Әйеліңізді басқалармен салыстыра сөйлеуден аулақ болыңыз. Басқалардың жұбайын мақтай келіп, өз әйеліңіздің келбетін ауызға алмауыңыз ағаттық. Әйеліңізді жалғыз тастамаңыз, әйел жаны нәзік, секемшіл келеді. Жұмысқа кетерде, бір жаққа аттанарда, жарыңызды құшақтап, маңдайынан иіскеңіз. Қашан да қабақ шытып, қара күшке басу еш мәселені шешпейді. Сырттағы шаруа мәңгі таусылмайды, жан жарыңызды жадыңыздан шығармаңыз. Өйткені, ол отбасыңыздың берекесі. Ерлер өз кәсібімен, шыққан биігімен үзеңгі қағыстырса, әйелдер өзінің жұбайымен, балаларымен үзеңгі қағыстырады. Ақылды әйелдер жұбайын қашанда басқалар алдында көтермелеп, жақсылығын асырып, жамандығын жасырып тұрады. Ал сіз жарыңызға деген махаббатыңызды оның достары алдында көрсете білуіңіз керек. Бұл – ол үшін үлкен қуаныш. Тапқан табысыңыз жанұяңызға шаттық сыйлауы керек. Қызметтің бір ләззаты осы.
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: akzhelken.kz