Бақытты болу түк те қиын емес. Әсіресе балалар бізге бұл жолда ұлы сабақ көрсете алады. Олар балмұздақ жеуді де, ән салып, билеуді де бақытқа балайтынын байқасаңыз, өзіңіз де дәл осы әрекетті қайталап, жақсылықтың бір есігін аша аласыз. Күн сайын өзіңізді бақытты сезінгіңіз келсе таңертең және кешке өзіңізге мынадай екі сұрақ қойыңыз.
1. Мен бақыттымын ба? Қазіргі күйімді неше ұпаймен бағалаймын? Онға дейінгі бір санды іштей айтыңыз. Ұзақ ойланып, жағымды-жағымсыз жайлардың тізімін құрудың қажеті жоқ. Жай ғана өзіңізден сұрасаңыз, миыңыз нақты жауапты бірден береді. Егер он деген ұпаймен бағаласаңыз, онда бәрі жақсы. Осы сұрақпен шектеле беріңіз. Ал оннан аз, тоғыз, сегіз деген жауап келсе, онда мына екінші сұрақты қойыңыз.
2. Бақытымның шкаласын көтеру үшін не істей аламын? Бірден онға көтерудің қажеті жоқ. Тек бір ұпайға жоғарылатыңыз, сонда оған жету де оңай көрінеді. Мәселен қазіргі сәтіңізді 7 ұпаймен бағаласаңыз, 8 болуы үшін не істей аламын? Міне, осы кезде ми сізге жаңа идея ұсынады. Бәлкім, барлық жұмысты тоқтатып қойып, балалармен 30 минут серуендеп келерсіз. Болмаса ісімді сәтті аяқтасам, екі сағат саябақта серуендеймін деп өзіңізге демалыс жариялаңыз. Осылай бақыт деңгейін арттырып алудың оңай жолын да қарастыруға болады.