Бақытты адамдар ғана жемісті жұмыс істеп, көп нәрсеге қол жеткізеді және беделді болады деп ойласаңыз, өте дұрыс ойлайсыз. Көптеген ғылыми зерттеулер де осыны айғақтап отыр. Ересектер де, балалар да көтеріңкі көңіл күйде биік мақсаттар қойып, тыңғылықты жұмыс істейді. Сонымен қатар, өзін бақытты сезіну құштарлықты арттырады.
Қалай көңіл көтеруге болады? Бақытты болудың кілті қайда? Арнайы кеңестерді оқымас бұрын, бақыт жайлы бірнеше аңыздарды қарап шығайықшы:
Аңыз №1. Бақытты іздеу керек. Олай емес, бақыт толы мекенді іздеп табамын деп тырыспай-ақ қойыңыз.
Аңыз №2. Біздің бақытты болуымыз жағдайға байланысты. «Егер де... менде ... болса, бақытты болар едім» деп ойлап, қақпанға түсіп қалмаңыз.
Аңыз №3. Бақыт не бар, не жоқ. Көп жағдайда бәрі адамның өзіне байланысты, сіз өз қолыңызбен бәрін өзгерте аласыз.
Ал енді Көңіліңізді көтерудің және бақыт деңгейін биіктетудің 11 қағидасы.
Бұл өте оңай тәсілдер. Бәрін бірдей қолдану міндетті емес, өзіңізге лайық деп тапқан төртеуінен бастасаңыз болады. Кейін осы қағидалар әдет болып кеткенде қалған жетеуін де қосып, өзіңізді жақсы нәтижелермен қуантыңыз.
1. Рақмет айтудан шаршамаңыз. Өзгелерге де, өзіңізге де шынайы рақымшылығыңызды білдіруден жалықпаңыз. Кеш сайын өміріңізді болған бақытты сәттерді еске алып, соған себепкер болған адамдарды, өзіңізді, жалпы өмірге рақмет айтып отырыңыз. Арнайы рақмет айтатындай мүмкіндік болмаса іштей ризашылығыңызды білдіріңіз.
2. Оптимист болыңыз. Күнделік жүргізіп, күніне 10-15 минут өміріңіздің көріністерін 5-10 жылдан кейін қалай көргіңіз келетіндігін суреттеп жазып отырыңыз.
3. Өзіңізді басқалармен салыстыратын артық ойлардан аулақ болыңыз. Өмірде болып жатқан келеңсіз жағдайларды сирек ойлауға және өзіңізді басқалармен салыстырмауға тырысыңыз. «Айтпағаным өкінішті болды... Басқаша істеуім керек еді…» деген сияқты ойлардан аттап өтіп отырыңыз.
4. Мейірімділік әрекеттеріне машықтаныңыз. Альтруизм біздің генімізде бар қасиет және әлі күнге дейін өмір сүруімізге көмектесіп келеді.
5. Қарым-қатынастарды дамытыңыз. Көпшілікпен жылы қарым-қатынас орнатып, одан ләззат алуға тырысыңыз және ол үшін уақытты да күшіңізді де аямаңыз.
6. Мәселелерді шешудің өзіндік стратегиясын жасап алыңыз. Шаршау, жарақат, қиындықтармен күресетін өз стратегияңызды пайдаланыңыз.
7. Кешірімді болыңыз. Барлық өкпе мен ренішіңізді жазып, хат жазыңыз. Оны жіберу міндетті емес, тек бір оқып алыңыз да осымен бәрі кетсін деп, жағып жіберіңіз.
8. Өзіңізге қызық және жаныңызға рахат сыйлайтын іске арнайы уақыт табыңыз.
9. Өмірдің өзі сыйлайтын қуаныштарды іздеңіз. Қоршаған әлемнің жағымды ұсақ-түйектеріне назар салыңыз және оларды өзіңізге қолжетімді тәсілдермен суреттеуге тырысыңыз: сурет салу арқылы, күнделікке жазып қою арқылы, суретке түсіру немесе жай ғана жақындарыңызбен бөлісу арқылы.
10. Мақсаттарыңызды айқындаңыз. Алға қойған мақсаттарыңыздың бірін айқындап, бар назарыңызды соған бөліңіз және оның іске асуына бар күшіңізді салыңыз.
11. Денсаулығыңызға мән беріңіз. Спортпен шұғылданыңыз және нәрлі тағамдар жеңіз, зиянды әдеттерден құтылыңыз. Кешкісін аяғыңызға массаж жасап, шаршағанын басыңыз, өйткені аяқ - ең шаршайтын мүше. Үнемі күлімдеп жүру де денсаулығыңызға өте пайдалы.
Сонымен, өзіңізге қай төрт қағида жақын болды? Соларды белгілеп алып, соған күнделікті уақыт арнап отырыңыз. Сізге көңіл көтеріп қана қоймай, құштарлықты арттыру, оптимизм мен бақыттың деңгейін көтеру керектігін ұмытпаңыз. Бұл сіздің қолыңыздан келеді! Алға!
Сурет: blog-o-detyah.blogspot.com