- Негізгі бет
- Психология
- Аурудан айығудың жолдары...
Аурудан айығудың жолдары
Жадырап жаз келіп, жұрттың көбі көптен күткен еңбек демалысына шығып, тынығу үшін қалаған жағына аттанып жатқанда сіз ауырып қалып, аурухананың табалдырығын тоздырып жүрсіз бе? Әрине, өкінішті жағдай. Дәрігерлерге барып, нақты диагноз қойып, емделген өте дұрыс, әйткенмен психологтар осы ауруға алып келген себептерді іздеп табуға кеңес береді.
Себебі маманның жазып берген дәрілерін ішіп, дертіңізден айыққандай болғаныңызбен, белгілі бір уақыттан кейін әлгі ауру қайтадан біліне бастайды, кейде созылмалы түріне ұласады.
Мамандар асқазан, жүрек, ентікпе, тағы басқа күнделікті жиі кездесетін ауруларды да, сондай-ақ онкологиялық дерттерді де психосоматикалық, яғни, жүйке-дене ауруларына жатқызады. Адам денесі мен жүйкесін бір-бірімен байланысты зерттеген жөн деп санайды.
Сондықтан мінез-құлқыңыздың жағымсыз жақтарын саралаңыз, мысалы, ашушаңдық, күйгелектік, кінәмшілдік, т.б. Енді өзіңіздің қандай болғыңыз келетінін ойластырыңыз.
Мінез-құлқыңыздың қай жағын өзгерткіңіз келеді?
Жаныңыздағылармен тіл табысуға жүріс-тұрысыңыздағы не нәрсе кедергі келтіріп жүр (ескеретін бір жайт, егер менің мінезім тамаша, жұрттікі нашар десеңіз, еш нәтижеге жете алмайсыз)?
Мүмкін осы ауру сізге кейбір жайттардан құтылуға көмектесетін шығар (психологтар мұны «аурудың адамға тиімділігі» деп атайды)?
Мысалы, үйде:
Сіз жиі ауыратындықтан, отбасындағылар сізге көбірек көңіл бөледі, тағамның тәттісін ұсынады, үйдегі шаруадан босатады, т.с.с.
Жұмыста:
Әріптестеріңіз сізбен әзілдесуге жасқанады, жиі шүйіркелеспейді, жұмыстың жеңілдеуін беруге тырысады, т.с.с. Алайда уақыт өте келе жұрттың бәрі, тіпті ата-анаңыз да үнемі қас-қабағыңызға қарап, көңіліңізді аулаудан жалығуы мүмкін. Сондықтан осы жайттарды басқаша шешудің жолдарын қарастырып көріңіз.
Өз-өзіңізді елестетіп, ойша сырттан бақылаңыз. Сізді сиқыршы өзгертіп жіберді. Сіз енді ештеңеден қорықпайсыз, жұмыстағы ең қиын істерді оп-оңай атқарасыз, әріптестеріңіз сізге дән риза, жалақыңыз жоғары, отбасындағылар бұдан былай сізге мүсіркеп қарамайды, т.с.с. Аурушаңдық мүлде ұмытылды.
Қалай? Сізге ұнай ма? Ендеше осы образға біржола кіріңіз. Сәттілік тілейміз!
Ф. Абилова