Өмірімізде орын алған сәтсіздіктерді түрлі жағдайлардың тоғысуынан, қоршаған адамдардан немесе тағдырдан көргенді жақсы көреміз, алайда жеке өміріміздің бақытты немесе бақытсыз болуын күнделікті таңдау жасау арқылы өзіміз шешеміз. Егер өмірде көп нәрсеге қол жеткізгіңіз келсе және оны өзгерткіңіз келсе, қандай таңдау жасаған жөн?
Мотивация беретін кезекті мақаланы немесе кітапты оқып алып, үнемі жетілу, жаңа белестерді бағындыру немесе мансап балпалдағымен көтерілудің қандай керемет екенін айтып бастаймыз. Өкінішке орай, көп жағдайда бәрі тек әңгіме күйінде қалады, тек санаулы адамдар ғана оқығаны бойынша жүріп, өзін жақсы жағына өзгертуге тырысады. Өзіңізді қолға алуға тырысыңыз, жалқаулықты ұмытыңыз және күнде өзіңізге пайдалы бірдеңе істеңіз. Мысалы, физикалық жаттығулармен (фитнес, йога, жүгіру, жүзу) айналысыңыз, болашаққа ақша жинаңыз, айына бірнеше дамытушы кітап оқыңыз, шынайы қуаныш сыйлайтын әуесқойлық табыңыз және көбірек адамдармен араласыңыз.
Адамдарға деген мейірімді қатынасты таңдаңыз
Біздің өмірлік жолымызда түрлі адамдар кездеседі. Біреу өз күшімізге сенуге көмектеседі, біреу жаңа нәрсеге үйретеді, біреу қиын кезеңде қолдай біледі, ал біреулер көре алмайды және ренжітеді. Біреуге қаншалықты ренжісеңіз де, жамандыққа жамандықпен жауап бермей-ақ қойыңыз.
Сізге өтірік айтып тұрса да, сіз шындықты айтыңыз. Сізді алдауға тырысса да, сіз ереже бойынша ойнаңыз. Сіз туралы өсек таратса да, біреуді өсектейтін дәрежеге түспеңіз. Әрқашан өзіңіздің мейірімді екеніңізді ұмытпаңыз. Мейірімділік жамандықты женетініне сеніңіз. Нәтижесінде, сізді ренжітуге тырысқан адам емес, сіз бақытты боласыз. Себебі, тыныш ұйқы мен таза ар-ұжданға жететін ештеңе жоқ.
Зиянды әдеттерсіз өмірді таңдаңыз
Сіздің денсаулығыңызға және жалпы өміріңізге зиян келтіріп жатқан зиянды әдеттерден арылу үшін алдымен оларды қою жайлы нақты шешім қабылдау керек. Ертең, дүйсенбі немесе Жаңа жылдан кейін емес, дәл бүгін бастаңыз. Өзіңізді қолға алып, «мен бүгіннен бастап темекі тартпаймын/алкоголь ішпеймін/дұрыс тамақтанамын/түнгі ұйқыны дұрыстаймын» деңіз.
Бірден барлық зиянды әдеттерден арылуға тырыспаңыз. Біреуінен бастаңыз. Артық салмақтан арылғыңыз келе ма? Жаттығу залына барыңыз. Асқазаныңыз ауыра ма? Дұрыс тамақтанып бастаңыз. Қарызыңыз көбейіп кетті ме? Барлық қарыздан құтылу үшін аз-аздан ақша жинап бастаңыз. Ары қарай бәрі біртіндеп өзгере бастайды.
Жұмыста жинақылықты таңдаңыз
Тапсырмалардың көптігінен ғана жұмыста шаршаймын деп ойласаңыз, қателесесіз. Жұмыс процесін дұрыс ұйымдастыра алмауыңыз да мүмкін. Нені дұрыс істемейтініңізді түсіну үшін отырып, анализ жүргізіңіз: орындау қажет тапсырмаларға қанша уақыт жұмсайсыз? Егер өз жұмысыңызды тиімді ұйымдастырғыңыз келсе, күнде таңертең сол күні орындауыңыз қажет тапсырмалар тізімін құрыңыз. Негізгілерін бір түспен, асығыс еместерін басқа түспен бояңыз. Жұмыс уақытын дұрыс пайдалануды үйреніп, қажет емес заттарға уақыт бөлмесеңіз, біраз бос уақыт қалатынын түсінесіз. Сол кезде жұмыстан уақытында шығасыз, аяқталмаған тапсырмаларды үйге алып келмейсіз, хоббиіңізге уақыт қалады және туғандарыңызбен немесе достарыңызбен көбірек араласасыз.
Жұмысқа дұрыс қатынасты таңдаңыз
Егер жұмысқа тек ақша табу құралы ретінде қарасаңыз, үлкен қателік жібересіз. Ол туралы басқа жағынан ойланып көріңіз: қай жерде еңбектенсеңіз де, немен айналыссаңыз да, сіздің жұмысыңыз басқа адамдарға пайда әкелу. Айналаңыздағыларға көмектесуге барынша тырыссаңыз, өз міндеттеріңізден ләззат аласыз.
Рухани, эмоциялық және физикалық денсаулықтың арасындағы тепе-теңдікті таңдаңыз
Бақытты адамның өмірі рухани, эмоциялық және физикалық саулыққа негізделеді. Осы үш құрауыш та тепе-теңдікте болғанда ғана әр күннен рахат ала аласыз. Сондықтан, рухани дамуға тырысыңыз, бірақ физикалық дайындық пен эмоциялық жағдайға уақыт бөлуді де ұмытпаңыз.
Үйде туғандарыңыз бен жақындарыңыздың қасында тамақтануды таңдаңыз
Отбасы — әр адамның өміріндегі ең маңызды нәрсе. Мансап жақын адамдарыңыз сыйлай алатын жылулықты бере алмайды. Сондықтан олармен көп уақыт өткізуге тырысыңыз. Ата-анаңыздың үйіне жиі барып тұрыңыз, серігіңізбен және балаларыңызбен кешкі асты бірге ішіңіз, бос уақытыңызда достарыңызбен серуендеңіз. Олар сізге өміріңізді бақытты ететін керемет сәттер сыйлайды. Бұл таңдауыңыз үшін ешқашан өкінбейсіз.