Бақытжан Бұқарбай: Франклді оқысаңыз жеткілікті

Бақытжан Бұқарбай: Франклді оқысаңыз жеткілікті
Фото: Руслан Пряников

Massaget порталы 2017 жылы қазақ тіліндегі №1 жыл бестселлері атанған Бақытжан Бұқарбайдың "Күміс кітап" еңбегінен үзінділер ұсынады.

Мотивациялық кітап авторлары туралы нені білу керек?

Интернетте рас-өтірігі белгісіз мынадай бір ақпарат жүр. АҚШ-та «Некені қалай сақтап қалу керек?» атты кітаптың авторы әйелін атып өлтіріп, фейсбукта мәйіттің суретін жариялапты-мыс. Ал Дейл Карнеги болса жалғыздықта дүние салса, Бенжамин Споктың ұлдары әкесін қарттар үйіне тапсырмақшы болып, Мария Монтессори ұлын бала асыраушы отбасыға тапсырыпты. Себебі, ол өзінің бұл дүниедегі мақсатын «өзін бөтен балаларға арнау» деп санапты-мыс. «Қалай бақытты болу керек?» бестселлерінің авторы депрессиядан асылып қалыпты-мыс. Мотивация туралы кітаптар, жекетұлғалық өсу тренингтері, сайып келгенде, заманымыздың өнімі, түлкінің боғы.

Франклді оқысаңыз жеткілікті

Осыған орай тағы бір айтарым, мотивацияңыз жетпей, оны жүздеген кітаптардан іздеуге бел бусаңыз, көп уақыт жоғалтпай, бір ғана кітапты оқып шықсаңыз жеткілікті. Бұл кітап – жиырмасыншы ғасырда өмір сүрген австриялық психолог Виктор Франклдің «Сказать жизни «Да»: психолог в концлагере» атты еңбегі. Қалың кітап емес және пішіні де шағын, бар-жоғы екі жүз беттей ғана. Бұл кітапты оқыған кез келген адамның мотивация тақырыбында ешқандай сұрағы қалмайды деп ойлаймын.

Франкл нацистердің концентрациялық лагерьлерінің тұтқыны болған адам. Ол Венада еврей отбасында дүниеге келіп, жас кезінен психологияға қызығушылық таныта бастаған. Вена университетінде медицинаны оқып, кейін неврология және психиатрия саласын таңдап, депрессия мен суицидтің психологиясын терең зерттейді. Он тоғыз жасында Sozialistische Mittelschьler Цsterreich мектебінің президенті болып, студенттерге аттестат алу кезеңінде қолдау көрсету бойынша арнайы бағдарлама жасайды. Франкл осы қызметінде жүргенде Вена студенттерінің арасында бірде-бір рет суицид фактісі орын алмаған екен.

Австрияны нацистік Германия басып алар алдында психолог Венадағы клиникалардың бірінде өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу бөлімін басқарып жүреді. Сол жерде жүргенінде өз-өзіне қол жұмсау қаупі бар отыз мыңнан астам әйел ол емдеген науқастардың қатарында болады. Алайда 1938 жылы фашистер басып кіргенде, Франкл еврей болғандықтан, оған науқастарды емдеуге тыйым салады.

Аншлюс Австриядағы еврейлерге үлкен қауіп алып келді. Франклдің АҚШ-қа қоныс аударуына мүмкіндігі болады. Бірақ ол ойланбастан одан бас тартқан. Өйткені, Америкадан тек жалғыз өзіне ғана шақыру келеді. Әйтсе де ғалым тума-туыстарын, қартайған ата-анасын тастап кетуге бармайды. Австриядан кетіп қалғанда, он бес жыл бойы жүргізген зерттеулері нәтижесінде жазылып жатқан кітабын аяқтауға мүмкіндігі бар еді.

Фашистер Франкл мен оның жақындарын 1942 жылы қамауға алып, концлагерьлерге айдап жібереді. Он бес жыл көлеміндегі зерттеулерінің нәтижесі жазылған қолжазбаны фашистер өртеп жіберген.

Концлагерьлерде психолог екі жарым жылға жуық уақыт бойы тұтқында болады. Сол жерге түскенге дейін ғалым өзінің негізгі ойларын тұжырымдап, өмір мәнін іздеу адамның жан денсаулығының кепілі екенін болжап жүрсе де, идеяларын іс жүзінде тексеріп көру тағдыр тәлкегімен тек осы концлагерьлерде ғана мүмкін болады.

Психолог концлагерьде жаңадан келіп жатқан тұтқындарға психологиялық жәрдем көрсетуді қолға алады. Мақсаты – оларды алғашқы шоктан арылту еді. Франклдің концлагерьде жасырын ұйымдастырған психологиялық көмек көрсету тобы өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алып отыруға тырысады. Сонымен қатар тұтқындар арасында өз еркімен бұл дүниемен қош айтысқысы келіп жүргендер туралы хабарлап тұратын ақпарат қызметін де ұйымдастырады.

Концлагерьдегі тәжірибесіне сүйеніп Франкл өзінің логотерапия ілімін, яғни психотерапиялық жәрдем көрсету әдісін қалыптастырады. Психолог адам тек ләззат алып, билікке ғана ұмтылмай, сонымен қатар өмірдің мәнін түсінуге талпынады дейді. Лагерьде психотерапия жүргізу тұтқындар өмір мәнін іздегенде ғана оң нәтижесін береді. Осындай ауыр жағдайдағы адам үшін бұл мән шартсыз болып, өзінде тек өмір мәнін ғана емес, оның азап шегуі мен өлімінің де мәнін қамту керек болады. Лагерьдегілер Франклге: «Лагерьден аман шығамыз ба?» және «Мына азап пен өлімнің мәні бар ма?» деген екі сұрақты жиі қойып жүреді. Бірінші сұраққа теріс жауап адамдардың көбісіне азап шегу мен тұтқыннан аман шығудың мәнін жойса, екінші сұраққа теріс жауап аман қалуға талпынудың өзін мәнсіз етіп тастайтын болады.

Өмір мәнін жоғалтпаған тұтқындар түңілген тұтқындарға қарағанда қиыншылықтардан жеңілірек өтетінін байқайды. Франкл «Өмір мәні – адамның ең басты мотивациясы» деген қорытындыға келеді.

Франклдің әйелі мен анасы концлагерьде өлтіріліп, әкесі өкпе қабынуынан солардың бірінде көз жұмады. Тек әпкесі ғана аман қалған.

1945 жылдың 27 сәуірінде психолог ғалымды америкалықтар азат етеді.

Соғыс аяқталған соң Франкл Венаға қайтып оралып, сол жерде жұмыс істейді. Тозақта өткен үш жылының тәжірибесін «Психолог в концлагере» еңбегінде жазады. Бұл кітапты ғалым соғыстан бұрын бастаса да, оны лагерьде жүріп тәжірибе жүзінде алынған қорытындыларымен толықтырады. Былайша айтқанда, екі жарым жыл бойы кітапты ойында «жазады» және бұл жұмысты аяқтап, оны жариялау ғалымның аман қалуға талпынуына бірден-бір мотивациясы болады.

Франкл концлагерьдің тозағынан өтіп, өміріне ешқандай кепілдік болмаса да, мотивациясын жоғалтпай, тіпті басқа тұтқындардың да уәжін тауып беруге тырысқан. Мотивация туралы кітап іздесеңіз, Франклдің еңбектерінен артық еңбек таппайсыз. Өйткені, олардың дүниеге келуінің құны өте жоғары болды. Сол себепті мотивацияны арттыру тақырыбындағы бүгінгі шығып жатқан кітаптар футболдың үшінші лигасындағы клубтар сияқты.

Виктор Франклдің «Сказать жизни «Да»: психолог в концлагере» кітабынан бір үзіндіні келтірейін:

«... Ішкі сүзгісін жоғалтқан адам тез бұзылады. Оны сергітетін барлық іс-қимылдың ол қабылдамайтын фразасы, әдетте: «Менің мына өмірден күтетінім жоқ». Бұл жерде не уәж айта аласың? Қалай қарсылық білдіресің?

Барлық қиындық өмірдің мазмұны жайлы сұрақтың басқаша қойылу қажеттілігінде. Мәселе біздің өмірден нені күтетіндігімізде емес, ол бізден не күтетіндігінде екенін өзімізге үйрету мен күмәнділерге түсіндіру керек. Философиялық тұрғыда айтса, бұл жерде коперникше төңкеріс жасау қажеттігі: біз өмірдің мәнін сұрамауға міндеттіміз, тиісінше бұл сұрақ бізге бағытталған – өмір күн сайын және сағат сайын сұрақтар қояды және біз оларға сөзбен не оймен емес, іспен және дұрыс мінез-құлықпен жауап беруіміз қажет. Өйткені, өмір сүру – ақыр аяғында әрбір күн мен сағат сайын істелуге тиіс өмірдің қойған талаптарын дұрыс орындауға жауапкершілікті алу.

Бұл – талаптар. Ал олармен бірге болмыстың мәні әртүрлі адамдар мен өмірдің әрбір сәттерінде әрқилы. Демек, өмірдің мәні жайлы сауалдың ортақ жауабы болмайды. Өмір, біз оны мұнда қалай түсінеміз? Ол көмескі, бұлдыр дүние емес – анық, олардың біздерге әр сәттегі талаптары да мейлінше айқын. Бұл айқындық адамның тағдырына тән: әркімде ол бірегей және қайталанбас. Ешбір тағдырды басқасымен салыстыруға келмейтініндей, бірде-бір адам келесісіне ұқсамайды және бірде-бір жағдай дәл солай қайталанбайды – әрқайсысы адамды бөлек іс-қимылға шақырады. Демек, өмір мәні жайлы сауал ортақ бола алмайды. Айқын жағдай – одан өз тағдырына белсенді әрекет етуді талап етіп, бағалы дүниелер жайлы ойды жүзеге асыру мүмкіндігін пайдаланып (мәселен, рақат алу), жай ғана өз тағдырын қабылдауды қалайды. Сондай-ақ әрбір жағдай жалғыз, бірегей болып қалады және осы бірегейлігімен, айқындығымен сұрақтың бір ғана жауабын қалдырады. Ол – дұрыс. Тағдыр адамға қайғы үлесін салған екен, ол бұл қайғыдан оларды өзінің қайталанбас міндетіне ауыстыра алуы тиіс. Ол өз қайғысының бірегейлігін түсінуі шарт. Өйткені, жержүзінде бұған ұқсас ештеңе жоқ. Ешкім оны бұл қайғыдан құтқара алмайды және ешкім де онымен бірге сол қайғысын сезіне де алмақ емес. Алайда осындағы секілді, бұл тағдыр кімге беріліп, өз қайғысын құраса, қайталанбас ерліктің бірегей мүмкіндігі туады.

Біздер үшін концлагерьде мұның бәрі дерексіз дәлел болмады. Керісінше, мұндай ойлар әрі қарай шыдауға көмектескен жалғыз дүние болды. Өмір сүруге ешқандай мүмкіндік қалмаса да, берілмеу және торығуға салынбау керек. Біздер үшін өмірдің мәні жайлы сауал шығармашылық тұрғыда қойылған міндеттердің орындалуынан ауылы алыс болды. Жоқ, әңгіме өмірдің толықтығымен, яғни өзіне өлімнің қосылуы жайында еді. Ал мазмұнның астарында тек қана «өмірдің мәнін» ғана емес, қайғы мен өлімнің мәнін де ұқтық. Біздер осы мән үшін күрескен болатынбыз!»

Дереккөз: "Күміс кітап"
Бақытжан Бұқарбай

Massaget.kz