Бақыт сатылады!

Бақыт сатылады!

Біреулер бақытты екенін білместен бақытты ғұмыр кешіп жүр...

Люк де Клапье Вовенарг

Психологтардың соңғы зерттеуі осылай дейді. АҚШ пен Канаданың алдыңғы қатардағы университеттерінің психологтары Элизабет Данн, Кэтрин Сандерсон, Дэн Гилберт, Том Джилович, Лиф Ван Бовен, Роберт Эммонс, Джордж Лоуванштейндер ұзақ жылғы зерттеудің нәтижесінде осы пікірді батыл түрде жариялап отыр.

Адамның бақытты өмір сүруі расымен ақшаға байланысты болғаны ма?

Бірнеше жыл бұрын Lexus компаниясы өзінің жаңа автокөлігі үшін мынадай слоган ойлап тапты: «Бақытты ақшаға сатып алуға болмайды дейтіндер ақшасын дұрыс жұмсай алмайтын адамдар».  Егер Фрейд қарт тірі болғанда, бұл слоган үшін тас-талқан боп ашуланар ма еді. Себебі Фрейд ақшаның бақыт әкелмейтінін жан-жақты дәлелдеуге тырысқан-ды...

Адамның барға қанағат қылуы сирек кездесетін жайт. Неғұрлым көп ақша тапсақ, соғұрлым таба түссек дейміз. Ал жалақыға үстеме қосылса, сол күні төбеміз көкке жетіп, бақытқа бөленеміз. Жалақының көбеюі бізді бақытты етеді.

Дегенмен бұл айлық та сізге аздық қылады. Сондықтан қайтып бұрынғы бақыт іздеуші қалпымызға түсеміз...

Бастапқы жарты жылда су жаңа көлік не үлкен теледидар көңілге қуаныш сыйлап, арман еткен дүниелерге қол жеткізгеніміз үшін өзімізді бақытты сезінеміз. Кейін қызығушылық басылған соң, бәз баяғы қалпымызға ораламыз. Ал одан да қымбат көлік не теледидар бақытты қалпымызға қайта оралта алады. Яғни, ақша бізді бақытты ете алады.

Қалта қалың болса, бәрі де мүмкін. Егер сіз біреудің қуанышынан ләззат алатын адам болсаңыз, оған өзі қалаған нәрсені сатып алып беру арқылы өзіңіз де бақытқа бөленесіз. Немесе арман еткен дүниелеріңізді қиналмай сатып алып, соның қызығымен бақытты боласыз. Өз-өзіңізді күтіп, қымбат салондарға барудан қашпайсыз. Әлемнің кез келген түкпіріне саяхат жасап, табиғат ғажайыптарынан бақыт табасыз. Сол жақтан сатып алған естелік заттар тәтті әсер сыйлайды. Не ішем, не кием демей, шалқып өмір сүресіз. Ал бұл - көтеріңкі көңіл-күйдің кепілі.

Дегенмен бұл сезімді «жалған бақыт» деп атайтындар да жоқ емес. Мәселен, туған күніңізді дүркіретіп атап өту үшін кешке Мейрамбек Бесбаевты шақырып, қаладағы ең қымбат мейрамхананы жалдадыңыз, бір сөзбен айтқанда, ақшаны былай да, былай да шаштыңыз. Ал туған күннен кейінгі күні қалтаңызда көк тиын жоқ. Бұның бәрі сонда кім үшін? Әлбетте, публикаға ойнап, яки жора-жолдастарыңыздың алдында қалтасы қалың бай-батша болып көріну үшін... Бұл бақыт па?

Десек те, ақша – өмір сүруімізге деген құлшынысымызды арттыратын энергия аккумуляторы. Психологтардың пайымы: «Ақшаны адал ниетпен жұмсап, дұрыс құрта алатындар ғана бақыт таппақ» Бақыт деген түсініктің өзі әр санада әртүрлі қалыптасады десек, өзгеше тұжырымдайтындар да жоқ емес деуге болады.

Қазақтың түсінігінде бай-бағландар бұрынғы түсінікпен қалып қойған ба деп қаласыз кейде. Себебі, байлар бұрын қара халықты кеміріп, солардың есебінен байыған. Заманына қарай адамы. Қазіргі хан да, қара да теңескен заманда байлықсыз бақыт, бақытсыз байлық жоқ деуге болатындай...

Ал сіз не дейсіз?..

Сурет: portalik.flyfm.net, mmmore.ru, svoya.ucoz.ru

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Р. Роза