтарды жиі-жиі айтып тұрыңыз.

10-20 жыл бұрын өтіп кеткен жағымсыз оқиғалар туралы ешқашан есіне түсірмеңіз. Керісінше жақсы, жағымды, қызықты күндер туралы айту оған да көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды.

Әдетте ерлі-зайыпты екеу демалыс күнін қалай өткізеді? Үнсіз тамақтанады, ұялы телефон, планшет сияқты гаджеттерге үңіліп отырғанда кеш батады. Сол уақытты бір-бірін тереңірек түсінуге, тануға арнаса, отбасындағы қарым-қатынас басқаша болар еді. 

Біреуі тамақ әзірлеп тұрып, екіншісі ертеңгі жұмысқа дайындалып отырғанда сөйлесудің нәтижесі бола бермейді. Сондықтан бір-біріңізбен сөйлесуге уақыт пен жайлы жер тауып, бақытты өмірге қадам жасаңыз. 

Оқи отырыңыз:

Біз неліктен отбасы құрамыз?

Жақсы әдет - жақсы отбасының белгісі

Бақытты жанұя құрудың жолы

Сурет: ayparkresidence.com

Р. Роза