Әйел заты ер адамның алдында өзін жақсы көрсетемін деп түрлі айла-шарғы жасауы мүмкін. Бірақ соның ішінде екі тарапқа да айдан анық көрініп тұратын, жасанды нәрсе екені бесенеден белгілі нәрселер бар.
«Рақмет, тойып тұрмын!»
Бұл енді әлі тұрмысқа шықпаған қыздардың айтатын сөзі екені түсінікті. Әсіресе алғашқы кездесуде жігітпен мейрамханаға барған қыз ас мәзірін он аудара оқып, қандай тағамға тапсырыс берерін білмей, ақыры бір салатпен ғана шектеледі. Бірі салауатты өмір салтын ұстанатын, мүсінін қалыпты ұстайтын адам ретінде көрінгісі келсе, енді бірі жаңа кездескен жігіттің қалтасына салмақ салмайын деп алаңдайды. Алайда бұл екі себеп те адамның шынайы бейнесіне жат екенін барлығы біледі. Екінші, үшінші кездесу сайын осы әрекет қайталан берсе, одан кез келген адам жалығады. Ішкі ойыңызды жасырмаңыз.
«Иә, дұрыс, не десең де келісемін!»
Бір қарағанда бұл әбден дұрыс көрінеді, яғни ер адам қантты қара десе де келісіп, бас шұлғай беру керек деп біздің санамызға сіңіріп тастаған. Бірақ дұрыс емес екенін ол да, сен де біле тұра өтірік көлгірсудің қажеті қанша?! Иә, әйел адам ер азаматтан бір саты төмен тұрады. Бірақ ол не десе де келісіп, айтқанына көніп, айдағанына жүру емес. Басыбайлы құлы боп кеткісі келмесе, әйе адам азаматына бағына отырып, өзін де ұмытпауы тиіс. Арманын, мақсатын, қызығушылығын махаббаттың жолында құрбан қылу жарамас. Бүйте берсе, өзгеге де, өзіне де түк қызықсыз боп қалады.
«Жанымнан жырақтамашы!»
Екі адам бір-бірін қанша жерден өліп-өшіп сүйетін болса да, олардың арасында қандай да бір қашықтық болуы керек. Екі жарты бір бүтін боп бас қосқаннан кейін бір-біріне жабысып өмір сүру керек деген сөз емес. Қайта екеуі сағынысып қауышатындай алшақтық сақтап тұрғаны абзал. Демалысты достарымен бірге уақыт өткізгісі келсе, «Мен ше? Жалғыз қыдыруды жақсы көресің бе? Жаныңда жүрсем аранасың ба?» деген секілді ақылға сыймайтын сөзбен ер адамның басын қатырмай, оған еркіндік беріңіз. Өзіңізге де оңаша уақыт арнап, бала арманыңызды еске түсіріп, медитация секілді әрекеттер жасауға уақыт арнаңыз.