Еркек пен әйел – екі бөлек жаратылыс, екі әлем. Әйел адамның мазасын алып, түн ұйқысынан айыратын мәселеге ер адам бей-жай қарап, мән бермеуі мүмкін. Біз, нәзік жандылар, әу бастан әлсіз болып жаралғанбыз. Ал қандай әрекетіміз еркектің ашуына тиеді екен?
1. Біз сүйіктімізге күніне мың рет қоңырау шаламыз. Ер адам жұмыста болса да, оны жұмысынан алаңдататынымызды білсек те, түсінгіміз келмейді. Қоңырау шалғанда, телефонын көтермесе, ашуға булығып, сүйіктімізбен санасудан бас тартамыз. Бұл ісімізді "оған қамқорлық танытып жатырмын" деп ақтап алғымыз келеді. Осы дұрыс па?
2. Құрбымызбен телефон арқылы сағаттап сөйлесуді ұнатамыз. Сүйіктіміз жанымызда отырғанда, құрбымызбен әр нәрсені бір айтып, телефонмен сөйлесеміз. Бұл қылығымыз ер адамды ренжітеді. Өйткені еркектер үнемі назарда болғанды қатты жақсы көреді.
3. Біз сүйіктіміздің ата-анасын, бауырлары мен достарын әңгіме қылып, керек болса, кемшіліктерін айтудан да тартынбаймыз. Әдетте ер адам ұзақ уақыт бойы шыдап, ұсақ-түйек әңгімеге мән бермеуге тырысады. Бірақ жанына жақын жандар туралы айтқан сөзіміз жүрегіне ауыр тиетіні сөзсіз. Егер ол біздің ата-анамыз туралы жағымсыз пікір айтса ше?
4. Біз көп жылаймыз. Басында көз жасымыз жылт еткенде жаны шығып кете жаздайтын еркек бара-бара еті өліп, кейін тіпті мән бермейтін күйге жетеді. Өйткені жылай берсе, көз жасынан да мән қалмайды. Сондықтан "қаруды" орнымен қолданған дұрыс.
5. Оның алдында көп мақтанамыз. Кез келген жетістігіміз үшін кеуде керіп, еркектен асып түскіміз келеді. Әсіресе қазақ жігіттері жүріс-тұрысы туралы айтуға сараң келеді. Оны да жұмысында әріптестері мақтаған шығар? Кез келген сөзді ол әйеліне айтып келе бермейді. Сондықтан "мен мықтымын, мен сенен гөрі табыстымын" деп мақтану орынсыз.
6. Оны билегіміз келеді. "Былай істе, олай істеме" деп тіке айтатындай ол кішкентай бала емес. Біз сүйіктімізді уайымдағандықтан, көбіне оған бұйрық беріп тұрғанымызды да байқамай қаламыз. Кез келген жөні түзу еркектің алдына қойған нақты жоспары болады. Әйел еркекті емес, еркек әйелді өрге сүйреуі керек.
7. Оның әңгімесін тыңдағымыз келмейді. Біз ер адамға күннің қалай өткенін бүге-шігесіне дейін айтуды ұнатамыз. Ол әдетте үндемей тыңдайды. Ал еркек өзінің әңгімесін айта бастаса ше? Мойындайықшы, көбіне жалығып кетіп, тыңдағымыз да келмейді. Оның орнына өзіміз туралы айтқанды жақсы көреміз. Бұл нағыз өзімшілдік емей, немене?