Аяулым, сен бақытты болуға лайықсың #2

Басы

Анашым «Адамды оқитын кітаптары мен қоршаған ортасы арқылы тануға болады» деп үнемі айтып отырады. Мұны әдетте маған бағыттап айтады. Әнші әрі ақын Сьюзан Вега «Меніңше, адамдар стильді киініп, қалжыңдай білген кезде, ақылды ой айтып, мейірімділік танытқанда, өзінің жеке пікірін білдіріп, мінезін көрсеткен кезде тартымдырақ көрінеді» деген екен. Ал талантты актриса Лорен Грэм өмірдегі ең басты нәрсе болашақты болжау екенін айтады. Іштей өзімізді қайталанбас тұлғамыз деп ойласақ та, біз секілділердің миллион екені рас. Сол миллионнан ерекшеленетін уақытымыз да келген сияқты...

Дәл қазір Одри Хепберн өмір сүрген заман емес екенін алдыңғы жазбамда айтқан болатынмын. Етегі жерге төгілген әдемі көйлек кию, сөз саптау, сыпайы мінез таныту сынды мәдениеттілік сонау замандарда қалып қойғаны рас. Сұлулыққа таңдана қарап, талғампаздыққа ұмтылуға қарағанда, кей қыз болашағын танымалдылықпен байланыстырып, ашық-шашық киінуді жөн көреді. Армандарын жүзеге асырудың орнына көп жұмыс істейді. Артынша өмірінің көп бөлігін бос сөз бен ұйқыға арнайды. Бар арманы - киноға түсіп, сәнбике болу...

Әйгілі продюсер Джулия Лейферман сұхбаттарының бірінде: «Егер Одри Хепберн вагон ішінде үш ай уақыт тұрақтап, жер бетіндегі 99,9 адамға қарағанда талантты бола білсе, қашан болсын камераның алдында өз өнерін паш етуге дайын болса... Мен мұндай жұлдыздардың алдында басымды иемін. Оған деген ерекше құрметімді жасыра алмаймын. Өйткені, ол әр кезде өз саласының мықты маманы екенін дәлелдеп, сценарийді жатқа біліп тұрады. Бүгінгі әртістер нағыз жұлдыз болғылары келсе, «Одри Хепберннің мектебіне» барғандары жөн» деп айтқан болатын. Неге үнемі Одри Хепбернді мысалға алады деп ойлайтын шығарсыз. Өмірде алғашқы баспалдақта еліктеуге болады. Өз заманында биязылығымен, нәзіктігімен, ақылымен сұлу бұл болған Одриден үйренеріміз көп. 

Қыз баланың тәрбиесінде ата-ана үлкен рөл ойнайды. Себебі, бойжеткендер бозбалаларға қарағанда тілалғыш келеді. Баласын тәрбиелеуге уақыт бөлейін десе, жұмыстан қолы тимейтін аналар бар. Мұнымен қатар, ана рөлін жалған сомдаушылар да жоқ емес. Әрине бұл сөзіммен ешкімге тіл тигізгім келмейді. Әйткенмен ана көрген жанның тон пішері анық. Ал пішкен тоны келте болса, бар айып ұстазда болғаны. Қазақ әйелін жаман сөзге қимайтындықтан, шетелдіктерден мысал келтірейін. Мысалы, бір кездері Бритни Спирстің анасы Линнің ата-аналарға кеңес ретінде жазылған кітабын шығаруға тыйым салынған еді. Линдси Лоханның анасы Динамен де осындай жағдай болған. Ішімдік ішу, темекі тарту сынды зиянды әдеттерге қарағанда құрдастарымыздың бізге әсері басымырақ болады. Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады десек те, адамды қоршаған ортасы тәрбиелеп отырады. Осы секілді тәрбиемізге әсер етуші факторлар өте көп. Нақты қай жерде қателескенімізді білмеуіміз мүмкін, алайда бұл қатені түзетуге еш уақытта кеш емес.

Маңдай теріміздің арқасында көп жетістікке қол жеткізе аламыз. Қазіргі қазақ киноларында көріп жүрген қазақ қыздарының образын қайта қалыптастыруымызға болады. Түнге дейін жалғасатын кештерді қызықты жұмыспен алмастыра аламыз. Ол – биязы мінез, ерекше талғам, сыпайылық, ақылдың көріктілігі. Көп ұзамай газет беттерінде «Әйелдер ісік ауруының емін тапты», «Бойжеткендер бизнес саласында басымдылық танытуда», «Классика қайтадан сәнге оралды», «Елбасы … ханымға тағы бір мәрте Нобель сыйлығы берілді» секілді тақырыптар көруіміз де ғажап емес.

Жігіт қауымының қыз баласына ақылсыздықты балайтыны жасырын емес. Олар әйелге мойнына артылған жүктің әлдеқайда ауыр екенін де ескере бермейді. Жас бойжеткендерден бүгінгі таңда үлкен жетістіктер күтпейді. Ал арасынан бірі суырылып шықса, оның күнге айналып, өзгелерді көлеңкесінде қалдырары хақ.

"It қыздың" образын  қалыптастыру оңай емес. Ол үшін бар күш–жігерімізді жинап, батыл бола білуіміз керек. Мұның барлығы не үшін деп сұрайтын шығарсыз? Себебі, көп адам игі істер жасай бермейді. Олар ешбір пайдасыз жұмыс істеуге, қайтарымы жоқ жақсылық жасауға дағдыланбаған. Өзіне деген сый–құрметті сақтап қалу үшін табысты болғысы келетін жандар аз. Бізден күткенге қарағанда көп іс тындырсақ, өзге жұрттан артылатынымыз да анық.

Әрбір қазақ қызы бақытты болуға лайық. Аяулы сіңілім, біз өзіңді жақсы көреміз. Еліміздің ертеңі, еріміздің тірегі болу бір өзіңнің қолыңда екенін бір сәтке де жадыңнан шығарма!

Жалғасы бар...

Сурет: Илья Алешковский, Денис Корякин, Любовь Харламова, Юлия Торопова