Арман – адамды алға жетелейтін құдірет. Күнде таң сібірлеп атқанда, аялы арманымыз алыстан сағым боп қол бұлғайды. Өзіне шақырады. Аяқтан тұрғызып, күш береді.
Арманның шегі де, шеті де жоқ. Оның бір ұшы мамандыққа келіп тіреледі. Таңдаған мамандығың өмірлік серік болып, сені не өсіреді, не өшіреді.
Мектеп, аурухана, шағын кітапхана, шаң басқан көше мен кең даладан басқа ештеңесі жоқ ауылда бал шағы өтіп жатқан балалар не жайында армандайды екен? Болашақта кім болғысы келеді?
Біз бұл сұрақты шалғай жатқан Батыс Қазақстан облысы, Бөкей Ордасы ауданы, Ұялы ауылының балақайларына қойып көрдік.
Аян, 9 жаста:
– Мен өскенде бизнесмен болғым келеді. Ол мамандық маған ұнайды. Ақшаны көп тауып, Қазақстанға да, әлемге де өз пайдамды тигізсем деймін. Бизнесмен болсам, зәулім үй салар едім. Өскенде бас қаламыз Астанада тұрғым келеді.
Армат, 8 жаста:
– Мен өскенде полиция болғым келеді. Ол тәртібі нашар адамдарды ұстап алып, елдің тыныштығын күзетеді. Бейбіт өмірді қорғайды. Болашақта Астанада өмір сүргім келеді.
Өмірбек, 13 жаста:
– Мен өскенде шопыр (жүргізуші) боламын. Ол адамдарды барғысы келген жеріне жеткізіп, көп алғыс алады. Біздің ауылдан қалаға дейін жету өте қиын. Сол қиындықты жүргізуші өз мойнына алады. Өскенде ауылым Ұялыда тұрғым келеді. Осы ауылды көркейтіп, көріктендірсем деймін. Маған өз ауылым ұнайды.
Үлбір, 10 жаста:
– Өскенде математика пәнінің мұғалімі боламын. Ол оқушыларға тәлім-тәрбие, білім береді. Кез келген адам мұғалім алдынан шығады. Болашақта Астана қаласында тұруды армандаймын. Ол жақта Бәйтерек бар.
Міне, ауыл балаларының арманы алысты көздейді. Бір рет болсын көзбен көрмеген Астанаға болашақтарын байлаған. Жүрек түкпірлеріне аялы арманын салып алып, арман жетегінде тірлік кешуде.
Арман алдамайды...
Автор: Мейіргүл Оңғарова
Сурет: Мейіргүл Оңғарова