- Негізгі бет
- Психология
- Аз жұмыстан көп...
Аз жұмыстан көп нәтиже
Дүниедегі барлық істі бітіремін деп жоспарладыңыз ба? Тыным таппай, өзіңізге бітпейтін шаруалар тағайындап қойсаңыз, артық уақытты үнемдеп, оны дұрыс пайдалануды үйреніңіз.
1. Кейбір кездесулерге бармай-ақ қойыңыз. Жиналыстар, кездесулер, жиындардың көбісі - бос уақытты өткізу. Пайдалы сұрақтар шешілмейтін күнделікті жиындардан (жұмыста да, үйде де) бас тартсаңыз, талай бос уақыттың пайда болғанын көресіз.
2. "Жоқ" деуден қорықпаңыз. Әрине бұл "иә" сөзінен айтылуы қиын, алайда "жоқ" сөзі сіздің талай уақытыңызды үнемдей алады.
3. Артық жұмысты жасамаңыз. Шамадан тыс жұмыс жасап, басшылықтың көзіне түсемін деп ойлайсыз ба? "Артық қыламын деп, тыртық қылма" деген сөз осы жерде өте орынды. Артық жұмыстың орнына уақытты өзіңізге пайдалы қылып өткізген дұрыс.
4. Жоспарларыңыз бен олардың орындалу уақытын дұрыс бағалаңыз. Апталық істі бір-екі күнге сыйдырамын деп, басқа шаруалардан да, жұмысыңыздан да, денсаулығыңыз бен ұйқыңыздан да құр қалмаңыз. Ісіңізді де бітірмей, күнделікті шаруаларыңызды құрбан қыласыз.
5. Тізім құраңыз. Оған тек іске шынымен қажетті шаруаларды қосып, істеріңізді тізіммен сәйкестіріңіз. Сонда басқа ұсақ-түйек шаруалар ойыңызды алаңдатпайды.
6. Кішігірім үзілістер жасаңыз. Үзілістер сізді істен алаңдатып емес, керісінше тынықтырып, сергіп алуға көмектесу керек. Өнімділігіңізді арттырамын десеңіз, шаршаған бойда үзіліс жариялаңыз.
7. Өзіңізді тәрбиелеңіз. Жұмыс әбден жүрмеген кездері 5-10 минут ештеңе істемей, бос отыра тұрыңыз. Уақыттың бос өтіп бара жатқанын сездіңіз бе? Бұны шыдамай, уақыттың қадірін түсіне бастап, тезірек бір шаруаны тындырғыңыз келеді.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: vk.com
С. А