Өзіңізді бақытты сезінуіңіз үшін кем дегенде 5 жақсы араласатын досыңыз болсын.
Көпшілігіміз мұны ешқандай зерттеусіз-ақ білеміз. Әркім де досы көп болғанын қалайды. Бірақ нақты қанша дос болуы керектігі жайлы ойланып көрдіңіз бе? Бұл сұраққа зерттеушілер нақты жауап бере алады. Американың танымал психологы Михай Чиксентмихайи «Finding Flow» деп аталатын кітабында былай дейді: «Біз көптеген ұлттарға барып, сауалнама жасадық. Сонда ең жақын достарының саны бесеуден асса олар өздерін бақытты санайтынын айтты. Өз кезегімізде біз де осы санды айтамыз. Себебі адам өзінің пікірімен көпшілік санасатын болса, өзін бақытты санайды». Бұл тақырыпты қаузаған өзге ғалымдар болса басқа сандарды айтады. Мәселен, Nottingham University психолог маманы Ричард Танни бақытты болу үшін достар саны оннан асуы керектігін айтады. Сіздің жан-жақтағы адамдармен қарым-қатынас жасай алатын қасиетіңіздің болғаны дұрыс, осы себепті адамның бақытты болу көрсеткіші оның досына сай болуы да ғажап емес екенін ескергеніңіз жөн.
Ал ғалымдардың зерттеуінше, бір адамның 150-ден артық досы болуы мүмкін емес екен. Фин әлеуметтанушылары осы ойды айта келе, әлеуметтік желілер, телефон арқылы сөйлесу сияқты коммуникация бойынша ғана адамзат мұндай көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Ал ең жақын араласу, ортақ әңгіме, ортақ жаңалықтармен бөлісуде тек 5 адаммен ғана жақын достастық қарым-қатынас жасау мүмкін екен.
Ал британдық әлеуметтанушылар ең аз дегенде 10 досыңыз болсын деп кеңес береді. Олардың ойынша адам өзін бақытты сезіну үшін кем дегенде он адаммен хабар алмасып, етене араласу керек дейді.
Қазіргі таңда достық ұғымы әлеуметтік желілер шыққалы бері қаншалықты өзгергенін қайталап айта берудің мәні де жоқ сияқты. Бірақ бір күнде әлемде 483 миллион адам поштасын тексереді деген статистикаға сенесіз бе? Ал әлеуметтік желілерде «достық» қатарына қосылған қолданушылардың саны артқан сайын адам жағымсыз әсер алады екен. Испания ғалымдары фейсбук әлеуметтік желісінің қолданушылары арасында зерттеу жүргізген екен. Ғалымдар қатысушыларды екі топқа бөліп, бірінші топқа достық қатарындағы адамдардың жаңалықтарын оқуын сұрап, ал кейін көңіл-күйін бақылаған. Нәтижесінде бірінші топ адамдары екінші топ адамдарына қарағанда көңіл-күйі төмен болған. Ал достық қатары 354 адамнан асқан адамдар тіпті депрессияға ұшыраған дейді ғалымдар. Себебі, адамдар көпшілік алдына тек өмірлерінің жақсы әрі қуанышты сәттерін ғана салады екен де, оны көрген адам өз өміріне көңілі толмай қояды екен.
P.S. Нағыз достар арасында ешқандай да көмекші құрал немесе кедергі жағдайлар болмайды. Сондықтан желідегі емес, өмірдегі достарыңыздың санын арттырыңыз.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: joyreactor.cc