- Негізгі бет
- Психология
- Әйелді өзгерткен үш...
Әйелді өзгерткен үш кітап
Ештеңеге көңілі толмайтын қыңыр әйел болыпты. Ол өз-өзін, өмірін жек көріпті. Балаларының бұзықтығы, күйеуінің аз ақша табатыны, жұмысындағы бітпейтін қиындықтар әйелді қатты қалжыратып жіберіпті. Әйел "менің өмірім сондай сұрықсыз, ал басқалар бақытқа бөленіп өмір сүруде" деп ойлап, өз-өзін тұқырта беріпті.
Бір күні әйел көңілі құлазып жұмыстан қайтып келе жатып, сиқырлы кітап сататын адамды жолықтырыпты. Ол кісі әйелге "сиқырлы кітабын" ұсынады. "Әйел бақытының құпиясы" деген жазуды көрген әйел бір сәт ойланып қалады. Сөреде үш кітап тұр еді: "Арыз-шағым кітабы", "Көз жасының кітабы", "Алғыс кітабы". Әйел ойланбастан "Арыз-шағым кітабын" сатып алып, өзіне ұнамайтын нәрселерді жазу үшін үйіне асығады. Түнімен өміріне шағымданған әйел кітапты соңғы бетіне дейін толтырып тастайды.
Таңертең ұйқыдан оянған әйел өмірінің жақсы жаққа өзгергенін күтеді. Бірақ ол балаларының күндегіден де тентек болып, бір-бірімен төбелесіп, күйеуінің әйелін көзіне де ілмей, апыл-ғұпыл жиналып жұмысына кетіп бара жатқанын көреді. Оған қоса басы да көтертпей ауырып жатыр екен. Көңілсіз әйел қабағы түюлі күйі жұмысына кетеді. Жұмыста бастығынан сөгіс алып, әріптестерімен сөзге келіп қалыпты.
Көңілсіз әйел "Осы ма бақытты етем дегені?!" деп енді сиқырлы кітап сатушысына ренжи бастайды. Сөйтіп сатушыға келеді, ол болса, "Енді екі кітап қалды, қалағаныңды таңда" дейді. Әйел "Көз жасы кітабын" таңдап, "бір шерімді тарқатып жылайыншы" деп үйіне кетеді. Үйіне шаршап-шалдығып әрең жеткен әйел кітапты ашып, оқуға асығады.
Кітапты ашып қалғаны сол еді, әйел есінен танып қала жаздайды. Өйткені кітапта бірде-бір сөз жоқ еді! Кинодағыдай өзіне бейтаныс адамдардың өмірі көз алдынан өтіп жатады.
Алдымен әйел жалғыздықтан жапа шеккен адамдарды көреді. Біреуі өмір бойы тұрмыс құра алмаған әйел болса, екіншісі күйеуінен ерте айырылып, жесір қалған жас келіншек... Бұл әйелдер күйеуімен бір күн бірге болу үшін қолындағы бар алтынын беруге дайын еді.
Кітаптың екінші парағынан ана бола алмаған бақытсыз бейбақты көреді. Таусылмайтын көз жасы, тілек-арман, күрделі ота, жанға батқан ауру, түңілу, күту...
Үшінші парақта жазылмайтын дертке шалдыққан адамдардың тағдыры әйелдің көз алдынан өтіп жатады. Біреуі әр тыныстаған сайын жаны қиналса, екіншісі өмірінің соңғы сәтін жақындарымен өткізіп қалуға тырысуда, үшіншісі жақсылықтан күдер үзіп кереуетте сұлқ түсіп жатыр еді...
Қолы дірілдеп, көмейіне өксік тығылған әйел кедей, үй-күйсіз, аш-жалаңаш, өлім аузында жатқан, соғыстың қақ ортасында жүрген адамдарды көрді.
Кітапты жапқан әйел өкіріп жылап жіберді. Жылаған сайын жүрегі тазарып, жақсы нәрсе ойлай бастайды. "Маған көп байлық беріліпті, қалайша қадірін білмегем?!" депті әйел өзіне-өзі.
Таң ата салысымен әйел әлгі сатушыға қайта келіпті. Сатушыдан кешірім сұрап, кетуге ыңғайланғанда, сатушы оған үшінші кітапты ұсыныпты. Бұл – "Алғыс кітабы" еді. Кітапты алған әйел бірінші бетін ашып, оған: "Ең данышпан, ең мейірімді сатушыға өмірімді өзгерткені үшін рақмет айтамын" деп жазыпты. Осылайша жүрегі жылылыққа толып, көңілі алып-ұшқан әйел үйіне келіп, көз жасын сығымдап отырып, "Алғыс кітабын" толтыра беріпті. Ойлап қараса, өмірінің тәтті сәті мен алғыс білдіруге тұратын адамдар шексіз көп екен.
Таңертең ұйқысынан оянған әйел сықылықтап күлген балалары мен жанары нұрға толған күйеуін көреді. Күйеуі мен балалары әйелді құшақтап, бетінен сүйіп, жақсы тілектерін айта бастаған сәтте әйел де жылдар бойғы мұң-қайғысын, өкпе-ренішін артқа тастап, өмірін жаңа парақтан бастағандай күй кешіпті.
Міне, әйел бақыты дегеніміз – осы. Өміріңізге риза болмай, өзіңізді, айналаңызды жек көрсеңіз, жүрегіңіз де тыныш болмайды. Ал жақсы сөз бен алғысты қаншалықты жиі айтсаңыз, өміріңіз тыныштыққа, бақытқа, сәттілікке толады.
Р. Роза