Бізді көздеген мақсатымыздан жаңылдыратын ішкі және сыртқы шарттардың шексіз легі бар. Оларға қалай қарсы тұру керегін және тіпті оларды өз пайдамызға қалай пайдалануға болатыны жайлы бизнес-сарапшы, 30 тілге аударылған бестселлер авторы Маршалл Голдсмит (Marshall Goldsmith) айтып береді. Триггерлер қалай жұмыс істейді? Триггерлер біздің мінез-құлқымызға әсер ететін шарттар. Олармен күресу неліктен соншалықты қиын? Өйткені біз оларға белгілі бір түрде жауап беруге әдеттеніп кеткенбіз. Сүйекке сіңген әдеттен арылу оңай емес, бірақ арылуға болады екен. Ол үшін әуелі бұл үрдістің үш кезеңнен тұратынын түсіну керек: шарттар (триггерлер), үлгілер және марапаттар. Мысалы, темекі тартатын адам үшін шарт күйзеліс, үлгі никотинді пайдалану, ал марапат күйзелісті уақытша басу болмақ. Әдеттен арылудың ең жақсы амалы марапат пен шартты сақтай отырып, үлгіні өзгерту. Көптеген адамдардың темекіні тастаған кезде тамақты көп жей бастайтыны бекер емес: бұл олардың күйзеліске қарсы жаңа жауабы. Әрине, бұл ең жақсы шешім емес. Тәтті бәліштің орнына дәл сондай табыспен стадионды айналып жүгіруді немесе бой сергітер әуен тыңдауды таңдауға да болар еді. Енді өмірімізде тағы қандай триггерлердің бар екен және өзіміздің мінез-құлқымызды қалай өзгертуге болатыны жайлы әңгімелесейік. Бізге қандай триггерлер кедергі келтіреді? Жайсыз жағдайлар Боксшы-философ Майк Тайсон (Mike Tyson): Әр адамның тұмсығына жұдырық тигенше жоспары болады деген. Өмір сапарында жүрген біздер қоршаған ортамыздан осындай соққыларды жиі аламыз. Кейде бүкіл әлем өзімізге қарсы тұрғандай күйде боламыз. Артық ақшаны дұрыс есептемеген кассашы қызға ашуланамыз, әріптесіміз аяқ астынан ауырып, қажетті есебін өткізе алмай қалса, салымыз суға кетіп қалады, рейс кейінге қалса, көңіл-күйіміз түсіп кетеді. Бірақ мұның бәрі дұрыс емес жауаптар. Жағдайға ренжудің мәні жоқ. Бұл күйіп кеткен шамға ренжіген сияқты жайт. Болған іске көңіл-күйді түсіріп, оған біреуді кінәлаудың қажеті жоқ. Сабыр сақтап, жағдайды сол қалпында қабылдаңыз да, соған сәйкес әрекет жасаңыз. Айналадағы адамдардың ағаттығы Егер қоластыңыздағы қызметкеріңіз баяндама жасау барысында орфографиялық қателік жіберіп алса, оны бәрінің көзінше ұрсасыз ба? Әйеліңіз қойылымға кешігіп жатса, Тезірек жинал дедім ғой деп ренжисіз бе? Досыңыз тәуекелді әрекет жасаса, мен ешқашан олай істемес едім деп ойлайсыз ба? Адамдардың ағаттығын бетіне басып, өзіңіздің қаншалықты ақылды екеніңізді көрсету жақсы қарым-қатынасты сақтап қалудың ұтымды амалы емес екені анық. Ең бастысы, сіз ешнәрсені де өзгертпейсіз. Егер осындай жағдайға түскен сәттеріңіз болса, дер кезінде өзіңізге тоқтау салуды үйреніңіз. Өзіңіздің дұрыстығыңызды дәлелдеуге тырыспаңыз, жағдайды қалай өзгертіп, айналаңыздағы жандарға қалай көмектесуге боларын ойлаңыз. Шаршау Кейде ауыр жұмыс күнінен кейін біз қатты қалжырап, өз әрекеттерімізді бақылаудан шығарып алатынымызды байқамай да қаламыз. Мұның салдары әртүрлі болуы мүмкін: біреу кешкі жаттығудың орнынан диванда жатуды жөн көреді, біреулері күні бойы жиналған ашуын үйіндегі жандарға келіп төгеді, ал кейбіреулер тіпті іскерлік кездесуде қате шешім қабылдайды. Басқа жағдайлардағы сияқты бұл кезде де триггерді дер кезінде аңғарып, оған жауап беруді үйрену керек. Бұл түзелу жолындағы ең маңызды қадам. Ауыр жұмыс күнінен кейінгі кеште сөйлеген сөзіңізге, істеген ісіңізге өте мұқият болыңыз. Ыңғайсыз жағдайға қалмау үшін ұзаққа созылатын жиналыстарды таңғы уақытқа белгілеңіз. Маңызды шешімдерді де сол кезде қабылдаңыз. Күш-қуатыңызды сарқып тастамай, үнемдеуге тырысыңыз. Оны жасаудың ең жақсы амалы бір күнгі жұмыстардың нақты жоспарын жасап, басқа нәрселерге алаңдамастан соны орындауға тырысу керек. Алаңдататын факторлар Жұмыс уақытын әріптестеріңізбен әңгіме-дүкен құруға, әлеуметтік желілерде хабар алмасуға немесе электронды поштаңыздағы хаттарды тексеруге жұмсаған кезіңіз болды ма? Сіз жалғыз емессіз. Қазіргі адамдар көптеген алаңдататын факторлар ортасында жұмыс істеуге мәжбүр. Егер оларға қарсыласпасаңыз, онда міндетті түрде атқарылмаған таудай істермен, шаршаумен және күйзеліспен бетпе-бет келесіз. Мұны қалай болдырмауға болады? Екі түрлі тізім жасаңыз. Біріншісіне бір күнде істелетін ең маңызды істерді тізіп жазып, олармен қай уақытта айналысатыныңызды көрсетіңіз. Мысалы, жетіден сегізге дейін жаттығасыз, тоғыздан түскі бірге дейін есеп беруді аяқтайсыз, екіден беске дейін клиенттермен кездесесіз, ал алтыдан түнгі онға дейін отбасыңызбен бірге боласыз. Ал екінші тізімге осы мақсатқа жетуге кедергі келтіретін нәрселерді тізіп жазыңыз. Бәлкім, жұмыс үстеліңіздің жанына жиі келгіштеп, кешкі бос уақытыңызда не істеу керегін айтып ақыл беретін досыңыздың алаңдатушы триггер екенін аңғарарсыз. Онда досыңызды біраз уақытқа қуып жіберуге тура келеді. Немесе таңертең ояна салып, уақытыңызды әлеуметтік желілерді парақтаумен өткізіп алып, таңғы жаттығуды үнемі жіберіп алатыныңызды байқарсыз. Бұл әдеттен арылуға тырысыңыз. Жоспарланған жұмыстарыңызды толық аяқтамайынша басқа ешнәрсеге алаңдамаңыз. Тиімді триггерлер Барлық теріс триггерлерді және оған деген сіздің жауаптарыңызды санамалап шығу мүмкін емес. Бірақ енді сіз қандай шарттардың алға қойған мақсатыңызға жетуге кедергі келтіретінін өзіңіз де анықтай аласыз. Оларды байқап, мінез-құлқыңызды түзетуге талпыныс жасауыңыздың өзі істі жартылай еңсергеніңіздің белгісі. Келесі қадам сізді мақсатқа жетелейтін тиімді триггерлер желісін құру. Бұл сізді әрекет етуге шабыттандыратын кез келген шарт болуы мүмкін. Мысалы, досыңызға белгілі бір уақытта жаттығуға бару керегін ескерте сал деңіз. Жұмыс алдында маңызды тапсырмаларды орындаған кезде өзіңізге қалай риза болатыныңызды елестетіңіз. Немесе әр кеш сайын жауап беретін мотивациялық сұрақтар тізімін жасаңыз.Бүгін барлық мүмкіндіктерімді пайдалана алдым ба? деген сөйлеммен бастап, әрі қарай өзіңізге берген уәделеріңізді тізімдеп шығыңыз: достармен байланысты үзбеу үшін, өз танымыңызды кеңейту үшін, дене шынықтырумен айналысу үшін, жұмыстан мағына табу үшін, ұйқыны қандыру үшін және әрі қарай кете береді. Мұндай тұжырымдама өзіңіздің көп нәрсені өзгерте алатыныңызды түсінуге көмектеседі. Дамудың бар-жоғын көру үшін, әр тармақты он балдық шкаламен бағалаңыз. Егер өзіңізге төмен бағалар қойсаңыз, бұл сізді белсенді әрекеттер жасауға ынталандырады. Сыртқы факторлар біздің бақылауымызда емес. Көбінесе, оларға ықпал ете алмайтын сияқты көрінеміз. Өзімізді тағдыр тәлкегіне түскен жандардай сезінеміз. Онымыз бекер екен. Тағдыр бізге таратып берілген карталар. Онымен қалай ойнау өз таңдауымыз. Дереккөз:bilim-all.kz