- Негізгі бет
- Психология
- Азды алмаған, көптен...
Азды алмаған, көптен құр қалады
Адам әрқашан қателеседі. Кедейліктен қажыған адам баласы байлықты, үлкен дәулетті өмірді аңсайтыны өтірік емес. Кейде дүниеге деген махаббат оның бүкіл болмысын билеп алуы бек мүмкін. Кей жағдайда адамның өзі тойса да, көзі тоймай жатады. Әрдайым өзіңізді тоқтата біліңіз. Қанағат туралы мына бір оқиға сізді бей-жай қалдырмайды.
Баяғыда бір кедей қарт өмір сүріпті. Өзінің шағын кәсібі болса да, тиынының басы құралып бақуатты бола қоймапты. Кедейліктен шаршаған қарт бір күні "Осы пәлен деген байлардың ісі дөңгеленіп жөнеледі де, маған келгенде неге олай емес" деп налып келе жатса, алдынан ғайыптан біреу пайда болып:
– Уа, қарт, налыма! Мен саған қалағаныңша алтын бере аламын. Тек бір ғана шартым бар. Егер алтынды жерге түсіріп алар болсаң, барлығы да қоқысқа айналады, - дейді. Қарт келісіп, қапшығын ашады. Ғайыптан жолыққан жан оны алтынға толтырып:
– Жеткілікті ме? - деп сұрайды.
Қарт:
– Тағы кішкене, тағы кішкене, -деп, қайта-қайта салғызады. Аузы мұрнынан шығып тұрған қапшықты көтере бергенде қапшық жыртылып, алтын жерге шашылып, барлығы да қоқысқа айналып кеткен екен.
Есіңізде болсын, азды алмаған, көптен құр қалады. "Қанағат қарын тойғызар, қанағатсыздық жалғыз атын сойғызар" деген дана бабаларымыздың сөзін ұмытпаңыз. Әрдайым барға қанағат, жоққа сабыр ете біліңіз!
Ж. Жұмағұлов