Еркектер де, әйелдер де некеге тұрғаннан кейін бақытты болғысы келеді. Алайда, қарым-қатынаста үйлесімділік болу үшін қандай да бір нақты күш жұмсау керек. Ештеңе істемей, барлық мәселенің өздігінен шешілуін күтіп отыру дұрыс емес. Бақытты қарым-қатынасқа әкелетін бірнеше кеңестер ұсынамыз.
Құрметтеу
Құрметсіз бақытты қарым-қатынас болмайды. Ол әрине, екі жақты болуы керек. Құрметтеуді үйлесімді және бақытты қарым-қатынастың негізі деп батыл айтуға болады. Нағыз махаббат құрметтен басталады. Бұл сөздің астарында не жатыр? Яғни, бір-бірінің қызығушылығына, әдетіне, ойына, өмірлік ұстанымына түсіністікпен қарау керек және шыдамдылық білдіру қажет.
Өзін-өзі ұстау
Бақытты қарым-қатынастың маңызды факторына ұрыс, түсініспеушілік, келіспеушілік кезінде өзін-өзі ұстай білу жатады. Жұптар арасындағы ұрыс – қалыпты жағдай. Бірақ, келіспеушіліктер кезінде олар бір-бірін іштей құрта бастайды. Себебі сабырлы кезінде тілі бармайтын кей жағымсыз нәрселерді ашу үстінде айта салады. Одан соң олар айтқан сөздері үшін өкінеді. Достасқан соң да, ол сөздер іште тереңде қалып қояды. Сондықтан, ұрыс кезінде артық сөздер айтып қоймас үшін ұстамды болуды үйренген жөн. Ал егер серігіңіз сізге ашумен жағымсыз сөздер айтса, жүрегіңізге жақын қабылдамауға тырысыңыз. Себебі адам ашу үстінде не айтпайды?!
Тыңдау және есту
Жұптар бір-бірін тыңдай және ести білмесе, сөзсіз бақытты қарым-қатынас болмайды. Сізге жағымсыз, қызықсыз болғандықтан немесе ойыңыз басқа одан да маңызды мәселеден бос емес болғандықтан, серігіңіздің сізге жеткізгісі келген нәрсесін тыңдамай қоюға болмайды. Жақын адамыңызды тыңдай білу маңызды рөл атқарады. Бірақ тек құлақпен тыңдап қана қоймай, серігіңіздің айтқанына ене білуіңіз керек.
Шынайы болу
Әдетте, серігімізбен кездесіп жүрген кезде өзімізді барынша жақсы жағынан көрсетуге тырысатындығымыз анық. Кей адамдар некеге тұрғаннан кейін де қарым-қатынасты сақтау мақсатында бетіндегі маскасын шешпейді. Ол түбінде жақсылыққа әкелмейді. Жалғандық қарым-қатынасты бақытты етпейді.
Жеке еркіндік
Әрбір адам өзінің серігі әрдайым қасында бола алмайтындығын және міндетті еместігін түсіну керек. Оның өз шаруалары, қажеті және қызығушылығы бар. Оған қарсы тұрудың қажеті жоқ. Керісінше, серігіңіздің қызығушылығына түсіністікпен қарап, өз жеке уақытын қалауынша қолдануға ерік беру керек. Сонымен қатар, өзіңізге де солай қарау керексіз.
Қызғанбау
Қызғаныш – ең берік қарым-қатынастың өзін аз уақыт ішінде бұза алатын бұзушы күші бар сезім. Себепсіз қызғанатын адамдар жиі өзіне сенімсіз болып келеді.
Ортақ естелік
Қарым-қатынас бақытты және үйлесімді болуы үшін мәңгі есте қалатын және жақсы әсер қалдыратын нәрселер жиі жасау керек. Мысалы: бірге саяхаттау, қызықты экскурсия, тауға шығу, экстремалдық спортпен айналысу, театрға бару және т.б. Әрине, әр қызықты сәттен естелікке бір сурет түсіріп алған жөн.