Автопортреттен өзіңізді таныңыз

Бірінші өз суретіңізді салып алыңыз, кейін төмендегі тұжырымдаманы оқыңыз.

Сурет салу – адамның мінезін, көңіл-күйін,өзгелерден ерекшелігін анықтай алатын шығармашылық жұмыс. Бір адам әртүрлі жаста, әртүрлі көңіл-күйде, әртүрлі ортада жүріп бір суретті салса да, түрліше мән-мағына білдіреді. Салынған сурет арқылы психологиялық диагностика жасау психологияда жобалық диагностика деп аталады. Бұл диагностика адамның ішкі дүниесін, мінезі мен жеке қасиеттерін көрсете алады.

Мысалы, адам өзінің суретін сала отырып, өзі туралы ақпартты біле алады. Бұл әдісті «Автопортрет» деп атайды.

Сіздердің назарларыңызға америкалық зерттеуші Р.Бернстің тұжырымдамасы бойынша суреттің оқылуын ұсынамыз. Ол үшін сіз әуелі өз суретіңізді салып алыңыз немесе сіз танығыңыз келетін адамға автопортретін салуын сұраңыз. Топпен, жалғыз, отбасымен бірге салсаңыздар да – өз қиял-еріктеріңіз.

Бас

Суреттегі адамның басы үлкен болса, зияткерлік қабілеттің мол екенін немесе керісінше, өз біліміне көңілі толмайтындығын білдіреді. Ал кішкентай бас зияткерлік қабілетке аса мән бермеуді немесе әлеуметтік жағдайға бас қатырмайтындығын білдіреді.

Көз

Үлкен көз көңілдегі күдікті білдіреді, сонымен қатар сол адамның қоғамның пікіріне тәуелді екендігінен хабар береді. Кішкентай көз кез келген істегі сенімділікті, ал жұмулы көздер адамның тұйықтығын білдірсе керек.

Құлақ пен мұрын

Өзін үлкен құлақпен бейнелеген адамның сынға сезімталдықпен қарайтынын білуге болады. Ал мұрны бет-әлпетінен көзге ерекшелене көрінсе, жыныстық мәселе барын білдіреді. Ал аса үлкен танау адамның ашуға бейім екендігінен хабар береді.

Ауыз

Егер ауыз бет-әлпетте ерекшеленіп көрінсе, бұл адамның сөйлеуінде ақау барын білдіреді. Бұл тілдегі ғана кемістік емес, сөзге шорқақтау деген мағына беруі мүмкін. Ал егер мүлдем ауыз салынбаса, адамның күйзелістен шыға алмай жүргендігін білдіреді.

Қол

Қол – адамның қоғаммен және әлеммен байланысын білдіретін басты символ. Егер суретте адам қолын қаусырып тұрса, бұл – қаталдықтың, тұйықтықтың, талапшылдықтың белгісі. Ал адам қолын жай бос қойса, оның өмірде де жұмыссыз жүргендігін білдіреді. Кішкентай қолдар – сенімсіздіктің белгісі. Ал ұзын әрі үлкен қолдар, керісінше, күш пен ірілікті білдіреді. Ал қысқа қолдар – жауапсыздықтың белгісі.

Аяқ

Егер адам аяғын үлкен етіп бейнелесе, қауіпсіздіктің белгісін білдіргені.  Ұзын аяқ тәуелсіз болуға деген ниетті білдіреді. Ал егер аяқ мүлдем суреттелмесе, сурет авторы өз ойына тұрақсыз деп білерсіз.

Сурет түріне қарай сараптама

Сызба сурет. Өзін сызбамен бейнелеген адам – зияткерлік қоры көп, басты детальдарды назарда ұстайтын адам.

Шынайы сурет. Бетінің әр әжіміне дейін суреттеген адам өте шыншыл әрі әр нәрсеге түсініктеме сұрайтын адам.

Метафора-сурет. Адам өзін адам бейнесінде емес, өзге жануардың немесе жаңбырдың, фильм не кітап кейіпкеріне ұқсатып салады. Бұл – сыни ойлау қабілеті басым, көркемдікке жақын, шығармашылық жұмыспен айналысатын адам. Мұндай адам әзілге де жақын болады.

Тек өзі ғана емес. Егер адам өзін әсем табиғаттың ортасында немесе басқа да заттардың жанында бейнелесе, көпшілік ортаға бейімделгісі келетінін білдіреді.

Эмоционалды сурет. Егер адам өзін белгілі бір көңіл-күйде бейнелесе, сезімталдықтың белгісі деп біліңіз. Бірақ есіңізде болсын, егер адам күліп тұрса, оның жаны, керісінше, құлазып жүр дегенді білдіреді.

Артқа қарап тұрған сурет. Адам бетінің орнына желкесі суреттелсе, өзін көрсеткісі келмейтінін, өзі туралы еш жерде жарияланғанын қаламайтынын білдіреді.