- Негізгі бет
- Психология
- Аяулым, сен бақытты...
Аяулым, сен бақытты болуға лайықсың
Бүгінгі таңда көп қыз кешегі Қыз Жібек пен Баян сұлудай биязылық пен батылдықты қатар алып жүруді жөн көреді десем, қателесетінім анық. Өйткені, біз олардың заманында өмір сүріп жатқан жоқпыз. Анам үнемі «Одри Хепберн өмір сүрген заман - ең жеңіл кезең» еді дейді. Біз аналарымыз секілді әпкелерімізбен бас қосып, көзімізден еріксіз жас шығаратын фильмдер көрмейміз. Қырға шығып, әсем гүлдер теретін заман да артта қалды. Алайда айналамыздағы "Blackberry" мен мини белдемшелер кербездік, әсемдік ұғымдарын еш уақытта алмастыра алмайды. Олар біздің өмірге деген көзқарасымызды, ішкі жан-дүниемізді өзгертпеуі тиіс. ХХІ ғасыр жігіттерінің қыз баласының болмысына жеңілтектік пен ақылсыздықты балайтыны да жасырын емес. Сол себепті, ақылына көркі сай, талғаммен киіне білетін, табысты "It қыздың" образын қалыптастырғанымыз өзімізге пайдалы. «Бұл қолымыздан келе ме?» деп сұрауыңыз мүмкін. Мен тек «Ия!» деп жауап қайырамын.
Менің анам – өте сұлу, дана, қалжыңбас әйел. Үнемі өзі білгенін бізге үйретіп отырады. Әпкем екеуімізбен құны өтелмес тәжірибесімен бөліседі. «Оқыс оқиға болып, ауруханаға алып барғанда ұялмас үшін үнемі таза киініп жүріңдер» сынды әзіл-қалжың аралас кеңестер айтады.
«Ақымақ қыздарды» әрқайсымыз өмірімізде бір рет болсын кездестіргеніміз анық. Ашық-шашық киімімен кезекте алдымызда тұрады, автобуста жанжал шығарады, көк тайғақ мұзда биік өкшелі аяқ киім, суық ауа райында қысқа белдемше киеді, сұлу жігітті көре салысымен онымен сөйлесу үшін түрлі айла-тәсіл пайдаланады. Еш нәрсеге көңілі толмайтындығын көрсету арқылы көпшіліктің назарын өзіне аударуды ұнатады. Неге? Себебі, ақылды, кербез, нәзік бойжеткендер туралы көп естімейміз. Оларды жаңалықтан көру мүмкіндігі бұйыра бермейді. Шетелдік жұлдыздардан мысал келтірсек, үнемі көгілдір экраннан Пэрис Хилтонның тағы бір мәрте ойға сыймайтын әрекет жасағаны, Бритни Спирстің жындыханаға түскені туралы ақпараттар аламыз. Осы орайда менің пікіріммен келісесіздер деген үміттемін. Мұндай қыздар біздерге үлгі бола алмайды. Әрине осы әрекеттері арқылы журналистердің нан табуына көмектесіп жүргендері анық. Алайда бұдан өзге қоғамға тигізер пайдасы жоқ.
Өз өмірізді ретке келтіруден гөрі көршіміздің тұрмыс-тіршілігін бақылауға құмар келеміз. «Бәленшенің қызы...» деп басталған әңгімеге құлақ түріп, қызыға отырып тыңдаймыз. Мұндайда тосылудың өзі қиын екенін білемін. Алайда It қыздың образын қалыптастырғымыз келсе, өсек сөзге құмарлықтан бас тартуымыз керек.
Көп қыздың сырт келбеті мен мінезін Ерболат Құдайбергенов өз өлеңінде айтып өткен болатын. Ақымақ қыздар туралы ойлаған кезде үнемі сол өлеңнің мына бір үзіндісін еске аламын:
Мода, мода, мода деп,
Бір қыз кетіп барады.
Аяғына кигені,
Тұмсығындай қарғаның.
Құлағына ілгені,
Дөңгелегі арбаның...
Шындығында көп мүмкіндікті жіберіп алып жатырмыз. Осыдан 100 жыл бұрын өмір сүрген әйелдер қазір бізге рұқсат берілген дүниелер үшін өмірін қиюға әзір болатын. Бірақ сайлауда дауыс беруге, докторлық диссертация қорғауға немесе волонтер болып жұмыс істеп, балалар үйіне қол ұшымызды созуға біздің қолымыз тимейді. Мұның орнына телефонымыздан бас алмай, әңгіме-дүкен құруға құмар келеміз. Фейсбук, вконтакте, инстаграм сынды желілерге жаңа сурет енгізумен күніміз өтеді.
Нэнси Олкорнның тағдырдың тәлкегіне салынған әйелдерге қамқор болып, баспанамен қамтамасыз ететін халықаралық ұйымы туралы естіп көрдіңіз бе? Бір сәтке осы туралы ойланып көріңізші. Ал Forbes журналының зерттеуі бойынша, ең үздік 100 әйелдің қатарына кіретін Кэтлин Блэк туралы ше? Ол - америкалық журналдың ең алғашқы ханшайымы. Бұдан өзге экологиялық Ciel маркалы киімдер шығарған Сара Рэттиді де үлгі тұтуға болады.
Әрбір қазақ қызы бақытты болуға лайық. Аяулы сіңілім, біз өзіңді жақсы көреміз. Еліміздің ертеңі, еріміздің тірегі болу бір өзіңнің қолыңда екенін бір сәтке де жадыңнан шығарма!
Жалғасы бар...
Сурет: Евгения Горобец, Балтабек Кожанов, Любовь Харламова, Макс Галаев
Қ. Бүйенбай