Жастардың арасында көп оқылған әйгілі шығарма "Махаббат қызық мол жылдар", Ұлы Отан соғысының даңқты қаһарманы, ұлт мақтанышы Бауыржан Момышұлының азаматтық, ерлік тұлғасы мүсінделген "Ақиқат пен аңыз" романының және т.б. кітаптардың авторы жазушы Әзілхан Нұршайықовтың есімі қазақ руханиятынан ешқашан өшпек емес. Жазушының қазақ қыздарына айтқан өсиет сөзі бүкіл қазақ аруларының айнымас қағидасына айналуы тиіс. Сонымен бірге оның қазақ жігіттеріне де айтқан өсиеті бар. Осы орайда оны да оқырман қауымға ұсынуды жөн көрдік.
Ұлдарға өсиет:
- Ұлдар! Алдымен сөзімді сендерге арнаймын. Менің сендерден тілегім мынадай:
– Арақ ішпеңдер айналайындар! Арақ – азаматтың жауы: халықтың, қоғамның дұшпаны…
… Адам арақ ішпегеннен өлмейді, араны ашылып арақ ішкеннен өледі. Әрбір арақ ішкен адамның өмірі аз, ғұмыры қысқа болады. Оның үстіне маскүнемнің өмірі мәнсіз болады. Адамның өмірі онсыз да қысқа. Ендеше аз өмірді ардақтап, шамаң келгенше мағыналы, мәнді етіп өткізгенге не жетсін, шіркін.
Жігіттер, қастарыңда отырған қыздарды құрметтеңдер, мәпелеңдер. Алақандарыңа салып әлпештеңдер. Қыздың жанын қинамаңдар! Қыз- болашақтың анасы. Қыз-алдағы ұрпақтың әжесі. Анаңды ардақтап, әжеңді құрметтесең – қызды сыйла, қарағым.