Аудиал, визуал, кинестетик. Сіз қай топқа жатасыз?

Адамдарды ақпаратты қалай қабылдайтынына байланысты 3 топқа жіктеуге болады. Олар - аудиал, визуал, кинестетик. Өзіміз туралы жақсы білу үшін олардың әрқайсысын жеке талдайық. 

Аудиалдар 

Аудиалдар ақпаратты есту мүшесі арқылы қабылдайды. Бұл өте сирек кездесетін жандар. Олардың есте сақтау қабілеті мен есту мүмкіндігі өте жақсы дамыған. Және әңгімелесушісімен міндетті түрде бетпе-бет жүздесуді қажетсінбейді. Сөйлеген сайын жадырай түседі. Сіздің айтып бергеніңізді сөзбе сөз қайталап беру мүмкіндігі де бар.

Еш уақытта олардың сөзін бөлуге болмайды. Бөлген жағдайда сізбен екінші рет сөйлеспей қояды. Сырт көзге аудиалдар қырсық, еш өзгермейтін адам болып көрінуі мүмкін. Бірақ бұл жалған ақпарат, себебі аудиалдар өте мейірімді келеді. Кез келген уақытта тыңдап, кеңесін айтады.

Аудиалдар әлемі музыка мен ырғақтан, мелодиядан тұрады. Оған барлық тақырып қызықты. Адамдармен сөйлесу үшін себеп іздейді. Аудиалдардан тамаша дәріскер, музыкант және психолог шығады.

Орындыққа түзу, аз алдыға еңкейіңкіреп отырады. Терең тыныс алып үйренгендіктен, кеуде жасушалары жақсы дамыған.

Әрі бұл типке жататын адамдар белгілі бір аспапқа икемді болады. Оларға сүйікті әндері жазылған диск немесе сүйікті әншісінің әнжинағын, MP3-плеер әперіп немесе караокеге апарсаңыз, сізге алғыстан өзге айтары болмайды. Оған қоса, шытырман оқиғаға толы кітап берсеңіз, қуанары сөзсіз.

Жиі айтатын сөздері:

- менің не айтатынымды тыңдаңызшы,

- сіздің даусыңызды естігенім үшін қуаныштымын,

- бұл дыбыс менің жыныма тиеді,

- былайынша жаман ұсыныс емес,

- ол бұл сөзімен не айтқысы келді екен.

Диалог кезінде әңгімелесушісінің аузына құлағын тосады. Аудиал досыңызды қуантқыңыз келсе, тыңдайтын жақсы әуендер сыйлаңыз.

Визуалдар

Визуалдар айналасында жүзеге асып жатқан құбылыстарға терең үңіліп, ақпаратты көздері арқылы қабылдайды.

Олар көз алдына картинаны елестетіп, оны сипаттап бере алады. Әңгімені де жақсы айтады. Визуалды жүйенің арқасында шексіз армандап, жаңа дүниелерді ойлап табуға болады. Олар барлығын да өте жақсы ұйымдастырады. Қызметкерлер арасында жұмысты теңдей бөледі. Визуалдарға бір нәрсені түсіндіру үшін сурет, графика, кесте ұсынған абзал. Осылайша ақпаратты жылдам әрі жақсы түсінеді. Олар ара-қашықтық пен заттың қай жерде тұрғанын қолы арқылы көрсетеді.

Оларға дауыс көтеріп, «жоқ» деген сөзді айтуға болмайды.

Визуалдар үшін барлығының әдемі болуы маңызды. Үстіне ыңғайсыз болса да, көпшіліктің көңілінен шығатын киім киюді ұнатады. Бұл үнемі осылай жасайды деген сөз емес. Бар болғаны адамның сыртқы көрінісін жақсы бағалайтындығы. Мұнымен қатар визуалдарды жуылмаған, мыжылған киімде көруіңіз мүмкін емес. Визуалдар үшін көз бен құлақ бір мүше. Дауыстары жарқын, көзқарастары айқын болады.

Әңгіме барысында визуалдар көзге қарайды және қарсы алдында отырған адамнан соны талап етеді. Визуалдар денесіне өзге біреудің қолы тигенін, құшақтағанын ұнатпайды. Кейде сабақ айтып тұрып төбеге қарауы мүмкін.

Бұл типке жататын адамдар табиғаттың, комикстің суретін салады немесе қиялына ерік береді. Олар –шығармашылықтың, өнердің адамы. Оларға сурет құралдарын, кино көретін үлкен экран, фотоаппарат, видеокамера берсеңіз болады.

Ерекшелігі:

- мүсіні арық,

- бойын тік ұстайды,

- ерні жіңішке,

- даусы жарқын шығады.

Әңгімелесушісін көретіндей дистанцияда тұрады.

Жиі айтатын сөздері:

- мен көріп тұрмын,

- анаған қарашы,

- мына жерден жақсы көрінеді,

- өзіңіз көріп тұрғаныңыздай.

Визуалдар көргенін есте сақтайды.

Кинестетиктер

Кинестетиктер қоршаған ортаны ерекше сезініп, ақпаратты қимыл-қозғалыс, құшақтау арқылы қабылдайды. Олар еш уақытта сезімін жасыра алмайды. Қойылған сұраққа қысқа да, нұсқа жауап береді.

Шешімді сезімдеріне сүйене отырып қабылдайды

Кинестетиктер ыңғайсыз киімді мүлдем кимейді, барынша жайлылықты, тақырыптарды қызу талқылайтын пікір-таластарды ұнатады. Әңгіме барысында қолыңыздан ұстап, жағдайыңызды сұрайды. Жанында тұратын адамға өте жақын тұрады.

Жан дүниесіне тек «таңдаулы» адамдарды ғана кіргізеді. Кез келген нәрсені қолмен ұстап, иісін иіскеп, қозғалтып барып таниды.

Жоғарыда айтылғандар кинестетиктер қозғалғыш адам екенін емес, ақпаратты қабылдау объектісі – дене екенін білдіреді.

Бір нәрсені өздері жасап көрмейінше, түсінбейді. Жоспар, арман, мақсат сынды сөздерді мүлдем ойға алмайды. Олар үшін тек сезім маңызды рөл ойнайды.

Бұл типке жататын адамдарға хош иісті майшамдар, сазбалшықтан, қолдан жасалған бұйымдарды сыйлаған дұрыс. Массаж, шаш сәндеу, фитнес залына алып барсаңыз да болады.

Жиі айтатын сөздері:

- қарым-қатынасқа түсу,

- мен сеземін,

- бір нәрсені ұстап алу,

- қол ұстасып,

- өзіңді бақылау,

- сабыр сақтаңыз,

- біз мәселенің шешімін табуға аз қалдық.

Ал сіз өзіңізді қай топқа жатқызасыз?