Нәзіктікті әркім әрқалай түсінеді. Әдемі, көркіне көз тоймайтын аруды көріп ойымызға «ол неге жалғыз?» деген сұрақ келеді. Қанша жерден әдемі болса да, мінезі жаман болуы мүмкін.
Нәзіктіктің деңгейі бола ма?
1. Физикалық деңгей
2. Эмоционалды деңгей
3. Ақыл деңгейі
4. Рухани деңгей
Бұл жолы біз ақыл деңгейі туралы сөз қозғаймыз.
3. Ақыл деңгейіндегі нәзіктік.
Нәзіктік пен ақыл үйлесімді ме? Ер адамдардың «әйелге ақылды болудың қажеті жоқ» деген пікірін жиі естиміз. Яғни, әйел адам ас үйде тамақ жасап, үй жинап, көр нәрсеге араласпай, өз пікірін білдірмей жүруі керек деп ойлайды.
Нәзіктік даналықпен үйлесімді жұп құрауы керек. Осы қасиет әйел адамды «нағыз әйел» деген атқа жақындата түседі. Яғни оның білімі қолданбалы болып келетіндіктен, ол қай кезде не айтып, не істеу керектігін біледі.
♥ Жақсы қылықтар. «Нағыз әйел» өзін қоғам ортасында ұстай біледі. Ол дегеніміз - өзге кейіпке еніп, жасандылыққа бой алдыру деген сөз емес. Бар болғаны ол - адамдарға қажетсіз сұрақтар қоймай, орынды кешірім сұрай білетін, өзін әдепті ұстайтын әйел адамның қылығын жасау.
♥ Жарын тыңдайды. Ол ең алдымен, әкесін, күйеуін, содан соң үлкен ұлын тыңдай біледі. Оларға сенеді және жауапкершілікті арта алады. Шешім шығару мүмкіндігін ер адамдарға береді.
♥ Сөйлеу мәнері. Оның сөздік қоры мол. Ол сөйлегенде кез келген адам құлақ түріп, тамсана тыңдайды. Артық, ауыр сөздер айтпайды.
♥ Сөз таластырмайды. Дауласудың түбі шындыққа апармайды, керісінше, қарым-қатынасты бұзып, адамдар арасындағы сүйіспеншілікті түбегейлі жояды. Дауласудың мәні де жоқ. Оған уақыт құртып, жүйке тоздырудың қажеті жоқ.
♥ Мақтанбайды. Ол өзінің ақылымен, даналығымен мақтанбайды. Білім-білігін орнымен пайдаланады.
♥ Өзгенің көзін ашуға тырмыспайды. Адамдарды болмысымен қабылдай білу керек. Әрине, мүмкін ол адам шындықты көрмей, қате бір жолды таңдады. Алайда, егер ол сіздің көмегіңізді қаламаса, шешімін сыйлап, артқа шегінуіңіз керек.
♥ Даму үстінде болады. Әйел адам нәзік болмысына тән сұлулық, әсемдік, үй жайлылығы, шығармашылық, жанұя тыныштығы сияқты мәселелерде өзінің рөлін, өзінің үлесін нығайтып, дамытуыға тырысады.
♥ Өмір ережелері. Ол ата-анасынан көргенін бойына жинап, есте сақтауға тырысады. Өмір сүру ережелерін танып, қалай өмір сүру керектігін білуге ұмтылады. Бұған орай психологтар көптеген пайдалы кітаптар жазып жүр.
♥ Ешқашан тоқтамайды. Ішкі дамуын ешқашан тоқтатпай, жақсаруға, дамуға ұмтылатын әйел бақытты болмауы мүмкін емес.
Рухани нәзіктік туралы кезекті материалымыздан оқи аласыздар.
Сурет: ©Рамиль Магдеев
Оқи отырыңыз:
Әйел адамға тән нәзіктік: физикалық деңгей
Әйел адамға тән нәзіктік: эмоционалды деңгей
"Жеңілмес мықты қаруың сенің – нәзіктік"
"Жеңілмес мықты қаруың сенің – нәзіктік" #2