- Негізгі бет
- Психология
- Бақида банк жоқ......
Бақида банк жоқ...
Біз әуелі төмендегі екі адамның бір-біріне ұқсамайтын тіршілік жағдайына көз жіберіп көрелік:
Бірінші адам: Кедей америкалық қария биыл сексен жасқа толды. Кемпірі екеуі арзан пәтерде тұрады. Шалдың таққаны он бес доллар тұратын қол сағат. Иініне өмір бойы әйгілі маркалы киім іліп көрмеген. Көшедегі жаймадан сатып алған арзан киімдерін жыртылғанша киеді. Ең ұнатып жейтіні арзан бағалы қақтаған ірімшік пен қызанақтан жасалған тағам. Жеке автокөлігі жоқ. Сыртқа шыққанда үнемі қоғамдық көлікке отырады. Ұшаққа отыру қажет болған кезде арзан бөлменің билетін алады. Көтерген қол сумкасы да әдеттегі кездемеден жасалған дорба секілді. Егер сіз онымен бірге мейрамханаға бара қалсаңыз, ол жеген тағамының есебін ыждағатпен салыстырып шығарары сөзсіз. Егер оның үйіне қонсаңыз, ол қалай да сізге ұйықтар алдында шырақты сөндіруді ескертеді.
Екінші адам: Атағы жер жарған миллионердің бірі әрі аса жомарт америкалық қария. Ақшасын үнемі шашып жүреді. Кембридж университетіне 500 миллион доллар, Калифорния университетіне 125 миллион доллар, Станфорд университетіне 6 миллион доллар көмек қаржы атаған. Бір миллиард доллар қаржы жұмсап, Ирландиядағы жеті университетті өзгертіп жасатты әрі солтүстік Ирланиядағы екі университетті салғызды. Ол «Күлімсіреу қимылы» атты мейір-шапағат бағыштау қор қоғамын құрып, даму үстіндегі елдердегі «таңдай жарылу» ауруына кіріптар болған балалардың операция жасатуына қаржылай көмектесті. Африкадағы оба ауруының алдын алу үшін орасан зор қаржы шығарды. Міне осылай... Қазірге дейін ол 4 миллиард доллар көмек ақша жаратып болған. Қалған 4 миллиард доллар ақшасын көзі жұмылғанша түгелдей көмекке атауға бел буған.
Жоғарыда айтылған «екі» адам да, шынын қуғанда, бір кісі, есімі - Бен Сандерс.
Оның бұл әрекетін ел білгеннен кейін, журналистер оны тұрағына іздеп барады. Көпшілік тілшілердің ең алғашқы сұрағы: «Сонша көп байлықтың алдында адам қалайша қарапайым қалпын сақтай алады?»
Тілшілердің сұрағына жауап бермес бұрын миллиардер күлімсірей отырып, мынадай әңгіме бастайды: «Бақша ішіндегі самсаған жемісті көрген маймыл тоя бір жеуді ойласа да, өте семіз болғандықтан, темір торға кіре алмайды. Сонымен ол үш тәулік бойына нәр татпай шұғыл арықтап, темір тордан қысылып кіріп, мейілінше азықтанады. Өте көп жегендіктен, қайтарында темір тордан бәрібір шыға алмайды. Амалсыздан тағы да үш тәулік бойына нәр татпауға тура келеді. Нәтижесінде, маймылдың бақтан шыққан кездегі қарны мен жағдайы баққа кіргендегі кезімен бірдей еді».
Әңгімесін аяқтаған қария: «Бақи дүниеде банк жоқ! Әрбір пенде жалаңаш қалпында дүниеге келгені секілді лыпасыз бейнеде бақиға аттанады. Тірнектеп жиған мал-мүлік, атақ-дәрежесін о дүниеге бірге алып кететін адам болған емес» дейді.
Дайындаған: Алшын Матай
сурет: globalist.org.ua
Қ. Қауымбек